«Ұлтқа қызмет ету... мінезден» болса, «Ұрпаққа қызмет ету – ұлтқа деген махаббаттан». Біздің сөз еткелі отырған кейіпкеріміз – тура бүгін асқаралы 60 жасқа толған абыройлы ұстаз-абзал әріптес, аяулы әке-асыл жар, ардақты ата-ақылшы бауыр Жанайдар Қалтайұлы туралы, міне, дәл осылай деуге болады.
Ұстаз – бала жанының ұстасы
1,237
оқылды

Ондағы ұстаздық махаббаттың алтын тіні – өн бойындағы өнегелі өнерді жас ұрпаққа ұлағаттасам деген сабақтастық аманатында жатса керек. Ал тәрбиелеп жүрген шәкірттерінің ерекше оқушылар екенін ескерсек, ол дәріптеген қолөнердің жанға дауа құдіреті бар екеніне де иланасың. 

Ерекше баланы еңбекке баулу – өмірлік өнер

Саналы ғұмырын білім саласына арнап келе жатқан Жанайдар ағамыз Алматы облысы Балқаш ауданы Бақанас ауылының тумасы. Алматы қаласындағы №2 экспериментальды  Республикалық мектеп интернатының түлегі. «Туған жерге туыңды тік» демекші, 1986 жылы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің көркемсурет-графика факультетін тәмамдаған соң еңбек жолын Балқаш ауданы Береке ауылында бейнелеу пәнінің мұғалімі болып бастаған. Сол мектепте қатардағы қызметкерден директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары лауазымына дейін көтеріледі. Ауылға жаңадан мамандар тартуға өлшеусіз үлес қосады. Бұл  оның кіндік қаны тамған мекенге адалдығының дәлелі, кәсіби мұғалімге, тәжірибелі маманға зәру ауылдағы ағайынға жанашырлығы еді. Ал қазіргі еңбек етіп жүрген Есік қаласындағы зерделік бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы мектепке ол 1997 жылы келген екен. Содан бергі 38 жылда бейнелеу өнері, сызу, еңбек пәндерінен мұғалім боп талай жетістіктерді бағындырып, оқушыларын аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға қатыстырып жүрген білікті маман бүгінде педагог-зерттеуші деңгейіне жетіп отыр. Ұлағатты ұстаздың қысқаша өмірбаяны осындай. Ал ол қызмет ететін №2 облыстық арнайы мектеп-интернаты 52 жылдық тарихы бар білім ордасы. Мұнда қазіргі уақытта 165 оқушы тәрбиеленуде. Мектептің өзекті мәселесі  «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды түзете-дамыта отырып оқыту, еңбекке тәрбиелеу, өмірге даярлау».

«Балалардың өзіндік жеке мүмкіндіктерін ашу, өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуге икемдеу, бағыт-бағдар беру, еңбекке үйрете отырып үлкен өмірге дайындау - біздің мектепте қызмет ететін педагогтардың басты мақсаты. Мектеп 9 сыныптық, оқыту   орыс   және   қазақ   тілдерінде жүргізіледі. Даму сипатына қарай ерекше мұқтаждығы бар оқушыларға білім беру және тәрбиелеу үшін толық жағдай жасалған. Мұндағы басымдық фундаменталды пәндерді теориялық оқытудан бұрын, практикалық әдістемеге құрылған. Сондықтан ән-би, тігін ісі, бейнелеу өнері, спорттық дене шынықтыру, еңбекке баулу, соның ішінде қолөнер дәрістеріне көбірек басымдық беріледі. Мектеп оқушылары осы салаларда облыс, республика көлемінде өтетін түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Мәселен, Сырлыбек Бірлік деген оқушымыз Астана қаласында өткен «Республикалық қолөнершілер байқауынан» І орын иеленді. Осындай шәкірттеріміздің жетістігі ұстаздың ғана емес, ұжымның да мерейін асыра түседі. Ал оның ұстазы осы мектепте ұзақ жылдар бойы кәсіби еңбекке баулу пәнінен сабақ беріп келе жатқан педагог-зерттеуші Жанайдар Нұрмұханов ағамыз. Қазір Бірлік баламыз ағайдан үйренгендерінің арқасында өзінің жеке кәсібін ашып, қолөнермен айналысуда. Жалпы біздің мектепті аяқтаған оқушылар Қаракемер, Есік, Алматы қаласындағы кәсіптік-техникалық колледждерге түсіп, мамандық алып шығады. Біз өмірін мамандығына шексіз арнаған осындай әріптестеріміздің барына қуанамыз. Өйткені, ерекше балаларды еңбекке баулу дегеніміз – ресми қызмет қана емес, өмірлік өнер»,  дейді әріптесі педагог-дефектолог Мейрамгүл Назирова.

