Стамғазиеваның сөзіне қарағанда, ол бүгінде жұмысқа оралып, тойларға да шығып жүр екен.
Ол кісіден екі бала туамын деген үш ұйықтасам түсіме кірмеген: Сандуғаш Стамғазиева Алтынбек Қоразбаев туралы
52,950
оқылды

Көптен бері сахнадан көрінбей кеткен әнші Сандуғаш Стамғазиева алғаш рет «Менің өмірім» бағдарламасына қатысып, жеке өмірі туралы сауалдарға жауап берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

EL.kz кезінде Мейрамбек Беспаевпен дуэт боп, кейіннен өнерден алыстап кеткен әнші танымал композитор Алтынбек Қоразбаевпен некелескенін жазған. Бүгінде екеуінің екі қызы бар.

Ана атанған соң өнер екінші сатыда қалып еді. Қазір «Алатау» дәстүрлі өнер театрына жұмысқа кірдім. Сахнаны қатты сағынып қалыппын. Өмірімді екі қызыма арнадым. Қыз балаға жақсы тәрбие керек. Аналық мейірімге бөлеп өсірсем деген бір ғана мақсат болды. Қазір енді олар бойжетті, есейді. Сондықтан сахнаға ақырындап қайтадан шығып жатырмын. Тойға шығып, қыздарды ұзатып жүрмін, – деді әнші.

Әнші Алтынбек Қоразбаевпен қарым-қатынасы жайлы да айтты. Өмірінің бұлай өзгеретінін күтпегенін алға тартты.

Ол кісіден екі бала дүниеге келеді деген үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Маңдайыма жазылған екен. Бастапқыда ол кісі мойындамай, жария еткеніме ашуланып жүрді. Бірақ қазір бәрі реттелді. Екі қыз тұрғанда қайда барамыз. Біз араласпаған күнде де қыздар әкесін іздейді. Араласып тұрады. Әкесімен ақылдасады, мен көбіне «әкеңнен сұра, сол не айтса сол болады» деймін, – дейді ол.

Өнер иесінің сөзіне қарағанда, үлкені студент, ал екіншісі мектепте оқиды. Екеуі де өнерге жақын екен.

Үлкенім – Алтынай, 19 жасқа толды, журналистика саласында білім алып жатыр. Ал Сафиянұрым 10-сыныпта оқиды. Екеуі де өнерге жақын. Үйге келе жатқанда сыртта тың тыңдап, біраз тұрамын. Кейде олар мен жоқ кезде ән салып, дайындалып алады. Мен бар кезде ұяла ма, тынышталып қалады. Жап-жақсы дауыстары бар, екі жақтан да Құдай беріп тұрған соң олар қайда барады? – деді ол.

Стамғазиева Қоразбаевтың бәйбішесімен қарым-қатынасына қатысты сауалға да жауап қатты.

Алтекеңнің үйіндегі кісімен көп кездескен емеспіз. Бірақ оған деген көзқарасым өте жақсы. Рақметімді айтып отырамын. Қазір неше түрлі жағдайды естиміз ғой, «ойбай, бәйбішесі біреуді жалдап ұрғызыпты», «көшеде шашын жұлып, төбелесіпті» дегенді. Құдай сақтасын, ондайдан беті аулақ, ол кісінің даналығы, Алтекеңе деген құрметі шығар, бір-бірімізге жамандық ойламағанбыз, – деді Сандуғаш Стамғазиева.