Қазақстандық танымал әнші, композитор Мархаба Сәби ағайынды Жүгінісовтерге, соның ішінде, Мирас Жүгінісовке өкпесі қара қазандай екенін айтты.
"Балаларға қазір атақ пен ақша қызық". Мархаба Сәби Жүгінісовтерге өкпеледі
8,335
оқылды

Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасына бейнежазба жүктеп, атақты отбасына деген ренішін жайып салды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Ол алдымен Мирас Жүгінісовтен, жалпы, Жүгінісовтер отбасынан көңілі қалғанын жеткізген.

"Осыған дейін үндемей келдім. Бірақ біраз миға қонбайтын нәрселер жасап жатыр. Біз Мирас Жүгінісовпен, Мұрат Қабылов деген тамаша композитор бала үшеуміз 2018-2019 жылдары Мирастың алғашқы шығармашылық бастамасын бастағанбыз. Мұрат Қабылов әнін, мен сөзін жазамын. "Әдетте тәтті-тәтті бәрі басында", "Сүйем, сені сүйем", "Мың есе", "Ол" сияқты әндерді жаздық. Біраз сәтті жұмыс істелді. Сол кезде мен мәтінді 70 мың теңгеге дейін жаздым. Бірақ мен ақша үшін жасаған жоқпын, Мұраттың әндерін ұнаттым. Бір кезеңге дейін жақсы жұмыс істеп келдік. Бірақ әндері жақсы тарап, атақ келе бастаған соң, Мирастан бір өзгеріс байқадым. Көкірегін көрдім, мінезін байқағаннан кейін "осы жерден тоқтата қояйық, мен саған енді мәтін жазбаймын. Бірақ осыған дейін жазған жұмыстарды айта бер, орындай бер, себебі халыққа тарап кетті, мен қызғаншақ адам емеспін, қызығын көре ғой" деп бердім", – дейді Мархаба бейнежазбада. 

Ол арада біршама уақыт өткенде Мұрат Қабылов хабарласқанын айтады. Композитор өз шығармашылық жолын бастағалы жатқанын, мәтін жазып беруін өтінген. "Өзің айтатын болсаң жазайын, бірақ Мирасқа емес" деп ескертеді Мархаба сәби. Осылайша "Сен туралы ғажайып, шытырман толы роман жазғым келеді" деген кеңінен таралған және "Уақыт" деген туындыларын Мұрат Қабыловтың өзіне жазып береді.

"Алайда, оны неге екенін білмеймін, Мұрат емес, Мирас айтып шықты. Менің рұқсатымсыз, ешқандай ескертусіз жариялап шығарды. Оның үстіне, менің атымды автор ретінде еш жерде көрсетпей шығарып жіберді". Мұны Мирастың өзі жазғандай шығарған. Не деген құрметсіздік?! Түсіне алмадым. "Қазақстан дауысы" жобасында Мұхамедәлі Жүгінісовтің "Уақыт" әнін орындап шықты, онда мен әннің авторы ретінде көрсетілмедім", – деп наразылығын білдіреді өнер иесі.

Оның сөзіне қарағанда, "Уақыт" деген әнге композитор ретінде Мұрат Қабылов деп жазылған, ал сөзіне басқа адамды белгілеп қойған.

"Мен өз атымды таба алмадым. Жалпы, "Уақыт" – мен үшін қымбат ән туынды, 2019 жылы шыққан, өте қиын кезең, карантин кезінде жазғам. Уақыттың қадірін санасы тоғысқан адам, өмірді көрген адам, білімі бар адам ғана мұндай нәрсе жаза алады. Ал бұл балаларға қазір атақ қызық, ақша қызық. Олар мұндай әндердің қадірін қайдан білсін?! Құрметсіздік жасап отыр, көңілім қалды. Аузынан сүті кетпеген, жас, шала піскен балалардан көңілім қалды. Мысалы, Роза Рымбаеваға да бір текст жазып бергем. Ол кісі әр концертінде менің атымды атап айтып, құрметін білдіріп жатады. Мен мұны мәдениеттілігі, білімді екені, сана сезімінің жоғары екені деп есептеймін. Ал Мирас Жүгінісовтің бұл ісі өкінішті жағдай", – дейді Мархаба Сәби.