Кеше Ерлан Қошановтың төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтті. Депутаттар трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдап, Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қосылуы бойынша өзгерістер мен толықтырулар туралы хаттаманы ратификациялады.
Мәжілісте көтерілген мазмұнды мәселе
725
оқылды

Трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады. Ол түзетулердің трансферттік баға белгілеуге, елден капиталды шығаруға бақылау шараларын күшейтуге және тиісті заңнаманы жетілдіруге бағытталғанын айтты.

– Қолданыстағы «Трансферттік баға белгілеу туралы» заңның қабылданғанына 15 жылдан астам уақыт болды. Осы жылдар ішінде ол жетілдіріл­мегендіктен, Қазақстан бюджеті айтарлықтай шығынға ұшырады. Өйткені бірқатар экспорттаушы мен импорттаушыны, сондай-ақ делдалдарды бақылау заңмен дұрыс қамтылмаған. Қажетті түзетулерді енгізетін уақыт келді, – деді Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Әділ Жұбанов.

Заң жобасында BEPS 13-қадамы шеңберінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ұсынымдарына сәйкес үш деңгейлі есептілікке қойылатын талаптарды, сондай-ақ нарықтық бағаны айқындау әдістерін қолдануды жетілдіру ұсынылған. Сонымен қатар мұнай, газ, металл және астық сияқты стратегиялық маңызы бар тауарларды қоса алғанда, шикізат биржаларында жасалған мәмілелердің трансферттік баға белгілеуіне бақылауды қайтару жоспарланып отыр. Елден капиталдың шығарылуына жол бермеу үшін тараптардың өзара байланысын анықтау кеңейтіледі. Жалған баға келісімдерімен байланысты барлық операция тексеруге жатады.

Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Татьяна Савельева бұл нормалар түптеп келгенде бюджет кірісін толықтыруға және елдегі табысты қайта инвестициялауды ынталандыруға қызмет ететінін айтты. Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылдады. Заң жобасын екінші оқылымға дайындау жұмыс тобының отырыстарында жалғасады.

Мәжіліс сондай-ақ 2015 жылғы 8 мамырда қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуы туралы хаттамаға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады. Бұл заң жобасы бойынша да Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады.

– 2023 жылғы 25 мамырда мемлекет басшылары Мәскеудегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы аясында 96 айдан 108 айға дейін, яғни 2024 жылдың 12 тамызына дейін ұзарту жөнінде өзгертулер енгізу туралы Хаттамаға қол қойды. Қазір 13 өткізу пункті толығымен жаңғыртылды. Бірақ қырғыз-тәжік шекарасындағы 1 өткізу пункті бойынша жұмыс аяқталмаған, – деді вице-премьер.

 Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Оның ішінде Акваөсіру туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер, 2014 жылғы 23 желтоқсандағы ЕАЭО шеңберінде медициналық бұйымдар айналысының бірыңғай қағидалары туралы келісімге өзгеріс енгізу жөніндегі хаттама, Қазақстан мен Түркия үкіметтері арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары жөніндегі келісімді ратификациялау туралы заң жобасы, ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша түзетулер бар.

Жауапты адамдар мәселенің басы-қасынан табылу керек

Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер жауапты мемлекеттік органдарға әлеуметтік-экономикалық өзекті мәселелер бойынша 16 депутаттық сауал жолдады. Мәселен, депутат Ерлан Саиров өзінің Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Р.Склярға жолдаған сауалында Президент Қасым-Жомарт  Тоқаев Үкімет алдында еліміздің тұрғындарын  жылумен  тұрақты қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар қойғанын айта кетіп, бірінші аяз түсуімен еліміздің коммуналдық инфрақұрылымының сыр бере бастауы дәстүрге айналып отырғанын атап өтті. 

«Рас, республика бойынша тозығы жеткен жылу орталықтары мен инфрақұрылым 80 пайыздан асып кетті. Ал олардың көбін біз 50 жылдан астам уақыт пайдаланып келеміз. Бұл – қауіпті жағдай.

Былтырғы, Екібастұз, Риддер, Балқаш, Көкшетау, Қарағанды, Теміртау, Петропавл қалаларындағы апаттар қордаланған мәселелердің айқын көрінісі.

Соған қарамастан біз жылына бұл салада  5-7 пайызға ғана жаңарып отырмыз. Бұл тіпті елдегі ескіру үрдісінің орнын толтырмайды. Олай жалғаса берсе, жылу энергетикасындағы коллапс орнауы бек мүмкін. Бұл бір.

