«Бөлінгенді бөрі жейді» дейді дана қазақ. Қазіргі заманда қасқырдың рөлін олигархтар, алпауыт корпорациялар, банктер және басқасы атқарады.
Class action: алпауыттарды ауыздықтау құралы
888
оқылды

 Олар нарықта ойына келгенін істей алады. Жалғыз-жарым адам оларға қарсы тұра алмайды, содан амалсыз алдағанына көніп, айдағанына жүруге мәжбүр. Ескі Қазақстан азаматтарға бірігіп, бірлесе қорғануға мүмкіндік бер­меді. Жағдай Әділетті Қазақстанда өзгеруі мүмкін.

Бір ғана мысал: Қазақстандағы әуе­­тасымал саласын олигополия жайлағаны мәлім. Шетелдік компа­ниялар кіре алмады, нарықты негізгі екі-үш алпауыт өзара бөлісті. Олар үшін бұрынғы билік ерекше жағ­дайлар түзіп, артықшылықтар, же­­ңілдіктер берді. Соның ішінде «отын алымы» дегенді заңмен бекітіп берді: егер елде әуекеросин мен жанар-жа­­­ғармай қымбаттаса, әуеком­­­па­­­­ния­­­ларға оның шығынын клиент­тері­нен өндіріп алуға рұқсат етті. Яғ­­ни, ол шығындарын билет құнына қосуына болады. 

Заңнама бойынша «отын алымы» тетігі тек әуеотын бағасы көтерілген кезде ғана іске қосылуы тиіс. Алайда дәндеген әуетасымалдаушылары бұл алымды билет құнына тұрақты түрде қосуды жаман әдетке айналдырған. Салдарынан Қазақстан халқы әуе­­­билеттердің тоқтаусыз шарықтап бара жатқанына шағымданумен ке­леді. Айтпақшы, бүгінде Қазақ­­­стан­дағы ұшақ билеттерінің құны – бүкіл посткеңестік кеңістіктегі ең қымбаты. 

Бұл әділетсіздікпен күресу үшін Бә­секелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен Бас прокуратура Air Astana-ға қатысты бірлесіп жүргізген тексеруді аяқтады. Оның қоры­тын­дысында және Алматы қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жө­­ніндегі Мамандандырылған ау­­данара­лық сотының шешімімен Air Astana әуекомпаниясына жанармай алымын негізсіз қолдануда көрсе­­­тіл­­­ген үстем/монополиялық ережені те­ріс пайдаланғаны үшін» 876 мил­­­лион теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.

Себебі ұшақ билеттерін ұшу күні немесе таяу күндерде сатып алғанда Air Astana  жолаушылардың барлық санатынан 3 500-ден 6 500 теңгеге дейін­гі аралықта жанармай алы­­мын негізсіз жинап отырған. Нәти­­­жесінде, отандық алып әуетасы­­­мал­даушы аталған миллиардқа жуық қар­­­жыны ел бюджетіне аударады. Ал алданған жолаушылар құр қалды. Егер елімізде «топтық соттасу» тетігі бол­ғанда, әлгі миллиард тікелей клиенттердің қалтасына түсетін еді. 

Америкада бұл – әділдік пен ауқат тетігі

Алдыңғы қатарлы елдерде топтық тал­ап қою институты бұрыннан жұ­­­мыс істейді. Әсіресе, Америка Құрама Штаттарында жақсы дамыған: оны Сlass action деп атайды. Ол тұтыну­шыларға өз құқықтарын бірлесіп қор­ғауға мүмкіндік береді.

Америкалық заңгер Дэйв Рус жарқын бір мысал келтірді. 2001 жы­лы өз басшыларының алаяқтық істері әшкереленіп, атақты Enron энерге­тикалық корпорациясы күйреп тын­ды. Бұл аса ірі банкроттық оқиғасы ретінде тарихқа енді. Салдарынан оның құнды акцияларына салым сал­ған тек АҚШ-тағы ғана емес, бүкіл әлемдегі қаншама адам жиға­нынан айырылды. 

Не істеуге болады? Соттасқан жөн. Алайда егер сіз «Энрон» акция­­­ларында ондаған мың доллар жоғалт­­қан жеке клиент болсаңыз, сот про­це­сі одан да көп шығын келтіреді. Себебі «Энрон» акционерлерінің «сен тұр, мен атайын» дейтін сайдың тасындай іріктелген азулы адво­­­кат­­тарымен тең жағаласа алуы үшін бі­лікті, мықты қорғаушы жалдауға тура келеді: оның жеңетініне кепіл жоқ. Әрі сот үрдісі ұзақ жылға созылады, жүйке жұқартады. Салдарынан адам­­ның әділдікке деген сенімі сеті­неп, жігері жасиды.

Дәл осы кезде class action көмекке келеді. Ол үшін тағдырлас, мұңдас адамдар жиналып, сотқа жеке-дара емес, топтық талап арыз беруі керек. Сонда олар да ортақ қаржы шығарып, ірі калибрлы адвокатты, тіпті олар­­­дың тобын жалдай алады. Топтық талап қоюларды адвокаттар кеңсе­­­­лері, заңгерлік фирмалар жақсы кө­­ре­­ді, қорғауға ықыласпен-ынтамен келіседі: алатын комиссиясы жоғары.

Сонымен бірге топтық шағым түсі­­­рілгенін естісе, сот процесіне жет­­­­кізбей, алпауыттар алдын ала ке­­лісімге келуге ынтық тұрады. «Эн­­ронға» сеніп, сан соққан амери­­­калықтар 2006 жылы сотқа дейінгі бітім аясында 7,2 миллиард доллар өтемақы ала алды. 

Әйткенмен, сот тарихындағы ең ірі жеңістердің бірі – темекімен бай­­ланысты. Дамыған елдерде шылым­қорлар топтық арыз беріп, мил­­­­лиардт­ап өтемақы алып жүр. Camel, Kool, Winston, Pall Mall сияқты брендтердің иесі R.J. Reynolds Tobac­co да таяуда тізе бүгіп, сот оны Фло­рида штатында Синти Робертсон бас­таған жәбірленушілер тобына миллиард доллар өтемақы төлеуге міндеттеді.

Бұл саладағы атақты хикая «Ингл ісі» деп аталады. 1994 жылдан бері әділ­дік іздеген Флорида тұрғыны Говард Ингл ақыры, 2000 жылы теме­­кінінің пәле (өкпенің қатерлі ісігі) және басқа да қауіпті ауруларға соқ­­тыра­тыны сот арқылы ресми мойын­далуына қол жеткізді. Бұл шешімге Америкада кейінгі барлық сот про­цесінде дау келтіруге жатпайды. Сол жылдар аралығында судья бұл іске class action мәртебесін берді. Соның арқасында оған шылым шегуден жапа шеккен өзге адамдар да қосыла алды. Нәтижесінде, сот темекі өнді­­­рушілерді шағымданушыларға ре­­­кордтық өтемақы – 145 миллиард дол­лар төлеуге міндеттеді. 

Сот шешіміне сәйкес, Philip Morris 73,96 млрд, R.J. Reynolds – 36,28 млрд, Brown & Williamson (British American Tobacco бөлімшесі) – 17,59  млрд, Lorillard Tobacco – 16,25 млрд доллар төлеуге мәжбүрленді.

Ал озық елдерде азаматтардың са­налылығы әрі ауызбіршілігі арқа­­­сын­да мәселен, адам денсау­лығына за­лалды дәрі-дәрмектер үнемі сау­­дадан алып тасталып жатады. Вак­­­цина шығаратын әлемдегі ірі өнді­­­рушінің бірі «Мерк» 2007 жылы 27 000 зардап шегушіге 4,85 миллиард доллар өтем­ақы төледі. Ауырсыну сезімін басатын Vioxx дәрісі денсаулыққа зиян болып шықты.

