Қазақстан 90%-дан астам мөлшерде іргелес мемлекеттердің суларына тәуелді.
Алдағы 15 жылда Қазақстан өте ауқымды су тапшылығын бастан кешіреді – Сергей Пономарев
1,179
оқылды

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Сергей Пономарев су ресурстарын пайдалану мен басқарудың тиімділігін жақсарту мәселесін көтерді. Аталған мәселе бойынша "AMANAT" партиясы фракциясының мүшелері атынан Әлихан Смайыловтың атына сауал жолдады.

Депутат, БҰҰ болжамынша, алдағы 15 жылда Қазақстан өте ауқымды су тапшылығын бастан кешіретінін айтты. Ал 2050 жылға қарай су тапшылығы 3 есе артып, ЖІӨ деңгейі 10%-ға төмендейді, осылайша, Орталық Азия аймағында су тапшылығына байланысты соғыс болуы мүмкін деген болжамдарға да тоқталды.

"AMANAT" партиясы 2026 жылға қарай ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз етуге міндеттенді. Біз осы бағытта белсенді жұмыс атқаратын боламыз. Бірақ, егер суды қазіргідей өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы мақсатында жөнсіз қолданылуын реттемесек ешқандай нәтиже болмайды. Ал Үкімет тарапынан белсенділік төмен. Сәйкесінше, бизнесті прогрессивті су үнемдеу технологияларын белсенді енгізуге ынталандыратын тиімді экономикалық тетіктер де жоқ.

Сонымен қатар ол Еуропадағы жоғары технологиялық тазарту қондырғыларына өту арқылы бес рет ішілетін Рейн өзенін мысалға келтірді. Ал бізде керісінше өзендер суларының тек 3%-ы қайта пайдаланылады. Мысалы, Алматы ЖЭО-2-ге таза тау суы бар метрлік екі құбыр кіреді, ол қала тұрғындарын жылыту мақсатында ғана пайдаланылып, кейін кәріз құдығына құйылады.

Тағы бір мысал: Алматы облысының алма өсірушілері тамшылатып суарумен заманауи технологиялар бойынша бақ өсіреді, әр жұтымды үнемдейді. Ал соның жанындағы оң және сол жағындағы жүгері ескі әдіспен, яғни, үлкен арықтармен суарылады", – деп атап өтті ол.

Сергей Пономаревтің айтуынша, Қазақстан 90%-дан астам мөлшерде іргелес мемлекеттердің суларына тәуелді. Ал 2030 жылға қарай іргелес өзендердің ағыны 11%-ға қысқарады. Бұл дегеніміз Балқаш көлінің көлеміндей судың жоғалуына тең.

Worldometers деректері бойынша жан басына шаққандағы суды тұтыну бойынша Қазақстан әлемде 11-орында, ал, мысалы, мұзды әрі тұщы суға бай Исландия 34-орында. 

"Еуропалықтар біздің көлікті ауыз сумен жуатынымызды көргенде есінен танып қалатын шығар. Бізден басқа бәрі бұл әрекетімізге таңғалады. Президент су тұтыну мәдениетін қалыптастыру мақсатында суды нормадан тыс тұтынатындарға жоғары тариф енгізу міндетін қойды. Бұл дұрыс шешім. Суды белгіленген мөлшерден көп пайдаланғандар көбірек төлеуі орынды. Сонымен қатар, азаматтық қоғамның бей-жай қарамайтын өкілдерін, еріктілерді ауыз суды үнемдеу және ел азаматтарында жауапты су тұтынуды қалыптастыру бойынша жаппай түсіндіру жұмыстарына қосылуға шақырамын.  Егер қазір су ресурстарын үнемдеумен айналыспасақ, онда біз балаларымыз бен немерелерімізді сусыз қалдырамыз", – деді Сергей Пономарев.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде AMANAT партиясы фракциясының депутаттары мынадай ұсыныстар әзірледі:

Бірінші. Үкіметке және жоғары аудиторлық палатаға жақын пленарлық отырыстардың бірінде су үнемдеудің тиімділігі туралы баяндалсын.

Екінші. Қысқа мерзімде аграршылар мен өнеркәсіп иелерін прогрессивті су үнемдеу технологияларын енгізуге, су шығынын азайтуға, еріген су мен тасқын суды тиімді пайдалануға, суды үнемдеудің нақты тетіктерін әзірлеуге ынталандыратын бас құжат – Су кодексінің жобасын дайындау. 

Үшінші. Ауыл шаруашылығы министрлігі су шығыны көп дақылдарды өсірудің ылғал үнемдейтін технологияларын өндіріске жедел енгізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін.