Атырау облысының Құрманғазы ауданында көпбалалы отбасының тұрғын үйін өрт шалды.
Көпбалалы отбасы тұратын үй толығымен өртеніп кетті
2,649
оқылды

Атырау облысының Құрманғазы ауданында көпбалалы отбасының тұрғын үйін өрт шалды. Өрт 26 минутта сөндірілді, – деп  хабарлайды Aikyn.kz  Kazіnform-ға сілтеме жасап.

Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, өрт бүгін, 12 желтоқсанда болған.

«Құрманғазы ауданының Ж.Нәжімеденов ауылындағы Т.Жұмағалиев көшесінде орналасқан тұрғын үй толық өртеніп кетті. Тұрғын үйдің жалпы аумағы – 12х17 метр. Өрт сағат 9.16-да оқшауланып, сағат 9.42 толықтай сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Жалынды сөндіруге Құрманғазы ауданындағы №7 өрт сөндіру бөлімінен 7 қызметкер мен 2 техника жұмылдырылды. Ж.Нәжімеденов ауылындағы тұрғындардың айтуынша, өрт шалған үй 7 баласы бар отбасына тиесілі болған. Енді ауылдастары көпбалалы отбасына қаржылай көмек беру мәселесін қолға алып жатыр. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында өрттің 60 пайызы тұрғын үй секторында болғанын хабарлаған едік.

Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Жасұлан Ақтаевтың мәліметінше, облыс орталығы мен 7 ауданда өрт оқиғасы тіркелген.

«Биыл облыс аумағында тіркелген 212 өрттің басым бөлігі – 120 дерек Атырау қаласында анықталды. Ал Жылыой ауданында - 22, Махамбетте – 17, Құрманғазыда – 14, Мақатта – 12, Индер мен Қызылқоғада – 11, Исатай ауданында 5 өрт болды. Алайда былтырғы көрсеткіштен 12%-ға төмендеді», - деген еді Жасұлан Ақтаев.