Депутат онлайн-алаяқтықтың күн санап өсіп отырғанына алаңдаушылық білдірді.
Жеке деректерді қорғай алмасақ, елді қалай қорғаймыз?! – Данияр Қасқарауов
651
оқылды

Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға алаяқтықтың алдын алуды меңзеп, халықтың жеке деректері құпиялығын жоғалтқаны жайында депутаттық сауал жолдады.

– Интернет дамыған заманда, осы арқылы жасалатын онлайн-алаяқтық та күн санап өсіп отырғанын білеміз. Интернет алаяқтарға қанша жерден тосқауыл қойылғанымен, олардың айласы асып тұрғанын көріп отырмыз. Мысалы, әртүрлі телеграмм чаттар арқылы қомақты ақша табыңыз деп, талай үйде отырған аналарды алдап жатыр.

Ішкі істер министрлігі қылмыстық істер қозғайды, бірақ алаяқтың өзін табу мүмкін емес болып отыр. Соңғы ақпараттарға сәйкес тоғыз айда елімізде 15 мың интернет алаяқтық тіркеліпті. Оның ішінде, 3 мыңнан астамы ресми банктердің атын жамылып азаматтарды алдаған. Осы жерде нақты сауал туындайды. Өздерінің құрығына түсіретін алаяқтар азаматтардың жеке деректерін, телефон нөмірлерін қайдан алады?! Оларға бұл деректерді кім береді? Қанша жерден адамдардың жеке деректерін заңмен қорғап, оның таралуын шектесек те. Алаяқтар тоқтайтын емес. Жеке деректердің құпиялылығы ешкімде құпия болмай тұр. Бір ғана мысал келтірейін.  Мәселен, жақында бір танысым жеке компаниясын ашып, құжаттарын Егов электронды Үкіметі арқылы тіркетті. Бұл процесс ешкімнің қатысуынсыз, тек порталда жасалды.

Дегенмен, сол күні оған үш бірдей банктен қоңырау түсіп, арнайы есептік шот ашыңыз деген ұсыныс түскен. Ал, ертесі күні заңгерлік-бухгалтерлік қызмет көрсететін жеке компания өкілдері хабарласып, өз қызметтерін ұсынған. Ең сорақысы, енді жеке таксопарк өкілдері тынымсыз хабарласып көлік қызметін ұсынып отыр екен. Бұның бәрі небәрі 2-3 күнде орын алған жағдай.

Енді сұрақ – осы аталған мекемелер жаңадан серіктестік құрылғанын, оның басшысы кім екенін және кеше ғана ресми тіркелген кәсіпкердің жеке ұялы телефон нөмірін қайдан алып отыр? Бухгалтерлік компаниялар мен таксопарк өкілдерінің қолына түскен ақпарат  алаяқтарда да жоқ дегенге кепілдік бар ма?

Яғни, біздің жасаған жұмыстарымыздың нәтижесіз екені айқын көрініп тұр. Осы ретте, аталған мәселе бойынша дер кезінде шара қабылдауларыңызды сұраймыз. Жеке деректерді қорғай алмасақ, елді қалай қорғаймыз?!, – дейді депутат.