Заңгер Айжан Кесебаеваның есімі – бүгінде Түркістан облысы мен Шымкент қаласының тұрғындарына ғана емес, еліміздің бірқатар аумағына танымал. Әлеуметтік желідегі парақшасында халық сұранысындағы заңгерлік кеңестерді айтып, елдің қаржылық сауаттылығын арттыруға едәуір үлес қосып отыр.
Құқықтық көмек сұрайтындар аз емес – Айжан Кесебаева
927
оқылды

«Әділдік жолы» РҚБ Шымкент филиалының басшысы, Шымкент қаласының қоғамдық кеңес мүшесі Айжан Өмірзаққызымен сұхбат құрып, аймақтағы бірқатар өзекті мәселені қозғаған едік.

– Елімізде халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру басым бағыттардың бірі болып отыр. Өзіңіз айтқандай, осынау қаржылық сауаттылықтың кемдігінен халық арасында қаржылық пирамидадан, алаяқтықтан зардап шегіп отырғандар көп. Сіз тек Шымкент қаласының тұрғындарына ғана көмек бересіз бе, әлде көршілес жатқан Түркістан облысы тұрғындары да  кеңес ала ма? 

– Әлеуметтік желіні белсенді жүргізетіндіктен тек Шымкент қаласынан емес, Түркістан облысы аумағынан немесе еліміздің басқа өңірлерінен көмекке жүгінетіндер бар. Негізі, біздің «Әділдік жолы» РҚБ республиканың барлық облыстары мен республикалық маңызы бар қалаларында филиалдары бар. Барлық филиалда білікті мамандар қызмет атқарады. Сондықтан өзекті мәселемен кез келген өңірден жүгінген азаматты сол өңірдің филиалына жолдай аламыз. Бұл өз кезегінде мәселенің толыққанды қаралып, түбегейлі шешілуіне мүмкіндік береді.

Қаржылық, құқықтық сауаттылық мәселесіне келсек, оңтүстік өңір халқының құқықтық сауаттылық деңгейі басқа өңірлермен салыстырғанда төмен деп айтар едім. Мүмкін бұның бір себебі – халықтың тығыздығымен де түсіндірілетін болар. Интернет алаяқтарға алданатын халық саны күннен-күнге артып жатыр. Өкініштісі сол – ол алаяқтардың басым көпшілігін табу мүмкін емес, шетелдік азаматтар. Уақтылы жалақысын ала алмайтын, микроқаржы ұйымдарынан көптеп қарызға белшесінен батқан азаматтар. Айта берсем көп. Сондықтан қазақтілді заңгер әріптестерімді қоғамды бірге құқықтық сауаттандыруға шақырғым келеді. 

– Шымкент қаласында қандай өзекті мәселелер бар?  Өз тарапыңыздан қандай жағдайларға назар аудардыңыз?

 – Шымкент қаласының қоғамдық кеңесіне мүшелікке биыл  маусым айында қабылдандым. Жалпы, қоғам белсендісі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сарапшы  ретінде оған дейін де қаладағы өзекті мәселелерді көтеріп, шешілуіне ат салысып келе жатқан адаммын. Алайда қоғамдық кеңес –дұрыс пайдалана білген адамға жақсы инструмент. Себебі Қоғамдық кеңес мүшесі ретінде, мәселелерді тікелей лауазым­ды тұлғаларға қоюға, қажетті ақпараттарға жылдам қол жеткізуге, кеңес атынан ұсы­ныс­хат жолдай отырып, мәселелердің дұрыс шешімін табуына қол жеткізуге болады. Қоғамдық кеңестің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, заңдылық комиссиясының мүшесімін. Сондықтан ол жақта да негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесіне баса назар аударып жүрмін. 

– «Әділдік жолы» РҚБ Шымкент филиалының басшысы  және әлеуметтік желі белсендісі  ретінде қаламыздағы кейбір олқылықтарды жиі көтеріп жүрсіз. Олардың қатарында Спорт басқармасының заңсыздық­тарын ерекше айтап өттіңіз... Осы және басқа да қандай мәселелерді  көтеріп, оң шешілуіне ықпал еттіңіз?

–«Әділдік жолы» РҚБ Шымкент қаласы филиалы негізгі үш бағытта қызмет атқарады. Біріншісі – халыққа тегін құқықтық көмек көрсету. Заңгер ретінде жеке өзім филиал атынан  216 адамға тегін құқықтық көмек көрсет­тім. Екінші басты бағы­тымыз – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг. Бұл бағыт бойынша қаладағы өзекті мәселелерді көтеріп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтап, оң шешілуіне ықпал етеміз. 2023 жылы атқарған жұ­мысы­мыздың кейбіріне тоқтала кетсем:

Біріншіден, Шым­кент қаласындағы жеке мектептердегі бір мез­­гіл тегін ыстық тамақ­­ты ұйымдастыру үшін Білім басқармасы ешқандай бәсекелес ортасыз, конкурссыз және нормативтік-құқықтық актісіз мемлекет қаражатын тікелей «Төлем» компаниясына беріп отырған. Салдарынан монополияға қарсы агенттік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті тарапынан біздің фактілер расталып, қазір ол ком­паниямен келісімшарт бұзылды. Өздеріңіз білесіздер, ашықтықты қамтамасыз ету үшін Білім басқармасы ол ақшаны қазір тікелей ата-ананың шотына аударып жатыр. 

