Степногор қаласында екі тәуліктен астам уақыттан бері жарықсыз әрі жылусыз қалған тұрғындар баршылық.
"Батарея жарылды": Степногорда тұрғындар жылусыз отыр
946
оқылды

 Жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстары аяқталып, тұрғын үйлерге жылу таратылғанымен тұрбалары қатып қалған пәтерлер әлі де жылусыз. Жарылған тұрбалардан су кетіп тұрғындар қайтерін білмей зар илеп отыр, деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. 

Жылу желісіндегі жөндеу жұмыстары аяқталғанымен, қаланың бірқатар тұрғын үйлерінен редакцияға шағым толастар емес. Тұрғындардың айтуынша, үйлері адам төзгісіз суық. Батареялары мұздай. Жылу жіберілгенімен, тұрғын үйлерде қатып қалған батарея тұрбаларынан су кетіп, пәтерлердің іші, қабырғалары мен едені малмандай су болған. 

2-40 үйде пәтеріміз әлі де мұздай суық. Қабырғалардың бәрі судан ісініп, түсқағаздар босап салбырап қалды. Жарық жоқ. Барлық техникамыздың үстіне су кеткен. Онымен не істерімізді де білмейміз. Кім енді оны бізге қалпына келтіреді. Үйдің барлық қабырғалары сыз. Ылғал иісі шығады. Жылу болмағандықтан, ол жуық арада кеппейді. Сізге жіберге осы видеодан кейін мені пәтеріме тағы шақырып алды. Өйткені пәтерде тұрбалар қатып қалыпты. Сондықтан пәтерге әлі жылу бере алмайды. Үйде төтенше жағдай және «Теплотранзит» жұмысшылары болды. Пәтер иелері кооперативі төрағасын мүлде жоқ болып кетті. ПИК-тің мүлде ештеңеге қатысы жоқ сияқты жүр. Диспетчерге хабарлассақ «Ал Сіздерде не болды?» дейді. Қатып қалған тұрбалар біз енді өз есебімізден ауыстыруымыз керек. Қазіргі сәтте асүйден бастап басқа бөлмелер де малмандай су,  дейді Степногор қаласының тұрғыны Екатерина Сергеевна. 

  Қала тұрғындарының айтуынша, қала мұздап отыр. Батареяларға жылу берілгенімен, әлі де болса жылымшы ғана жылу мұздап қалған пәтерлерді жылыта алар емес. Пәтер иелері кооперативтерінің әрекетінен еш мән болмай, тұрғындар өз күшімен тұрбаларды қыздыруда. 

«Қала әкімі үнсіз, тіпті мүлде көрінбей кетті», «Сұмдық, кейбір пәтерлерде температура 7 градусқа дейін түсіп кетті», «Жылытқыштардан пайда жоқ. Халық өзі ақша жинап, газ бен жанармай сатып алып жатыр. Слесарьлар жетіспей жатыр»,  деп жазды тұрғындар. 

Облыс әкімдігі қаладағы жылу температурасы жуық арада қалпына келтірілетінін  жеткізді. 

Қалада жылумен қамту қалпына келтіріліп жатыр. Пәтер иелері кооперативтері қызметкерлері азаматтардың жекелеген өтініштері бойынша жұмыс істеуде. Степногор ЖЭО штатты режимде жұмыс істеп тұр. Барлық жылу қазандықтары жұмыс істеуде. Жақын арада температуралық кесте қалпына келтіріледі, деді Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен. Естеріңізге сала кетсек, 7 желтоқсанда Степногорда ішкі жылу желісі трассасында апат болып, салдарынан қаланың ондаған көпқабатты тұрғын үйлері жылусыз қалған. 

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы