Ғарышта жемістер мен көкөніс өсіруге арналған жобалар іске асырылып жатқаны белгілі. Мұндай технология, әсіресе, Марсқа жоспарланған 1,5-2 жылға созылатын экспедицияны азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін қажет. Сондай эксперименттің бірінде қызықты жағдай болған.
Сүйінші! Ғарыш кемесінде жоғалып кеткен қызанақ табылды
Фото tass.ru сайтынан алынды
5,690
оқылды

Өзінің 25 жылдығын атап өткен Халықаралық ғарыш стансасында әртүрлі ғылыми-зерттеулер жүргізіледі. Стансада өсірілген, кейіннен жоғалып кеткен қызанақ туралы оқиғаны gizmodo.com платформасы жариялады. Осы материалға сілтеме жасай отырып, Aikyn.kz жоғалған қызанақтың табылғанын хабарлайды.

Фото NASA агенттігінің сайтынан алынды

Ғарышта ұшып жүрген халықаралық стансаның зертханасында өсірілген қызанақ сегіз ай бұрын өнімді жинау кезінде жоғалып кеткен. 6 желтоқсанда тікелей байланысқа шыққан NASA астронавты Жасмин Могбели оның табылғанын хабарлады. Ғарыштағы аспаздық құпияның шешілуі туралы Могбели күлімсіреп: «Үйге қайтқан жақсы досымыз Фрэнк Рубио көптен бері қызанақ жеді деп айыпталған. Бірақ біз оны ақтай аламыз. Біз қызанақты таптық», – деген.

Кезінде осы экспериментке жауапты америкалық астронавт Фрэнк Рубионы қызанақты жеп қойды деген қалжыңға жақын айыптаулар да айтылған болатын. «Рубиодан бұл айыптаулар толықтай алынып тасталды», – дейді оның ғарыштағы әріптестері. 

Қызанақты жеп қойды деп «айыпталған» Фрэнк Рубио. Фото NASA агенттігінің сайтынан алынды

Халықаралық ғарыш стансасында қызанақтың жоғалып кетуі мүмкін еместей болып көрінер. Алайда орбитадағы кеменің көптеген қуыстары мен саңылаулары қаңғыбас қызанақтың жасырынуына мол мүмкіндік береді. Рубио енді жеңіл дем ала алады, өйткені жұмбақ ақыры шешілді, бұл ғарышта кейбір тіршілік иелері әлі де таңғажайып жасырынбақ ойынын ойнай алатынын дәлелдеді.

Ғарышкерлердің қызанақ тапқаны туралы мына видеодан көруге болады: 

Ғарыштағы стансада жоғалған қызанақты табу ұзаққа созылған. Ғарышта рекордтық 371 күн өткізген Рубио жоғалған қызанақ туралы: «Мен оны іздеу үшін қаншама сағат жұмсадым. Біраз уақыт өтсе де кеуіп кеткен қызанақ біраз уақыттан кейін табылатынын және мен оны жеп қоймағаным көп жылдар өтсе де дәлелденетініне сенімдімін», – деген еді.

Veg-05 жобасы жарық пен тыңайтқыштардың өзгеруі жемістердің өсуіне, қауіпсіздігіне және тағамдық құндылығына қалай әсер ететінін зерттейді. Сонымен бірге бұл жоба ғарыштық ортада жаңа піскен тағамның экипаждың дәмдік талғамына және жалпы психикалық денсаулығына қалай оң әсер ететінін зерттейді.

Жоғалған қызанақ осы жоба аясында өсірілген жеміс. Ия, қызанақ пен кәді (кабачки), жүгері, баялды (баклажан), қияр ботаникалық тұрғыдан жемістер деп аталады.