Жақында ArtKöshe тәуелсіз театры Астана қаласына гастрольмен келіп, «SEN» мюзиклін қойды.
ArtKöshe: Сен, сен, өзіңе сен!
2,234
оқылды

Аталған мюзиклдің ерекшелігі сол, қоғамда болып жатқан өзекті  мәселелерді, оның ішінде медиасауат, қаржылық сауат және виктимблеймин тақырыптарын қозғады. Жоба авторларының пікірінше, туындының мақсаты – қоғамның сыни пайымын дамытып, медиасауатын арттыра отырып, өмірде медиа арқылы пайда болған мәселелерді шешу жолын нұсқау. Ал жобаның әлеуметтік желідегі ресми парақшасында театрды ашудағы негізгі концепт былайша түсіндіріледі:

ArtKӧshе – өз-өзіне, өз уақытының болмысына жаңа формада жауап іздейтін тәуелсіз театр. Театр атындағы Art сөзі екі мағынаны меңзейді. Бірі –  “өнер”, екіншісі – артқы, яғни “артқы көше”. ArtKöshe – әлеуметтік, гендерлік тақырыптарды қозғай отырып, заманауи театр эстетикасының ізденістері арқылы өз уақытының болмысына, замандас келбетіне жаңа формада жауап іздейтін тәуелсіз театр. Осы арқылы қоғамдық өзекті пікірталастарға үн қосу.

ArtKӧshe өзінің не екенін алдын ала айта алмайды, тек оның әрекеті (өнімдері) болмысын айқындай түседі. Әуелде анығы оның уақытпен жарысқан көрегендік пен уақыттан озуға тырысқан болжампаздық қасиетке ұмтылуы, тақырыптары мен әрекеттері осы ұстанымға негізделмек. ArtKӧshe өзін қалыптастыруға қарсы, өйткені өнер де, өмір де қалыпсыз, процесс. ArtKӧshe  СЕБЕП-ті талқылаушы. Себептің себебін сезіндіруші.

Жалпы, мюзиклдегі сюжетке арқау болған ең негізгі мәселе – қаржы пирамидасы. Себебі елімізде биыл қаржы пирамидаларынан зардап шеккендер саны үш есе артқан. Биыл жеті ай ішінде 1,3 мың адам осы жоспар бойынша алаяқтар құрбаны болған. Одан бөлек, мюзиклде онлайн-платформалар арқылы таныстықтың бір жағынан қауіпті, екінші жағынан пайдалы тұсы да сөз болып, яғни кез келген дүниенің жақсы,  жаман болуы адамның өзіне байланысты екені айтылады.

ArtKöshe тәуелсіз театрының жетекшісі, мюзикл сценарисі әрі продюсері annas Bagdat айтуынша, медиасауатты арттыру көптеген мәселенің алдын алуға ықпал етеді. 

Көпшілік бұл мәселелер шешімі белгілі бір орган, институт, жекелеген адам емес, әр адамның жеке пайымы, әлеуметтік жауапкершілігі екенін түсінсе, оң өзгерістер жылдам болады. "SEN" мюзиклінің көрерменге жеткізбек ойы – осы.

Жалпы, ArtKӧshe театры 2022 жылы наурызда құрылды. Сол жылы 3 маусым «SEN» мюзиклімен тұсауын кесті. Internews Kazakhstan қорының медиасауатқа арналған грантын ұтып алдық. Және жетпеген қаражатқа Kaspi.kz көмектесті. Негізі, театрдың бағыты – әлеуметтік тақырыптарды өнер арқылы қаузау. Сондықтан да театр атауы ArtKӧshe.

Жалпы,  әлемде тәуелсіз өнер деген түсінік бар. Ол – әржақты. Биліктен, пропагандадан, бюджеттен, тапсырыспен берілген тақырыптан тәуелсіз дегендей. Бізді де сондай мәнде десе болады. Ең бастысы, академиялық, яғни қалыптасқан өнер канондарынан тәуелсіз деуге де болады, дейді жоба жетекшісі, драматург annas Bagdat.