Виаграға қарсы талап арыздар мың­дап саналады: ол бірқатар пай­­­да­­­ланушыны соқыр ететіні, қатерлі ісік (меланома) туындататыны әшке­­реленді. Қанды сұйытушы Хarelto ішкі қан кетуге соқтыратыны белгілі болды: 25 600 шағым, 775 млн ком­­­­пенсация аударылған. Risperdal пси­­хотропты препараты ұл балаларда омы­­­рауының, сүт безінің өсуіне ық­пал ететіні анықталды: 10 мың талап арыз, 10 млрд доллардан артық өтем­­­ақы берілген.

Алпауыттардың азуын қағатын «қару»

Топтық талап арыз берудің да­­­­мы­ған елдерде қамтымаған саласы жоқ. Еңбек қатынастарынан бастап, әуе­­­компаниялары, азық-түлік өнім­­­дері, әлеуметтік салалар, ақпарат құралда­ры және басқасы болып кете береді. Мысалы, елімізде көрермендер кей­бір отандық арналардың рейтинг кө­­те­­­ру үшін анайы, бейәдеп та­­қы­­­рып­­­тармен шектен тыс әуес­­­те­­ніп, ұлттық рухани құндылықтарға жой­қын соқ­­қы беріп жатқанына ша­­ғымда­­­нады, бірақ қылар қайраны жоқ: оған қарсы топтасып, соттаса алмайды. 

Қазақстанның ұлттық заңнамасы топтық талап қоюды (class action) қа­­рас­тырмайды. Бірақ алдағы жылдары бұл олқылық түзелуі мүмкін. Мем­­­­ле­кет басшысының тапсыр­­­масымен Бә­секелестікті қорғау және дамыту агент­­тігі «Кейбір заңнамалық ак­­­­­тілеріне бәсекелестік мәселелері бо­­йын­ша өзгерістер мен толық­­­тырулар енгізу туралы» заңының жобасын әзірлеп жатыр. 

Агенттік төрағасы Марат Омаров­­тың айтуынша, құжаттың басты бір жаңалығы – Қазақстанда ұжымдық, топтық талап қою институтын ен­­­­гізеді. 

– Қолданыстағы құқықтық жүйе­­­­нің маңызды бір кемшілігі бар: ол бел­­­­­гілі бір компанияның, компа­­­­ния­лар тобының, олигопо­­­лиялардың әре­­кеттерінен зардап шеккен адам­­дардың үлкен тобына шығындарды өндіртудің тиімді тетіктерін бермейді. Тек соңғы 1,5 жылда монополияға қарсы орган 5 миллиард теңгеден ас­там монополиялық кірісті бюджетке қайтаруды қамтамасыз етті. Сонымен қатар қазір соттарда заңсыз табыстың жалпы сомасы 13 миллиард теңгеден асатын істері қаралуда. Бұл – тұты­­­­ну­шылардан заңсыз жиналған қара­­жат, – деп хабарлады антимо­­­нопо­лиялық органның мамандары. Бұл қа­ра­­жаттар тұтынушыларға тиюі мүмкін еді

Парадокс сол, азаматтық заңна­маға сәйкес, өзіне келтірілген залал­­­ды адамдар сот арқылы өз бетінше өн­­діртуге міндетті. Бірақ зардап шек­кендерге талап арыздарын өз бетінше біріктіруге жол бермейді.

«Әдетте доминанттар мен моно­­полистер тарапынан жеке тұлғаға келтірілген залал сомасы салыстыр­­ма­лы түрде аз болып келеді. Мыса­лы, электр, жылу беретін компа­­­ниялар әр­бір абоненттен 3-5 мың тең­ге ар­тық алуы мүмкін. Сол бір­­неше мың теңге үшін тұтыну­­­­шылар сотқа жүгіне бермейді. Алай­да сон­дай шығындар адамдардың кең ау­қымына – бірнеше миллион адамға дейін келтіріледі. Ақыр соңында шы­­ғын сомасы мил­­­­лиард­­таған тең­геге жетеді. Мұның сыртында адам­дардың көпшілігі өзі­не мыңдаған теңге шығын келтіріл­­­­генін білмей жатады. Сот арқылы монополистен, олигарх компа­­­­ния­­­сынан мил­лиард­таған қаржы өндіріп алуға б­о­ла­тынын түсінсе, топтық шағымға адам­дардың өздері қосы­­­лады», – деді агенттік мамандары. 

Олардың байламынша, Қазақ­­­станда Топтық талап қою институ­­­тының болмауы, шын мәнінде, көп­­­теген адамның ірі бизнес бұзған құ­­­­­­қықтарын қалпына келтіріп, қор­ғауды мүмкін емес етті. Бұл ахуал халық алдындағы бизнестің жауап­­­сыздығын тудырды.

Осы проблемаларды топтық талап қою институты жоя алуы мүмкін. 

Қарсылар не дейді?

Ведомствоның түсіндіруінше, бұл институттың теріс жағы да бар. Қа­зақ­­стандық сот Америкадағы сияқ­­­ты әділдік танытып, тұтынушылар жа­ғына шығып, оларға шектен тыс көп өте­мақы тағайындаса, онда оны то­­лық төлей алмаған ірі компания дәрменсіз жағдайға жетуі, ақыры бан­крот болып тынуы мүмкін. Бірақ бұл олардың жауапкершілігін арт­­­тырады, басқасына сабақ болады. 

Әлемде топ болып соттасудың басты екі моделі бар: олар – opt-in не­месе opt-out деп аталады. Қазақ­стан осының екінші үлгісін таңдап отыр. Себебі оның аясында тек сот про­­­це­сіне қатысуға тікелей келісім білдір­­­­гендердің ғана емес, басқа да зардап шегушілердің құқықтары мен мүд­­­­де­лері қорғалады. Соның арқасында бастапқыда соттасудан сырт қалған адамдарға кейін қо­­сы­луға мүмкіндік беріледі.

Мысалы, Нью-Йоркте Uber-дің 96 мың жүргізушісі компания ме­недж­­ментін топ болып сотқа берді. Олар оны еңбек келісімшартын бұз­­­ғаны, табыстан ұсталмауы тиіс бір­­­қатар алым-салықты ұстап келгені үшін айыптады. Бұл топтық шағымға такси жүргізушілері бертінге дейін қосылып, толығумен болды. 

Келесі жылы Қазақстанда да ресей­­­лік Яндекс.Такси агрегаторы өз жүргізушілерінен төл комиссиясы сыртында, мемлекет үшін салық­­­­тарды, зейнетақы жарналарын, мед­­­­сақтандыру жарнасы мен алымдарын ұстай бастайды. Сонда Яндекс.Такси жүргізушілерінің компанияға шағы­мы болса, оны биылғыдай ереуілмен емес, топтық талап қою институты ар­­­­­­­қылы заң аясында шешуге мүм­­­­кіндік алса, құба-құп. 

Антимонополиялық агенттік са­рапшылардың opt-out моделіне қар­сы дәйектемелерін тыңдапты. Оның мәліметінше, бұл модельге қарсы дәйектемелер нақты емес, бұлыңғыр болып келеді: мысалы, құқықтық дәс­түрімізге сәйкес келмейді, әл­дебір «эксцеске» соқтыруы мүмкін дейді. Бизнеске жүктеме түсіреді деген дә­­­­лел де алға тартылыпты. Ал халыққа түскен ауыртпалықты кім ойлайды?

Үкіметтің және Парламенттің бұл заңды құптар-құптамасы әзірге бел­­­­гісіз. Монополияға қарсы ор­­­ганның ұстанымы табанды: АҚШ-та, кейбір Еуропа елдерінде және басқа да бір­­­­қатар мемлекетте қабылданған opt-out моделі заң бұзушы моно­­­­по­листер үшін барынша профи­­­лак­­­­тикалық әсерге ие және зардап шек­­­кендердің ең көп санына шы­­­­­­ғын­­­­­дарды өтеуге мүмкіндік береді. Әрі өндіруге бо­­­латын өтемақысы да молырақ.

Айхан ШӘРІП