Елімізде ең суық жыл мезгілі басталып та кетті.
Қазынамыз қоқыста шашылып жатқанына қынжыламын – кәсіпкер
4,482
оқылды

Осы орайда «Суықтан қорғайтын сырт киімді қалай таңдадыңыз?» десек, біріміз Түркия, Қытай, Италия, ал енді біріміз тағы басқа елдің өнімін алғанымызды айтамыз. Аязды күндері шетелдік киімді киіп, жылынып жүргеніміз жасырын емес. Өкінішке қарай отандық бренд санаулы жанның үстінен табылады. Бүгінгі кейіпкеріміз Кемелбек Әбдуәлі сол санаулылар қатарында. Ол отыз жылдан бері отандық өндірісті қолдап қана қоймай, оны дамытуға тікелей атсалысып жүр.

Тараз тұрғыны 30 жылдан бері ата кәсіппен айналысады. Жастайынан тері өңдейтін цехта жұмыс істеп, тәжірибе жинаған шебер бүгінде жеке кәсібін ашқан. Қол астындағы  он бір адаммен бірге тері мен жүн өңдеп, одан түрлі бұйым шығарып жүр. Оның ішінде біз сөз етіп отырған сырт киімнің, бағалы тонның түр-түрі бар.

«Бұл іспен 1993 жылдан бері айналысамын. Інім Керімбек тері өңдеу цехында жұмыс істейтін. Ол өзі өңдеген теріден тігілген тонды киіп жүреді, соған қарап қызығатынмын. Көп ұзамай Жамбыл облысы Қаратау қаласындағы үлкен зауытқа жұмысқа орналастым. 1991 жылы еліміз егемендік алғаннан кейін әркім өзінің кәсібін аша бастады. Сол уақыттарда жұмысы жүріп тұрған түрлі цехтарда технолог болып еңбек еттім, басқарушы болдық. Біраз тәжірибе жинадым. Сол жерде тон, кеудеше, бас киім шығардық», - дейді кәсіпкер.  

Кемелбек Әбдуәлі 2007 жылы тәуекелге бел байлап, тері өңдейтін цех ашқан. Басында өндірісті іске қосу оңай болмағанына қарамастан, оны орта жолда тастап кетпеді. Бәрін басынан құрай білді. Сөйтіп, екі қолға бір күрек іздеген шеберлердің басын қосып, іске кірісті. Бүгінде цехта түрлі бұйым жасалады: диван, тон, сырт киім, былғарыдан тігілген сөмке, әмиян, мәсі, белдік және тағы басқа. Кәсіпкер халқымыздың төрт түлігінің өнімі нағыз кәсіп көзі екенін айтады. Бүгінде тәжірибе алмасу үшін әлемнің түрлі еліне барып тұрады екен.  Енді жылдар бойы жинаған тәжірибесін жас ұрпаққа үйретіп, кәсіптің, өндірістің жалғасын тапқанын қалайды. Алайда ең  өкініштісі, бүгінде бұл кәсіпке қызығатын жастар аз.

«Ең бастысы, тері илеуді әлемдік деңгейде үйрендік. Отыз жылда менмін деген гректермен, италяндықтармен, үндіс, түрік орыс ғалымдарымен кездестім. Сол кісілермен иық тіресіп жұмыс істей алатын мүмкіндігіміз бар. Еліміздегі қалталы адамдар ерекше дүние алғысы келгендіктен, шетелдік танымал брендтерге, жиһаз, бағалы тонға тапсырыс беріп жатады. Біз де тура сондай сапада шығара аламыз бәрін. Оған шикізатымыз да жетіп жатыр. Алматы, Шымкентте мал шаруашылығымен айналысатын кісілер «Біздікін алыңызшы, обал болды» дейді. Осындай сөзді естігенде жерге кіріп кете жаздаймын. Еліміздің мәдениетін, салт-дәстүрін көрсететін құнды қазынамыз қоқыста шашылып жатқанына қынжыламын. Оны басы-қасында жүрген адам жақсы түсінеді. Әбден шетелден алып үйренгенбіз», - дейді шебер.

Кәсіпкер импортты азайтып, отандық өндіріске көңіл бөлетін кез жеткенін айтады. Ол үшін жастарға колледж қабырғасынан бұл кәсіптің қыр-сырын оқытып, маңызын түсіндіру қажет. Одан кейін зауыт, жиһаз фабрикасы, кәсіпорын ашылса, мамандар тартылар еді.

«Қазір бұл саланың насихаты аз болғандықтан, жастар да қызықпайтын болды, қажет етпейді. Оларға ренжи алмаймыз. Негізі, колледж оқитын жастарды үш жылдың ішінде осы кәсіпті үйретуге болады. Осы уақытта станокпен жұмыс істеп, тігу, модель, дизайн жасауды меңгереді. Қазір бізде жұмыс күші аз. Сондықтан үлгермей жатамыз. Түрлі қаладағы кәсіпорындармен келісім бойынша жұмыс істейміз. Мысалы, қазір тапсырыс алып, аяқ киім ішіне табиғи жүн тігіп жатырмыз. Мекеме жағдай жасаған соң соны жасап береміз.  Қоластымда мамандар, профессорлар отыр. Енді бұл іске жастарды қызықтырудың жолын тапқан сияқтымын», - дейді Кемелбек Әбдуәлі. 

Кәсіпкер жақында республикалық деңгейде көрме өткізуді жоспарлап отыр. Ол жерге отандық мамандармен бірлесе жасаған түрлі бұйымдары ұсынылатын болады.