Ұжымдастарының айтуынша, Жанайдар ағамыз жәй мұғалім ғана емес, өзіндік қолтаңбасы бар талантты жан – қылқаламында алуан бояу тұнған кәсіби суретші, ағаштан түйін түйген шебер ұста. Оның шығармашылық әлемі өз алдына бөлек бір әңгіме. Картиналарының айтар ойы, қолөнер бұйымдарының жеткізер сыры жаңашылдыққа жетелейді. Осындай ұстаздан білім алған шәкірттің де жан дүниесі эстетикаға бай болары сөзсіз. Бір жағы ағартушылық салаға қойылатын талап үдесі уақыт өткен сайын жоғарылай түскендіктен, өнерді біліммен астастыру уақыт пен бәсекелестіктің де талабы еді. Осылардың бәрінен еңбекқорлығымен, білімділігімен және ізденімпаздығымен көш бастап, даңғыл жол салып өткен Жанайдар аға еңбек жолында педагог-зерттеуші дәрежесіне дейін жетіп отыр. Енді бүгінде ол педагогикалық үрдісті ұйымдастыруда пән иесі ретіндегі жұмыс стилі қалыптасқан оқытушы. Білім алушыларды жеке тұлға ретінде қалыптастыруға мүмкіндік беретін, ақыл-ой, рухани және өмірлік тәжірибе потенциалын арттыратын жаңашыл педагог. Жанайдар Қалтайұлының мақалалары, сабақ үлгілері осыған дейін көптеген педагогикалық басылымдарда жарық көрген. Әсіресе, бейнелеу өнері сабақтарында білім берудің жаңартылған мазмұнын байытатын сын тұрғысынан ойлау стратегияларын ұтымды қолданып жүргені көбірек дәріптеліп жүр. Бір сөзбен айтқанда, жаңашыл ұстаз ерекше мұқтаждығы бар балақайларға сан бояулы үлкен өмірде азық болатын білім, сан тараулы, тарам соқпақты жолда бағыт-бағдар болатын тәрбие беріп келеді. Ол балаларды әкелік мейіріммен жақсы көреді, әрбірін тұлға ретінде құрметтейді. Міне, «өзінің уақытын аямайтын, өзгенің бақытын аялайтын» нағыз педагогтың бейнесі осындай болса керек. 

Әр шаңырақта саусағының ізі бар

Кейде оның қолынан шыққан туындыларға қарап отырып, егер ағамыз шығармашылық жолды таңдаған болса, жанар жұлдызы дәл осылай жарқырап тұрады екен-ау деген ой келеді. Расында да, ол бүгінде «бейнелеу және мүсіншілік өнерінің атақты өкілі» болар еді. Бірақ ол – өмірі мен өнерін ізгілік жолына қиып жіберген жанкешті жан және ол құрбандығы ақталған бақытты адам! Мұғалімдік жолды таңдауында жаңаны тапсам, жас ұрпаққа жеткізсем деген тәлімгерлік тілегі жатыр. Туа бітті суреткерлік болмысымен ол бала дүниесінің суретін де дөп басып тани біледі. Ендеше, «Ұстаз – бала жанының ұстасы» деген тәмсіл тегін болмаса керек. Бәрін айт та, бірін айт, ардақты аға туралы асыл жарынан артық ешкім жеткізіп айта алмас болар.

«Ол  адамгершілігі мол, жаны жайсаң, мінезі өте салмақты, өтірік айтқанды жек көретін адал жан. Отбасында қамқор әке, бауырларына ақылшы аға, немерелеріне асқар таудай ата. Бір әулетте алты ұл боп өскендіктен адамдарды сыйлау, еңбекқорлық деген қасиеттер бойына берік орныққан. Шәкірттеріне де осыны ұлағаттап келеді. Ұсталық өнер әкесінен дарыған екен. Соның қасында түрлі бұйымдар жасаудың қыр-сырына қанығып, жастайынан ағаштан түйін түйген шебер болып өсіпті. Содан бері түрлі ат әбзелдері мен тұрмысқа, шаруаға қажетті керек-жарақтардың сан мыңдаған түрін жасап, көптің қошеметіне бөленіп жүр. Мәселен, оның қолынан ер-тұрман, ағаш астау мен ожау сынды одан да өзге дүниелер шыққан. Олардың көпшілігі иесін тауып, бірінің дастарханында, енді бірінің қожалығында игілігіне жарап тұр. Одан бөлек ол ағаштан ойып көрген жанның көзайымына айналған алуан өрнекті картиналар, қобдишалар, кеме, шана сынды тағы да басқа кәдесыйлар жасап жүрген шығармашылық иесі. Талай ғимараттың сәніне айналған көптеген картиналардың авторы. Он саусағынан өнер боп тамған осынау қайталанбас туындылары талай байқауларда жүлде алып, бүгінде көрнекі санаттағы көрмелердің жәдігерлері боп тұр. Бір сөзбен айтқанда, бізді жақын тұтқан қай мекеме, қай үй болмасын – әр шаңырақта оның саусағының ізі бар. Оған шәкірттерінің де еңбектерін қосыңыз. Осы айтылғандардың ішіндегі оның ең үлкен жетістігі – талай шәкірт тәрбиелеп, атадан мирас болған осынау қасиетті өнерді ұрпаққа ұлағаттай алған ұстаздығында. Еңбек пәнімен қатар ол бейнелеу өнерінен де сабақ береді. Өзі бос уақытында сурет салғанды ұнатады. Сурет салудың өзі адам бойына бір эстетикалық тәрбие береді. Соны ол балалардың бойына да дарытып жүр»,  дейді ағамыздың жан жары Қантай Бекбосынова жеңгеміз.

Оның айтуынша, қазір алдынғы буын шәкірттері мектеп бітіріп кетсе де, ұстазы үйреткен ұсталықтан қол үзбей, арда өнерді әлі де болса қажетіне жаратып жүрген көрінеді. Ішінара табыс көзіне айналдырғандары да жоқ емес. Арасында ұстаздарына хабарласып, ақыл-кеңес сұрайтын кездері көп. Әрқашан ағайларын іздеп келіп, хал-жағдайын сұрап, арқа-жарқа әңгіме-дүкен құрып отырғанды ұнатады. Жанайдар ағаның да шәкірттерін шеберханаларына іздеп барып, бастамасын көріп, батасын беріп кеткен кездері аз емес. Сабақтастық тіні тек мектеп қабырғасында ғана емес, өмір жолында да үзіліп көрмепті.

Алғыс арқалаған ұстаз

«Ұстаздық еткен жалықпас...» демекші, Жанайдар ағаның кәсіби жолындағы ізгі қасиетінің бірі – ізденімпаздығы. Мұнысын қолынан шыққан туындыларынан бірден байқауға болады. Соның ішінде ардақты ағаның жаны ұлттық нақышқа жақын. Қылқаламның ұшы, қандуырының жүзі тиген жерде ою-өрнекті атрибуттар төгіле жөнеледі. Бала күннен-ақ ынты-шынтысымен беріліп істейтін болғандықтан шығар қолынан келмейтіні жоқ – параққа тіл, ағашқа пішін бітіреді. Эстетикаға сай әдемі жасалған бұйымдары көздің жауын алады. Ал картиналарынан тіл байлайтындай шынайы пейзаждарды көруге болады. Суреткер жанның тағы бір жақын тұтатын шығармашылық тотемі – құс бейнесі екен. Жетісу өңірі – жер жәннаты десек, жәннат бақ құссыз болатын ба еді? Табиғаты шабыт берсе, құс бейнесі оны қанаттандыратындай.

