6 миллионға жуық қазақ­стан­дықтың банктерде өтелмеген несиелері бар екен. Бұған қоса, Қазақстан­ның 1 миллионнан астам азаматы микроқаржы ұйым­­дарында несиелендіріліпті.
PIN-код немесе құпия сөзіңізге сақтықпен қараңыз...
© коллаж: Елдар ҚАБА
1,403
оқылды

Қолжетімді несиелер, қаржы ұйымдарының жоғары пайы­зы, бастысы, қаржылық са­уат­ты­лық­­тың төмен деңгейі – халық­тың қарыздарын жыл сайын арттырады. Сондықтан әрбір қазақстандықтың қар­жылық са­уат­ты болуы маңыз­ды. 

Қазақстандағы қаржылық білім 4,1 деңгейінде бағаланды

Қаржылық сауаттылықты арттыру­дың 2020-2024 жылдарға арналған тұжы­рымдамасында ЭЫДҰ-ның соңғы зерт­теу­лерінің нәтижелері бойынша дамыған елдердің қаржылық сауаттылығының орташа деңгейі ықтимал 21 балдың 14,1 балын құраса, орташа әлемдік деңгей – 13,7. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш – 13,1, бұл орташа әлемдік мәннен айтар­лықтай төмен, бірақ бұл көрсеткіш 11,9 құ­райтын Еуразия елдеріндегі көрсет­кіштен жоғары болып тұр. ЭЫДҰ Қазақ­стандағы қаржылық білімді 4,1 дең­гейінде деп бағалады. 

Қалай болғанда да елімізде бұл та­қырып өзектілігін жоймай отыр. Тұрғындардың басым бөлігі оңды-солды несие алуға, оңай олжаға кенеле салғысы келіп, қаржылық пирамидаға кіруге құмбыл. Одан бөлек, алаяқтарға алданып қалушылар да көп. 

Халқының саны 2 миллионнан аса­тын Түркістан облысы тұрғындары­ның 80 пайызы ауыл аймақта тұрады. Осынау ауыл тұрғындары бүгінде қо­ғамы­мызға дендеп енген электронды ақша аударым жайына келгенде де кібіртіктеп қала­тыны бар. Қанша деген­мен қаладағыдай қайнаған тіршіліктің ортасында жүрме­ген­діктен әбден үйренгенше электронды ақша аударымға қатысты мәселенің туындайтыны заңды да. Дегенмен оны уақыт көтермейді. Кез келген тауар аларда төлемді аударым жасау арқылы өтегеннің ыңғайлы еке­ніне бәріміздің күн сайын көзіміз жетіп келеді. 

Өкінішке қарай, бұл алаяқтар үшін мол табысқа кенелудің ең тиімді тәсілі болып тұр. Олар көбіне ақпараттық технологияны жіті біле бермейтін, смартфонның сырын ұқпайтын зейнет жасындағыларды құрығына түсіріп, олардың есепшоттарындағы ақшасын әп-сәтте қолды ете бастады. Айталық, егде жастағы ақсақалға оның немересінің атынан қоңырау шалып, бір мәселеге тап болғанын айтып, тез арада әлдебір нөмірге ақша аудару керектігін жеткізеді. Қариялар мәселенің байыбына барып жатпай, әлгі алаяқтың сөзіне сеніп, «не де болса, балам қиындықтан шықса болды» деген оймен ақшаны ойланбастан аудара салады. 

Қазір «әлеуметтік сауалнама жүргізіп жатырмыз» деп қоңырау шалып, алдай­тын алаяқтар да аз емес. Құқық қорғау­шылар сауалнамадағы сұрақтардың аса күрделі болмайтынын айтады. Мәселен, «сіз ұнататын автокөлік маркасы», «қан­дай киім брендін ұнатасыз?» деген сын­ды көп ойланбай жауап беретін сұрақ­тарды қояды. Содан кейін Сізді сауал­намаға қатысқаныңыз үшін арнайы сыйақымен марапатталғаныңызды мә­лім­деп, құттықтайды. Әрине, ол сом­маны алуыңыз үшін банкке алдын ала комиссиялық төлемді төлеп, белгілі бір нөмірге чекті жіберуіңіз керегін ес­кер­теді. Егер де осылай еткен болсаңыз, онда алаяқтарға жем болдым дей беріңіз. Мұндай жағдайда сіз транзакцияның күшін жоя алмайсыз. Өйткені алаяқтар біздің елімізден ғана емес, шетелдерден де шығып тұрған болуы мүмкін. 

Арзан бағада үй алып беруді ұсынғандардан абай болған ләзім

Тағы бір мысал келтіре кетейік, сізге белгілі бір қоғамдық ұйымның қыз­мет­кері болып хабарласып, нарық бағасынан әлдеқайда арзан бағада үй немесе көлік сатып алуға болатынын жеткізеді. Және ол үшін белгілі бір шотқа ақша аудару керектігін айтады. Егер де қайырым­дылық­қа алдын ала ақша аударып, нарық­тан арзан бағада үй немесе көлік алуға ниеттенген болсаңыз, онда алаяқ­тарға ақша аударғаныңызды біліңіз. Құқық қорғаушылар оларды әшкерелеу оңай емес екенін айтады. Өйткені мұн­дай қайырымдылық қорда жұмыс істей­тін адамдар заңды түрде жұ­мыс жасайтын қайырымдылық ұйымы­ның атын жамы­лып, өздерін шетелдік инвестициялық компанияның өкілі деп та­ныс­тырады. Ал ақша аударуға келгенде адамдарға алаяқтық шотын береді. 

Айталық, жақында Түлкібас аудан­дық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, алаяқтың құрбаны болғанын жеткізді. Өзінің қаржы мәселесіне кел­ген­де шорқақтығын айтып өкінеді. Жәбірленуші қыздың айтуынша, белгісіз біреу «В контакте» әлеуметтік желісі арқылы 200 000 теңге қаражатын сенімі­не кіріп, жымқырып кеткен. Аталған факті ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді. Орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні ұстау мақ­сатында тәжірбиелі полицейлерден жедел тергеу тобы құрылып, шұғыл әрекет етті. Барлық қажетті шараларды іске асырып, нәтижесінде күдіктінің жеке басын анықтады. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.

Анықталғандай, күдікті ер адам «тө­мен пайызбен ақша аударып беремін» деп жалған жарнама жасаған. Яғни, жәбірленуші қыз жарнамада көрсетілген нөмірге хабарласып, мобильді қосым­шасы арқылы ақша аударым жасауға келісетінін айтқан. Сол кезде күдікті арам ойын жүзеге асырып, түскен ақша­ны өз есепшотына аударып алған. Бүгін­де кінәсін мойындаған ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүр­гізілуде.

Қаржылық сауаттылықты арттырсаңыз, ұтылмайсыз! 

Осындай жағдайға тап болмауыңыз үшін алдымен өзіңіздің дербес дерек­теріңізге сақ болыңыз! Ұялы телефон арқылы байланыс орнатқан операторға еш уақытта өзіңіздің жеке басыңызды куәландыратын құжаттағы және банк картаңыздағы нөмірлерді айтпаңыз. Одан соң мобильді қосымшаларда сенімді құпия сөзді пайдаланыңыз және оны қауіпсіз байланыс арнасы арқылы жіберуді ұмытпаңыз. Сонымен қатар құпия сөздерді үнемі өзгертіп отырыңыз, туған күніңізді немесе атыңызды PIN-код немесе құпия сөз ретінде пайдалан­бағаныңыз дұрыс. Дербес компьютерде құпия сөзді автоматты түрде толтыру немесе есте сақтау параметрлерін өші­ріңіз, сондай-ақ деректерді жалпыға ор­тақ компьютерлерде сақтамауға тыры­сыңыз. Сосын электрон­дық поштаңызды да қорғауды үйреніңіз. Мәселен, ком­пью­терден алшақ кетуіңіз қажет болса, жүйеден шығыңыз. Құрыл­ғыңызды қоғамдық орындарда қараусыз қалдыр­маңыз. 

Тауарлар мен қызметтерге төлем жасау үшін электрондық аударымдарды пайдаланбаңыз. Қолма-қол ақшамен жасалған төлемдер сияқты электрондық аударымдарды даулау немесе қайтару барынша қиынға түседі. Егер сіз тауарды интернет арқылы сатып алған болсаңыз, төлемді кредиттік немесе дебеттік картамен жасауға тырысыңыз.

Егер де жоғарыда айтылған жағдай­ларға тап болсаңыз, бірінші кезекте ау­да­рым жасайтын банкіңізге немесе компанияңызға дереу хабарласуыңыз қажет. Оларға бұл оқиға туралы айтып, ақша қаражатымен жасалатын транзак­цияны тоқтату мүмкіндігі туралы нақты­лап біліңіз. Бұзылған шоттарды міндетті түрде бұғаттаңыз, құпиясөздердің бар­лы­ғын, оның ішінде әлеуметтік желі­лердегі есептік жазбалардың құпиясөз­дерін ауыстырыңыз. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы