Әлемдегі көптеген ел кәсіби ар­мияға толығымен көшіп алды. Яғни, әскер түрлері басым түрде ерік­тілерден, әскери қызметті ғұмырлық кәсібі мен мансабы ретінде таңдаған жаужүрек ұландардан құралады.
Резервтік қызмет: ол не?
856
оқылды

Ал Қазақстан іс басындағы армиясының біршама бөлігін әскерге шақы­ры­латындар құрайтын заманауи әлем­дегі аз шоғыр елдің бірі болып қал­ды. Дегенмен дүниежүзіндегі бүгінгі әскери шиеленістер мұндай тәсілдің уақыт талабына сәйкес келмейтінін паш етті.

Ел қорғауға қоғамдық ұйым үлес қоса алады

Сондықтан сарапшылармен ақылдаса келе, Қорғаныс министрлігі респуб­лика­мыздың жаңа қосымша күштерін – «ре­зервтік әскерді» құруға шешім қабыл­дады. Qazaqstan ardagerleri қауым­дастығының төрағасы, Ауған соғысының ардагері Ба­қыт­­­бек Смағұлдың түсіндіруінше, қа­зір­гі заманғы қарулы қақтығыстар саба­ғы Қа­зақстаннан әскери реформаларды талап етіп отыр.

– Резервтік әскери қызмет мәселесін біраз жылдан көтеріп келемін. Алайда бұ­ған дейін «айналамызды қаспен емес, дос­пен қоршадық», «сырттан төніп тұрған жау жоқ» деген идеология басым болды да, мұн­дай бастамалар жоғарыда қолдау таппады. Әскери реформалар бойынша іс енді ғана біртіндеп, ілгері басты. Төрткүл дүниенің әр түкпірінде соғыс ошақтары тұтануда. Қазақстан одан сабақ алуы тиіс. Мысалы, іргедегі Ресей былтырғы 21 қыр­күйекте әскерге жарамды жігіттерді со­ғыс­­қа алуды бастап еді, ер-азаматы шетел­ге жаппай қашып, масқара болды. Бұл бүгінде аналар мен әйелдердің демоби­ли­зацияны талап еткен қозғалысына серпін берді. Сондықтан биылғы маусымда РФ Қорға­­ныс министрлігі мобилизация орны­­­на резервтік армия қалыптастыруға кі­ріскенін жариялады. Израиль де Газада­ғы соғысқа негізінен еріктілер мен резер­­вистерді ат­тандырды, – деді Ба­қытбек Смағұл.

Оның байламынша, заманауи техно­логиялардың қарқынды дамуы, майдан даласында дрондардың үстемдікке ие болуы, әскери стратегиялардың өзгеріске тү­суі қарулы күштерді мобилизациялаудың жаңа дәуіріне серпін берді. Тиісінше, әс­кери операцияларды, тактикалық іс-қи­мылдарды армияға жаңа алынғандар емес, негізінен білікті әскери мамандар, ре­­зервтік әскерлер атқарғаны жөн. Ұлттық қа­уіпсіздікті, елдің егемендігін, жердің тұ­тастығын сақтаудағы резервистердің маңызы арта түсті. 

Резервистердің армияға шақырылған жігіттерден («призывниктерден») айыр­ма­­­­шылығы неде? Соңғылары бір жыл мерзімді әскери қызметін өтеген соң бейбіт өмірге, азаматтық саладағы жұмы­­сына оралады да, әскерде көрген-білгенін ұмытады. Ресей тәжірибесі көрсеткендей, оларды мобилизациялағанда, қайтадан даярлықтан, «Жас жауынгер курсынан» өткізуге тура келеді. 

Ал резервтік күштер – контракт бе­­кіткен әскерилер (офицерлік құрам) сияқ­ты «белсенді әскери қызметтің тұ­рақты қатысушысы» емес әскери қызметшілер тобынан құралады. Олар азаматтық сала­дағы жұмыстарымен айналыса береді. Сонымен бірге ел шетіне жау шапса, ала­пат табиғи апат болса немесе қосымша әс­кери күшті қажетсінетін басқа жағдай туындаса, бірінші кезекте әрі шұғыл түрде резервис шақырылады. Сол себепті олар армиядағы әскерилер сияқты міндетте­мелерге, құқықтарға және жеңілдіктерге ие болуға тиіс. 

Осылайша, резервтік күштерді құру­дың негізгі бір себебі – ұлттық қауіпсіз­­дік­ке қатер төнгенде әскери күштерді жыл­дам мобилизациялау болмақ. Резер­вистер қысқа мерзім ішінде ел қорғауға, жаумен шайқасқа түсуге сақадай сай оты­руы үшін ұдайы оқудан және даярлықтан өтіп тұрады. 

Бақытбек Смағұл Финляндияның үл­гі­сін өнеге етті. Тарихында көрші елдер­ден көп құқай көрген бұл шағын ұлт әс­кер­ге шақырылғандардан тұратын армия сыр­­тында резервтік армияға да арқа сү­йейді. Резервистерді тұрақты тонуста ұстап, даяр­­­­­­лығын шыңдап, заманауи со­ғыс өне­ріне, майдан дала­сындағы жаңа әскери машықтар мен айла-шарғыларға үйрету үшін Қорғаныс министрлігі түрлі қоғам­­дық әскери ұйым­дарға иек артады. Нәти­жесінде, бү­гінде Фин резервис­те­рінің қа­уым­­­дастығы (FRA) қырық мың­дай ре­­зер­вистің басын біріктіретін шама­мен 340 өңірлік ұйым­нан тұрады. 

FRA-ның басты міндеті – резервис­тердің рухын және әскери біліктілігін үнемі биіктету. Оның ұйымдары тікелей мемлекеттің қолдауымен атыс және басқа да жаттығулар, спортпен шұғылдану сек­ция­­ларын, түрлі әскери-спорттық тур­нир­­лер ұйымдастырады екен. Бұл ұйымға Отан қорғау парызына берілген кез келген адам ерікті түрде мүше бола алады. Осы­ның арқасында Финляндияға елдің беде­ліне дақ түсіретін «жеке әскери компа­ния­лар­ды» құрудың да қажеті болмай қа­лыпты.

Финляндияның тәжірибесін Қазақ­станда да енгізуге болады. Тиісті әскери қауымдастықтар бұл міндетті өз мойнына ала алады.

Жаңа «әлеуметтік лифт» пайда болады

Осы орайда, «Кейбір заңнамалық акті­лерге резервтегі қызмет мәселелері бо­йын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгі­зу туралы» заңын Мәжіліс қабылдады. Енді оны келесі жылы Сенат мақұлдап, Президент қол қояды деп күтілуде. 

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылы­қовтың түсіндіруінше, армия құрамында «резервтегі қызметті» енгізу – жұмылдыру жүйесін одан әрі жетілдіру қажеттілігінен туындады. 

– Бұл нормалар әскери бөлімді адами ре­сурспен кепілді қамтамасыз етуге ре­зервте болатын, жауынгерлік дайын күшті құруға мүмкіндік береді. Бұл ретте заң жобасы резервтегі әскери адамның мәрте­бесін, оның құқығы мен міндетін айқын­дайды, резервтегі әскери адамның мінде­тін атқару кезеңін бекітеді, резервте әс­ке­ри қызмет өткеру бөлігінде өзгеріс ен­гізеді. Еңбек кодексінде жұмыс беруші мен резервтегі әскери адам арасындағы еңбек қатынасы реттеледі. Резервист соғыс уақытында әскерден алып қалатын бронды пайдалана алмайды, – деді министр.

Мемлекеттік қызметшілерге де ре­зервте әскери қызмет өткеру, содан табыс табу мүмкіндігі беріледі. Әйтпесе, бүгінде оларға тікелей жұмысына қосымша тек шығармашылық, оқытушылық қызметпен айналысуына, акциялар саудалап пайда табуына ғана рұқсат етілген. 

Сонымен заң жобасына сәйкес, негізгі армияда емес, резервтегі армияда қызмет еткісі келетін азаматтармен келісімшарт ерікті түрде, 3 жылға жасалады. 

Ол адам азаматтық саладағы жұмысын атқаруын әрі қарай жалғастыра береді. Тек бір жылда ұзақтығы екі айдан аспайтын мін­детті әскери даярлықтан өтіп тұруы шарт. 

Резервистердің әрбір әскери жиыны 30 күнге созылады. Бұдан бөлек, ай сайын 2-3 күндік сабақ өтіп тұрады. Оған рес­публикалық бюджеттен қаржы бөлінеді.

Резервистердің «жалақысы» қанша бо­лады? Қорғаныс министрінің айтуынша, резервтегі армия сапына тұрғандарға ай сайын ең төменгі жалақы 2024 жылы 85 000 теңге төленеді. Сондай-ақ жиыннан өту кезеңінде орташа айлық жалақы төлеу жос­парлануда. Ұлттық статистика бюро­сының дерегінше, 2023 жылдың үшінші тоқсанында елімізде орташа айлық жа­лақы 350 542 теңгені құрады. 

Әскери резервтегі адам қызмет өткер­ген кезеңде оның негізгі жұмыс орны сақ­талады. Мұның сыртында резервтегі ар­мия төмен табыс табатын немесе өмірден орнын таба қоймаған адамдарға биік статус иеленіп, әскери саладағы мансапта жоғарылауына, тіпті генералдық атаққа дейін өсуіне бастар «әлеуметтік лифтіге» айналуы мүмкін.

Өз армиясынан ақша аяған ел...

Қорғаныс ведомствосы басшысының айтуынша, бұл бастама елге әлеуметтік тұр­ғыдан тиімді. 

«Біріншіден, резервтік қызметке кірген азаматтың кірісі артады. Екіншіден, ха­лық­тың мемлекет пен қарулы күштерге де­­ген сенімі артады, армия халыққа ба­рын­ша жақындай түседі. Үшіншіден, әс­кери резервтегі адам қазақстандық пат­рио­­тизм рухында тәрбие алады. Әскери әулеттер саны толығары сөзсіз. Бұл қыз­метті енгізу бейбіт уақытта әскер санын арттырмай-ақ ұлттық қауіпсіздікті сақ­тауда қойылған міндетті орындауға дайын азаматтар санын даярлауға мүмкіндік береді», – деді Қор­ғаныс министрі Руслан Жақсылықов.

Мұның сыртында бюджет қаржысы үнемделеді. «Әлемде геосаяси ахуал ушы­қ­­­­­ты, шағын елдерге қатер төнді» деген­мен Қазақстан миллиондық тұрақты армияны ұстап тұра алмайды. Бұл – өте қымбатқа түседі. Ал дұшпанға тойтарыс беруге ұдайы дайын еріктілер– әскери резервис­тер бұл тығырықтан шығуға мүмкіндік береді. 

Резервтегі күштерді бүгінде пост­кеңестік кеңістікте тек Украина, Ресей және Беларусь құрып, дамытуға кірісті. Біздің Үкімет болса, әдеттегі жайбасар­лығына, мимырт қимылына басты. 

Қорғаныс министрлігінің хабарла­уын­ша, Қазақстан резервтегі әскери қыз­метті 2025 жылы ғана қалыптастыра бас­тайды. Өйткені тиісті бюджет те кейінгі жылдарға есептелген. Ведомство жаңа құ­рылымның заңнамалық тұғырын бел­сенді түзуде. Алайда Үкіметтен қажетті қаржыландыру болмай, барлық әлеумет­тік, тұрмыстық мә­селе шешілмейді, мате­риалдық-тех­никалық тұрғыдан қамта­масыз етілмейді. 

Қаражаттың аз болуы «жаңа армия­ның» сапын шектеп, тұсаулады: бастапқы кезеңде небәрі 2 мың резервист қана алу жоспарланған. Осы екі мыңдық кәсіби «түменді» ұстап тұру үшін жылына небәрі 3,5 миллиард теңге қажет. Республикалық бюджеттік комиссия осы соманы ғана қолдапты. Салыстырсақ, «Қазақтелеком» тек 2023 жылдың бірінші жартысында спорттық жарыстарын, мерекелік іс-ша­раларын өткізуге, басшыларын, басқа­сын санитарлық-курорттық емдеуге, бала­лар лагерлеріне жолдауға 7 миллиард теңге шығындады. 

2025 жылы шақырылатын аз шоғыр резервист мысалы, заманауи қару түрле­рін, дрондарды меңгеретін бағдарла­машылар, артиллеристер, байланысшылар және өзге де «тар мамандық иелері» бол­мақ. Әрі қарай Қорғаныс министрлігі резервтік қызметтегілер санын ұлғайтудан үмітті. Қазақстандық жігіттердің әскерге барудан қашуы жиілеген заманда еріктілер армиясы аса қажет-ақ. Онсыз қазақ елі алмағайып заманда отанның қорғанына тұрып, қаспен қасық қаны қалғанша айқасатын жауынгер таппай қалуы кәдік.

Елдос СЕНБАЙ