Қала басшысы Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында осы бағыттағы жоспарлармен бөлісті.
Шымкентте жолдар жөнделіп жатыр
670
оқылды

Шымкентте көлік инфрақұрылымын дамытуда айналма жолды шеңберлеу және магистралды жолдардың өткізу қабілетін арттыру маңызды болып тұр. Осы орайда бірқатар ірі жоба  іске асып жатыр. Қала басшысы Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында осы бағыттағы жоспарлармен бөлісті, –  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Мәселен, Ташкент- Алматы-Түркістан бағыттарын қала орталығымен байланыстыратын Қонаев даңғылының жалғасы, А-2 автомобиль жолын қайта құру, Оңтүстік және Шығыс айналма жолдарының құрылыстары жүргізіліп жатыр. Биыл 232 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жоспарланып, 10 айда 210 шақырым  жол пайдалануға берілді. Нәтижесінде, сапалы жолдардың үлесі 71%-ға жеткен.

«Дегенмен бұл салада өзекті мәселе бар. Мәселен, шет аумақтарда 1 мыңнан аса шақырым жол асфальтталмаған. Биылдан бастап топырақ жолға заманауи технологияларды қолданып, ресайклинг тәсілімен жол жабыны төселуде. Бұл тәсіл оң нәтижесін берді. Өзекті мәселені ескеріп, келер жылы жолдарды күтіп ұстауға бөлінген қаржы көлемін едәуір ұлғайтып, көзделген бюджетті 10 есеге көтеріп отырмыз, – деді Ғ.Сыздықбеков.  

Осының есебінен ұзақ жылдан бері келе жатқан топырақ жолдар мәселесі шешімін табатын болады. Одан бөлек, қаладағы көлік ағымын реттеп, кептелісті азайту мақсатында 150 қиылыстағы бағдаршам заманауи интеллектуалды жүйеге қосылады.