Өзінің уәдесінде тұрған Google компаниясы жаңа Gemini жасанды интеллектін жасап шығарды. Сынақта ол 57 ғылыми бағыт бойынша сол саланың мамандарынан да асып түсетін қабілет көрсеткен. Бұған қуанамыз ба, әлде қорқамыз ба?
Адам, қорықпайсың ба? Сенен асып түсетін жасанды интеллект жасалды
Адам, менен қорықпайсың ба? Фото yourstory.com сайтынан алынды
2,767
оқылды

Google өзінің таңғажайып Gemini атты ЖИ жүйесін таныстырды. Gemini-дің «ақылы» ChatGPT-4-тен де, мықты сарапшылардан да озық екені дәлелденген. Ақылды машина туралы newatlas.com сайтында жарияланған шолудың негізінде Aikyn.kz өзінің сараптамасын ұсынады.

Фото editorialge.com сайтынан алынды

2022 жылдың қарашасында әлемді таңғалдырған OpenAI компаниясының GPT-4 жасанды интеллекті бүгінге дейін ең мықты ақылды машина саналып келді. Енді ол көшбасшының орнын суреттерді, видео мен дыбысты, сондай-ақ мәтін мен кодты адамнан да жақсы түсінетін Gemini-ге беруге мәжбүр.

Gemini ағылшыннан егіздер деген ұғымды білдіреді. Google өзінің жасанды интеллект жүйесі кіммен егіз екенін (адамның интелектуалды егізі дегенді меңзеп тұрған болар!) ашып айтпаса да уақыт өте келе ақылды машина басқа да сезімдерді дамытады деп сендіруде. 

MMLU (Multi-Tasking Language Understanding) сынағы бойынша 90,0% ұпай жинаған Gemini білімді меңгеру тапсырмалары мен әртүрлі проблемаларды шешу бойынша мықты адам сарапшылардан (олардың MMLU деңгейі 89,8%), сондай-ақ GPT-4 (MMLU деңгейі 86,4%) асып түсетін алғашқы үлгі болды. Жаңа жүйенің озық нәтиже көрсеткен салаларына математика, физика, тарих, құқық, медицина және этика сияқты 57 ғылыми бағыт жатады. 

Фото Google сайтынан алынды

Gemini мультимодальды негізде үйретілген, яғни оны оқытқан кезде мәтіннен басқа үлкен көлемдегі медианы да қамтитын деректер базасы қолданылған.

Демек, ол мәтіндерді қалай жақсы сараптаса, видео мен аудионы «түсіну» жағынан да сондай керемет қабілеттерге ие.

Басқа тіл үлгілері видео мен кескіндерді қарау кезінде мәтіндік тұрғыдан «ойлауға» бейім болғанымен, Gemini бастапқы видео, аудио және сурет көздерінің барлық үні мен нюанстарын жақсы түсінеді.

Төмендегі видеода мультимодальды Gemini-дің шын мәніндегі мүмкіндіктері көрсетілген.

Мультимодальдылық Gemini-дің жалғыз ғажайып қабілеті емес. GPT-4 сияқты Gemini де жан-жақты машина. Төмендегі бейнеде Deepmind ғалымдары Gemini 200 000 ғылыми зерттеуді өз бетінше оқып түсіну өзіне қажетті кодты қалай жасайтынын көрсетеді. Машина оларды өзектілігі бойынша сұрыптайды, өзінің ойлау мүмкіндіктерін пайдаланады, содан кейін деректерді салыстырады және жаңаша ой-тұжырымдар жасай алады.

Ғалымдар бұл сараптаманы машина түскі үзіліс кезінде қысқа уақыттың ішінде жасап бергенін және бұның үлкен деректер жиынтығын зерттеуді қажет ететін заң, құқықтану сияқты салаларға жақын арада әсер ететінін айтады.

Кодтау туралы айтатын болсақ, Gemini Python, Java, C++ және Go бағдарламаларын жақсы біледі. Шынында да, Gemini қазірдің өзінде веб-сайттар жасап, олардың кодтарын қолданушының сұранысына, жұмыс ерекшеліктеріне байланысты пайдалану барысында ұдайы жақсарта алады. 

Оны қолдана отырып Gemini-дің керемет қуатын байқауға болады. Бұл ЖИ жүйесі сіздің қасыңызда отырған, бірақ жүздеген есе жылдам жұмыс істей алатын веб-бағдарлама жасаушыға көбірек ұқсайды. Енді таңғалмай көріңіз!

Кез келген ЖИ құралы сияқты, ол өте интерактивті; егер ол сізге қалаған нәрсені бермесе, сіз оған жай ғана айта аласыз, ол сіздің қалауларыңызға бейімделеді немесе оны орындаудың ең жақсы жолын бірлесіп іздейді.

Google жаңа интеллектуалды жүйесін үш өлшемде шығаруды жоспарлап отыр: Gemini Nano, мобильді құрылғыларға тікелей орналасуға арналған, Gemini Pro, көптеген тапсырмалар үшін негізгі жұмыс күші болатын GPT 3.5-тің баламасы. Және ең үлкен модель Gemini Ultra үлгісі, Google пікірінше, GPT-4-тің өнімділік деңгейінің көпшілігінен оңай асып түседі.

Gemini Ultra қауіпсіздік пен теңестіру мәселелеріне мұқият тексерілгеннен кейін келесі жылы көпшілікке ұсынылады. Міне, сол кезде біз оның GPT-тен қай жерде жоғары екенін және қандай жерде сәйкес келмейтінін түсіне бастаймыз. Сонымен қатар, Gemini Nano қазірдің өзінде Pixel 8 Pro смартфонында қолжетімді және басқаларға таратыла бастайды.

Gemini Pro болса дәл қазір Google Bard қызметі арқылы Google есептік жазбасы бар кез келген адамға тегін қолжетімді. Google жақында оған жаңа мүмкіндіктер қосылатынын айтуда. 

Оны Gmail, Google Drive және Google Docs, сондай-ақ рейс пен қонақүйлерді брондау, Google Maps және YouTube қолданбаларына енгізуге болады.

Бұл қызметтерде ол қолданушымен өзара әрекеттесуге және видеолар туралы сұрақтарға жауап береді.

Адам өміріне сыналап кіріп жатқан жасанды жүйелердің қауіпсіздігі туралы сұрақтар көбейе түсуде.

Машиналардың: «Адам менен қорықпайсың ба?», – деп сұрайтын уақыт та жақындап қалған сияқты.