Екіншіден, Спорт басқармасындағы сатып алуларға қатысты мәселе бойынша, Shymkent Marafon сайысына қатысу үшін әр қатысушы төлем төлейді одан бөлек, қаладағы «сен тұр, мен атайын» деген кәсіпкерлер демеушілік жасайды және одан бөлек, мемлекеттік сатып алу жүргізілген. Мемлекеттік сатып алу порталының деректері бойынша  2018, 2020, 2021 жылдары осы іс-шараны ұйымдастыруға Шымкент қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы «Корпорация Headway incorporated» жауапкершілігі шектеулі серіктес­тігімен жалпы сомасы шамамен 82 000 000 теңгеге келісімшарттар жасаған. Ең таңқаларлығы, барлық сатып алулар ешқандай конкурс өткізбестен тікелей бір көзден жүзеге асырылған! Тағы бір қызықты жайт:  2021 жылы жүгіру марафоны 2021  ж. 10 қазан күні ұйымдастырылған. Ал  Спорт басқармасы Headway incorporated жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 2021 ж.  14-қазан күні келісімшарт жасасқан.

Аудит департаменті біздің анықтаған бұзушылықтардың барлығын (авторлық құқық еместігін және шартқа марафон өткізіп болған соң отырғанын) Аудит барысында анықтап, Спорт басқармасының экс-басшысы Б.Тұманбаевты әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Тағы бір бұзушылық – 2022 ж. мемлекет­тік және бюджеттік қызметшілер арасында спартакиада ұйымдастыру үшін «Иманбай» ЖК-мен келісімшартқа отырады. Бастапқыда 7 миллионға келіскен баға қосымша шарттармен 17 миллионға дейін ұлғайтылған.

Аудит қорытындысымен «Иманбай» ЖК заңсыз артық алған 7,5 миллион теңгені қазынаға қайтарды. 2022 ж. Спорт басқармасы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында Telse ЖШС-мен жаңа ақпараттық жүйе орнату үшін тікелей бір көзден 19 миллион 900 мың теңгеге келісімшартқа отырады. Алайда бұл ақпараттық жүйе іске қосылмайды. Аудит қорытындысы бойынша 2022 жыл бойы бұл ақпараттық жүйе  жұмыс істемеген. Нәтижесінде, Б.Тұманбаевқа әкімшілік айыппұл салынды.

– Жаңылыспасақ, осындай заңсыздық­тардың арасында зоопарктегі келеңсіздіктер, қаңғыбас иттердің мәселесі де бар емес пе?

– Зообақтағы мәселелерге келетін болсақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қалалық департаментінің еріктілер жобасының мүшесі ретінде зообақтағы жануарларға етті әлеуметтік маңызды мекемелермен (аурухана, балабақша) салыстырғанда қымбатқа сатып алатынын анықтадық. Қазір бұл факт бойынша аудит қорытын­дысын күтіп отырмыз.

Жалпы, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы қоғамдық бақылауды жүзеге асыру барысында 2023 жылдың алғашқы 6 айында жалпы сомасы 358 млн теңгенің мемлекеттік сатып алуларында заңбұзушылыққа жол берілгендігі анықталды.

Бірлестікпен Ішкі мемлекеттік аудит департаменті ақпараттар жолдану нәти­жесінде 284,8 млн теңгенің мемлекеттік сатып алуларында заңбұзушылықтар раста­лып, тиісті ден қою шаралары қабылданды.

Осынау аты аталған заңбұзушылықтарға қатысты 28 лауазымды тұлғаларға тәртіптік шаралар қолданылды. Оның біреуіне қатаң сөгіс, сегізіне сөгіс, 19-ына ескерту жария­ланды. Ал 20 лауазымды тұлғаға әкімшілік шаралар қолданылып, 6,9 млн теңгеге әкімшілік хаттамалар толтырылды, 3,5 млн теңге айыппұлдар бюджетке өндірілді.

– Сонымен бірге биыл  Шымсити аумағына егілген ағаш көшеттеріне де мониторинг жүр­гіздіңіздер. Қандай олқылықтарды байқадыңыздар?

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілермен бірге  Шымсити аумағына егілген ағаш көшеттерін санап, мониторинг жүргіздік. 

2022 жылдың қараша айында Шымкент қаласы қалалық Жайлы ортаны дамыту басқармасының «Жасыл белдеу» КММ тарапынан Шымсити аумағына 5 500-ден астам ағаш көшеті егілген еді. Мониторинг барысында еріктілер 6 көше (Абылай хан, Алатау батыр, Қадырғали Жалайр және атауы жоқ көшелер) бойында егілген көшеттерді санап, нәтижесінде нақты 4 762 көшет егілгені анықталды. Оның  3 759-ы қурап қалған болып шықты.

Қазір біз жолдаған арыз негізінде Аудит департаментімен тексеріс жүргізілуде. Жауабын күтіп отырмыз.

– Жалпы, тұрғындар қандай мәселелермен жиі жүгінеді? Зорлық-зомбылық тақырыбын да  жиі қозғайсыз ба?

– Құқықтық көмек алу үшін жүгінетін халықтың мәселелері сан алуан. Көбінесе, проблемалы несие, интернет алаяқтық, қаржылық пирамида, отбасылық істер (алимент  өндіру, баланың тұрғылықты мекенжайын анықтау, ажырасу және т.б.). Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер де келіп жатады. Бірақ біздің өңірдің әйелдерінің бір жаман әдеті  – жеме-жемге келгенде кешірім сұраған туысының көзін, сөзін қимай, арыздарын кері алып жатады. Осы мені қатты қынжылтады. Мемлекеттік органдардың әрекетіне, шешімдеріне наразы, сыбайлас жемқорлық фактілерін хабарлауға да жүгінетіндер аз емес. 

– Сұхбатыңызға рахмет! 

Сұхбаттасқан 

Назгүл НАЗАРБЕК