Щучинск қаласында іске қосылғанына екі апта болмаған жаңа су құбыры жарылып, 100-ден астам тұрғын сусыз қалды, – деп хабарлайды Аikyn.kz тілшісі.
Щучинск қаласында екі апта бұрын жөнделген су құбыры жарылды
Фото: aktobetimes.kz
749
оқылды

Инфрақұрылым мәселесімен Заречный шағынауданының тұрғындары жергілікті билікке көптен бері шағымданып келеді. Өйткені  жолдар жаңбыр болса батпаққа айналатын әрі ойлы-шұңқырдан адам түгіл көлік жүре алмайды.

Басқа да әлеуметтік мәселелер көптен бері шешімін таппаған. Жуырда 24 қараша күні шағынауданға жаңадан су құбыры тартылған еді. Алайда  тұрғындардың қуанышы ұзаққа созылмады. Салынғанына екі апта болмаған су құбыры жарылды. 

Аталған апат құрылыстың сапасыз салынғанына байланысты болды. Жаңадан салынған диаметрі 75 мм су құбыры желісінің 2 линия көшесінде екі жерден құбыр жарылды. «Бурабай су арнасы» коммуналдық кәсіпорны апат болған учаскедегі су құбырын ажыратты. Салдарынан жалпы саны 200 абонент,  оның ішінде су құбыры тартылған 40 абонент судан ажыратылды. Аталған су құбырын қалпына келтіруді «Бурабай ауданының құрылыс бөлімі» мердігерлік ұйымымен жүргізіледі. Су құбырының қашан қалпына келтірілетінін білмеймін. Су құбырындағы апатты жойғаннан кейін ажыратылған құбыр желісі учаскесіне сумен қамту қалпына келтірілетін болады,  дейді «Бурабай су арнасы» коммуналдық кәсіпорнының инженері Николай Юрьевич. 

Жергілікті аудан әкімдігіне қарасты құрылыс бөлімінің басшысы Бейбітжан Молдаханов су құбыры жарылуының бірнеше себебі болуы мүмкіндігі қарастырылып жатқанын атады. Айтуынша, 28 шақырымға созылып жатқан су құбырында кез келген оқыс жағдай болуы әбден мүмкін. Судан ажыратылған абоненттердің саны бойынша да құрылыс бөлімі мен коммуналдық кәсіпорынның мәліметтері   екі түрлі болып шықты. 

Щучинск қаласы  Заречный шағынауданындағы 738 тұрғын үй учаскесі салынатын жерге су құбырын тарту 2020 жылы басталған. Жалпы сомасы 425 миллион 587 мың теңге қаражат бөлінген. Дегенмен қаржы көлемінің сол жылы тек 182 миллион теңгесі, 2021 жылы 144 миллион теңге және қалған бөлігі 2022 жылы бөлінді. Жалпы, ұзындығы 28,3 шақырым су құбыры тартылған. 150 үйде су бар. Апаттың себебі белгісіз. Мердігер компания үш жыл мерзімде кепілдік мерзімде тегін қалпына келтіруге міндетті. Қазіргі уақытта мердігер ұйымға жағдай түсіндіріліп, қалпына келтіру қажеттігін айтып хабарластық. Мердігер ұйым жөндеуден жалтарып отырған жоқ. Дәл қазір тек үш үй ғана судан ажыратылған. 1-2 күн ішінде жөнделіп, су қосылуы тиіс,  дейді Бурабай ауданы құрылыс бөлімінің басшысы Бейбітжан Молдаханов. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы