Әрбір дельфинге туа салысымен ат қойылады. Әрбір бала дельфин өзінің атын білдіретін ысқырыққа жауап береді. Дельфиндер бейбіт өмір сүреді, бір-бірімен сөйлеседі және ешқашан ұрыспайды, төбелеспейді. Олар ешқашан өз туыстарына қастық жасамайды, қызғанышты білмейді және ешқашан өз түрінің өмірін қимайды. Адамдарға үлгі боларлық-ақ жануар.
Дельфиндер балаларына ат қояды, бір-біріне қастық жасамайды
Бала дельфин анасымен бірге. Фото hi-news.ru сайтынан алынды
2,865
оқылды

Дельфиндер – адамдардан кейін планетадағы ең ақылды сүтқоректілер деп саналады. Осы жануарлардың тұмсығындағы кішкентай шұңқырлардың құпиясы туралы newatlas.com сайтында қызықты мақала жарияланды. Осы материалға сүйенген Aikyn.kz дельфиндердің қоршаған әлемді қабылдауында кішкентай шұңқырлар қандай рөл атқаратынын түсіндіреді.

Фото School of Information сайтынан алынды. Авторы. Student Work

Дельфиндердің ақылды екен туралы гипотеза ХХ ғасырда ғана ғылыми түрде расталды. Швейцария институтының профессоры Портман өзінің зерттеулерінде дельфиндер интеллект жағынан адамдардан сәл ғана төмен екенін анықтаған. Ғалым адамның ақыл-ойын 214 ұпаймен, дельфинді 195 ұпаймен бағалаған. Салыстырмалы түрде маймылдар небәрі 64 ұпай жинаған. 

Дельфиннің миы құрылымдық күрделілігі жағынан адам миынан еш кем түспейді. Магнитті-резонансты томографта зерттегенде адаммен салыстырғанда дельфиннің миының иірімдері мен жүйке ұштары екі есе көп екені дәлелденген. Бүкіл әлем ғалымдарының назарын дельфиндердің ерекше интеллектісіне аударған нәрсе, ең алдымен, олардың миының көлемі.

Дельфиндердің тұмсығындағы кішкентай шұңқырлар бір кездері қалдық мүшелер (рудимент) деп есептелсе, соңғы зерттеулер шұңқырлар дельфиндердің әлемді қабылдауының маңызды бөлігі екенін көрсетті. Жаңа зерттеулер дельфиндердің кішкентай кезінде жұқа мұрттары шығатын жерде ол өскен сайын дамитын керемет гидролокациялық жүйе пайда болатынын көрсетті. Бұл шұңқырларда орналасқан сезім мүшелері дельфиндерге бағытынан адаспауға, тамақ көздерін табуға көмектеседі екен.

Фото daroo.by сайтынан алынды

Дельфиндердің эхолокация деп аталатын қашықтық пен түрлі заттарды анықтау қабілеті жануарлар әлемінде өте аңызға айналған. Бұл қабілеттің дәлдігі соншалық олар тығыздығына байланысты гольф добы мен үстел теннисі добын су астында дәл ажырата алады.

Сондай-ақ олардың бірден екі бағытта көруге мүмкіндік беретін көздері бар; паразиттер мен қоршаулардан қорғайтын бактерияға қарсы гель бөлетін терісі; сағатына 30 шақырым жылдамдықпен жүзуге мүмкіндік беретін қуаты бар және олар демалу үшін бір уақытта миының жартысын «өшіріп» қояды. 

2019 жылғы зерттеу олардың антибиотиктерге төзімді бактериялардан қорғайтын супериммундық жүйесі бар екенін көрсетті. Германиядағы University of Rostock (UR) ғалымдарының жаңа зерттеулері дельфиндердің қабілеттерінің тізіміне тағы бір таңғаларлық мүмкіндікті қосты: олар әлсіз электр өрістерін сезетін болып шықты.

Фото hi-news.ru сайтынан алынды

UR ғылыми зертханасының екі зерттеушісі жас дельфиндердің туа біткен жұқа мұрттарын жоғалтқаннан кейін қалған шағын шұңқырларды мұқият зерттеген.

Олар бұл шұңқырлардың акулаларға электр өрістерін анықтауға мүмкіндік беретін құрылымдарға ұқсайтынын түсініп, дельфиндерде мұндай қабілет бар екенін білу үшін арнайы зерттеу жасады.

Нюрнберг хайуанаттар бағында олар екі дельфинге бассейнге батырылған металл таяқшаға жақтарын тіреуді үйретті. Содан кейін олар тұмсықтарының үстінен электр тогы пайда болғанын сезгенде, оларға жүзуді үйретті. Бір дельфин 5,5 микровольт/см шамасындағы сигналдарды анықтай алды, ал екіншісі одан да сезімтал болып шықты, 2,4 микровольт/см шамасындағы токтарды анықтады. Бір микровольт вольттың миллионнан біріне тең.

Фото journals.biologists.com сайтынан алынды. Авторы: Tim Hüttner

Зерттеушілер электр тогын тұрақты емес, импульс түрінде бергенде дельфиндердің сезімталдығы тіпті күшейетінін анықтады. Олардың айтуынша, бұл сигналдар дельфиндер аулайтын балықтар шығаратын әлсіз және айнымалы электр өрісіне көбірек ұқсайды.

«Әлсіз электр өрістеріне сезімталдық дельфиндерге бірнеше сантиметр жердегі шөгіндіде жасырынған балықты іздеуге көмектеседі», – дейді зерттеудің бірлескен авторы Гвидо Денхардт. Бұл 70 см қашықтықтағы балықтардың электр өрістерін сезіп қоятын акулалардағы қабілеттен біршама өзгеше.

Сондай-ақ зерттеушілер электрорецепция деп аталатын қабілет дельфиндерге Жердің магнит өрісін пайдаланып, мұхиттарды шарлауға көмектесуі мүмкін және жануарлардың жағаға кездейсоқ шығып қалулары Жердің магнит өрісіндегі ауытқулармен байланысты болуы мүмкін деп санайды. Олардың зерттеулері Journal of Experimental Biology журналында жарияланған.

Фото hi-news.ru сайтынан алынды

Дельфиндер туралы қызықты ақпараттар

Әрбір дельфинге туа салысымен ат қойылады. Әрбір бала дельфин өзінің атын білдіретін ысқырыққа жауап береді. Дельфиндер сөйлеу арқылы қарым-қатынас жасайтын жалғыз жануарлар.

Дельфиндер бір-бірімен әртүрлі тондар мен жиіліктегі дыбыстармен «сөйлеседі». 

Әр топтың әрбір мүшесінің өзіндік дыбысы бар, аты бар. Мысалы, косатка немесе кит жақындағанда дельфиндер әртүрлі дыбыстар шығарады. Бұл ақылды жануарлар қарапайым дыбыстарды күрделі комбинацияларға және тіпті сөйлемдерге біріктіре алады. Адамға түсініксіз болғанымен, бұл сөйлесудің нағыз анық түрі.

Дельфиндер 10-нан 150-ге дейін бірігіп топтасады.

Дельфиндер бейбіт өмір сүреді, бір-бірімен ешқашан ұрыспайды немесе төбелеспейді. Топтың тәжірибелі көшбасшысы болады, оларға жас жануарлар қарсы шықпайды. 

Фото thehitchhikersguidetothegalaxy.fandom.com сайтынан алынды

Адамдардан айырмашылығы, дельфиндер ешқашан өз туыстарына қастық жасамайды, қызғанышты білмейді және ешқашан өз түрінің өмірін қимайды. 

Дельфиндердің ең жойқын қаруы – тұмсықтары, оның соққысымен тіпті акуланы да мұхиттың түбіне жібере алады. Бірақ дельфин тұмсығын тек бейбіт мақсатта пайдаланады, адамның қолына мұрнымен сүйкенеді немесе допты қағып ойнады.

Дельфиндер адамға өте ұқсас – олар да жылы қанды, 4 камералы жүрегі, өкпесі, миы адамдікімен бірдей, тіпті бойлары да 2 метрге дейін жетеді. Дельфиндер әртүрлі балықтар мен кальмар түрлерімен қоректенеді. Олардың тістері мен жақтары шайнауға арналмаған, сондықтан дельфиндер балықты тұтастай жұтады. 

Дельфиндер тек су астында және 15 минут қана ұйықтайды, бірақ олар күніне бірнеше рет ұйықтап алады. Осы сүйкімді жануарлар өздерін айнадан тани алады.

Бүгінгі әлемнің адамдарына көп үлгі болатын жануар!