«Оның коллекциясында, әсіресе, қанаттылардың бейнесі көп. Құс патшасы бүркітті, асқақ әрі талғампаз тырнаны, сылқым қоқиқазды айнытпай салып қана қоймай, оны ағашқа ою, оларға мінез беру, символикалық мәнін дәл әрі терең көрсете алу  хас шебердің қолынан ғана келетін өнер шығар. Жанайдар Қалтайұлының ағаштан ойылған осындай картиналарынан қыран бүркіттің болмысындағы еркін қайсар рухты, ірілікті сезінесіз. Ал тырналары  аса нәзік, аса сұлу, аса кірпияз. Құдды бір көл бетінде бұрала билеп жүрген талдырмаш бишіні көз алдыңызға әкеледі. Міне, біздің ағай осындай өнерлі жан», - дейді әріптесі еңбекке баулу мұғалімі Марат Дәуренбеков.

Расында да Жанайдар Қалтайұлы – қылқаламның ғана шебері емес, ағаштың да тілін тапқан керемет ұста. Қарағай, емен, қарағаш, қайың сынды діңі келісті кеспелтек ағаштарды жонып, иіп, өрнектеп, оюлап – небір түрлі бұйымдар жасайды. Ағашты шебердің өзі таңдайды екен. Майлайды, булайды, кереді, кептіреді. Міне, содан кейін ғана ол ағаш қолөнер бұйымына айналады. Әсіресе, оның қолынан шыққан астаулардағы қайталанбайтын ұлттық оюлар мен нәзік өрнектер өте сәнді. Жанайдар ағамыздың аса талғаммен жасалған ұлттық нақыштағы экологиялық таза бұйымдары әр шаңырақтың дастарханына жарасатыны сөзсіз. Оның  коллекциясы талай көрменің көркін ашып, мазмұнын байытып жүр. Еңбегі де елеусіз емес. Ағартушылық жолында Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен, Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, «BI Жұлдызай» корпоративтік қорының, Республикалық «Жарық жұлдыз» балалар өнер байқауының, XIII «Жұлдызай» Республикалық балалар шығармашылық  фестивальінің Алғыс хаттарымен марапатталған. Тіпті бір уақыттары Жанайдар Қалтайұлын Алматы, Астана сияқты мегаполистерге жақсы қызметтерге шақырған кездер болған екен. Әрине, қалада тұрса, өзімен пікірлес ортада жүрсе, өмірінің мазмұны басқаша бағыт алар ма еді, кім білсін?! Бірақ ол қызметке де, қызылды-жасылды қызығы көп қалаға да қызықпады. Тіпті, оқуын аяқтаған соң да нағыз өнер мен мәдениеттің ошағы Алматыда тұрақтап қалса болар еді. Жоқ,.. қолына дипломын алды да, туған жерге тартты. Ұстаздық өмірінің мәніне айналды. Шәкірттерін ұсталық өнерге қызықтырып, ағаштан түйін түюге баулыды. Үлкенді де, кішіні де жіпсіз байлап, телефон экранына телмірткен «смартфон-заманда» баланы ата-баба кәсібіне ынтықтыра алу нағыз кәсіби, нағыз жанашыр жанның қолынан ғана келсе керек-ті. Міне содан бері Жанайдар Қалтайұлы оқушыларға ертеңгі күні нан таба алатын кәсіп үйретіп келеді. Онысы жеміссіз де емес. Өйткені, ерекше баласының еміне дауа іздеген ата-ана үшін бұл үлкен көмек. Күрделі баланың күрмеуі – білім мен тәрбиенің, өнер мен еңбектің емдік күшінде. Ендеше, бұл жағдайда «Ұстаз – бала жанының ұстасы ғана емес, шипагері» деуге де болады. Сондықтан да Жанайдар аға үшін еңбек жолындағы ең үлкен жеңісі – осы ата-аналардың алғысы. Ал алғыс арқалаған абзал жан бүгін 60-қа толып отыр. Біз, ұжымдастар атынан, ардақты ағаны туған күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

Ұлан ОРАЗ