Шіріген труба, ескірген қазандық, «кеңестік заманнан қалған» насостарды ауыстыратын уақыт өтіп кеткенін бәріміз білеміз. Екіншіден, былтыр ғана жылу саласындағы инфрақұрылымның тозуын азайту мақсатында арнайы 160 миллиард қаржы бөлінсе де, шықырлаған аязға төтеп бере алар емеспіз.

Үшіншіден, жыл басында Парламентте Жоғарғы аудиторлық палатасының «Жылумен жабдықтау саласы» бойынша қорытынды есебінде 100-ден аса нақты ұсыныс пен жүйелі сын айтылды. Ұсыныс ретінде берілді. Бірақ сол ұсыныстар бойынша не жауап, не атқарылған істі біз көрмедік.

Осылай тізіп кете беруге болады. Сондықтан бұл саладағы менеджмент пен бақылауды күшейтуіміз керек», – деді депутат. 

Реформалардың сапалы орындалуы – баршаға міндет

Ал мәжілісмен Жұлдыз Сүлейменова Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған сауалында қала және ауыл балаларының білім сапасындағы алшақтықты азайту, оқушылар орнының тапшылығын шешу, білімнің сапасын арттыруға қатысты ұсыныстарын жеткізді. 

«Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев: «Жан-жақты жоспарлап, тиянақты жасалған шаруа ерте ме, кеш пе, жемісін беретіні сөзсіз. Мысалы, біз соңғы жылдары білім беру саласына баса мән беріп келеміз. Нақты шешімдер мен шаралардың арқасында мұғалім мәртебесі әлдеқайда көтерілді. Мектептегі орын тапшылығын жою үшін арнайы бағдарлама жүзеге асырылуда. Биыл жүзге жуық білім ошағы бой көтерді. Қазір осындай ауқымды жұмыстың нақты нәтижесі бар. Атап айтқанда, халықаралық PISA рейтингі бойынша Қазақстандағы орта білімнің сапасы едәуір артты. Басқа да салаларда оң өзгеріс бар», – деп алқалы жиында білім мәселесінің нәтижелеріне арнайы тоқталған болатын. Шын мәнісінде, PISA-2022 халықаралық зерттеулерінің нәтижелеріне сәйкес, қазақстандық оқушылар математикалық сауаттылықтан 425 балл жинақтап, Греция, Румыния, Біріккен Араб әмірліктері оқушыларымен тең түсті. Оқу сауаттылығынан 386 балл жинақтап, Малайзия, Сауд Арабиясы оқушыларымен тең білім сапасын көрсетті. Жаратылыстану бағытында зерттеудің 2018 жылғы нәтижелерімен салыстырғанда, көрсеткіштері +26 балға жоғарылады. Бастысы, пандемияның салдарынан ОЭСР елдерінің басым көпшілігі едәуір білім сапасы бойынша ұпайларын жоғалтса, елімізде алға ілгерілеу бар екенін, оның ішінде математика 54-орыннан 46-орынға және жаратылыстанудан 69-орыннан 49-орынға көтерілгенімізді атап өту қажет. Мұндай жақсы динамикалық көрсеткіш, сөзсіз, ең бірінші Президентіміз Қасым-Жомарт  Тоқаевтың білім беру саласындағы кешенді, жүйелі және ауқымды реформаларының нәтижесінде мүмкін болды.  

Осы реформалардың, оның ішінде қала және ауыл балаларының білім сапасындағы алшақтықты азайту, оқушылар орнының тапшылығын шешу, білімнің сапасын арттыруға арналған Мемлекет басшысы реформаларының жүйелі жүзеге асырылуы «АМАNАТ» партиясының сайлауалды бағдарлама­сында басты бағыты ретінде айқындалған. Оның сапалы орындалуы – баршамыздың міндетіміз», – дейді. 

Оның айтуынша, қол жеткізген нәтижені арттыруға арнайы шаралар жоспары қабылданып, барлық педагогикалық қауымдастықпен талқылануы шарт. Сондай-ақ мұғалімдердің мәртебесін әрі қарай қолдауға, әрі қарай арттыруға нақты шаралар қабылдануы қажет. 

Мәжілістің жалпы отырысында өзге де депутаттар өзекті мәселелер көтеріп, сауалдарын жолдады. 

Наурызбек САРША