Сонымен, музыкалық жас көрермен театрының сахнасында көпшілікке танымал мюзикл актерлері Жарқынай Ханайым, Жасұлан Көпберген, Таңшолпан Нұртілеуқызы, Темір-Сұлтан Мейірбек, Ербол Нариманұлы, кино және театр актері Әшім Ахметов, танымал әнші Dudeontheguitar (Нұрбек Елемес) өнер көрсетті. Мюзикл композиторы Ербол Нариманұлы болса, режиссері Еслям Нұртазин болды.

Әрі қойылымды көруге келген жұрттың қарасы да аз болмады. Оны арнайы көру үшін келген қонақтардың арасында белгілі әртіс, Канн фестивалінің жеңімпазы Самал Еслямова да болды. Біздің байқағанымыздай, ол көрермендер залының ең соңғы қатарындағы елеусіз бір бұрышта мюзиклді бастан-аяқ толық қарап шықты.  Мюзикл біткен соң, Самал ханымнан жалпы қойылым жайлы сұрағанымызда:

Шағын ғана ұжым екеніне қарамастан, кәсіби деңгейде өнер көрсетті. Рөлдері де жақсы, әр образ өзінше бөлек. Бір сөзбен айтқанда, музыкалық жұмыстарымен есте қалды. Мұндай мюзиклдер бізге керек-ақ! деді ол.

Оның айтуынша, өнерге ынтық жастарды қолдап, қоғамдағы өзекті тақырыптарды сахнада көрсету бүгінгі күні өте маңызды саналады.

(© REUTERS / Jean-Paul Pelissier)

 

Тіпті, мюзиклді көріп отырып, көзіне еріксіз жас алғандар да кездесті. Бірі одан адамның махаббатқа деген кіршіксіз адал сезімін көрсе, бірі жас пен кәрінің арасындағы сыңаржақ диалогтің не себепті болатынын көргендей болды. Осыған байланысты қойылым біткен соң, оны көруге келген көрерменнің де пікірін білдік.

Заман дамыған сайын сол уақытқа сай қоғамда түрлі  ережелер пайда болады. Біреулер түйсікпен оп-оңай түсінсе, біреулері аңқау, ақкөңіл, аңғалдау болуы мүмкін, кейбіреулері заман берген үстемдікті өз пиғылдарына қарай басқаларын алдап-сулап, оп-оңай қолданып кетеді. Мюзиклде медиасауат, медиаэтика, қаржы пирамидасы, адамды бопсалау, оның жеке мағлұматын келісімінсіз жария ету сияқты тақырыптар көрсетілген. Осы тектес мюзиклдің, жалпы контенттің көбейгені дұрыс. Мысалы, мен жеке куәлікті WhatsApp арқылы басқа адамға жіберу дегенге үзілді-кесілді қарсымын, маған түсініксіз құбылыс. Немесе WhatsApp арқылы таратылатын жалған ақпарат, әртүрлі ұтыс ойындарына да сене бермеуіміз керек. Ең бір қарапайым дүние фактчекин жасап, ресми парақшаларды тексеру қажет. Бұл туралы көпшілікке айта берген жөн. Көрсету керек, дейді мюзиклден алған эмоциясын жасырмаған көрермен Сабина Хасен.

P.S. Сонымен, бір күнде екі сеанс беріп үлгерген ArtKöshe тәуелсіз театрының «SEN» мюзиклі келген көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлап, бірде күлдіріп, бірде мұңайтты. Кейбір сәтте адамды елең-алаң халде қалдырды. Бірақ соңында адамның өзіне, ішкі түйсігіне, сыни пайымына деген сенімі бар кезде, өмірдің мәнсіз емес екенін, оның ең маңызды функциясы «сенім» екенін дәлелдеуге тырысып бақты десек, артық айтқанымыз емес.