2005 жылдан бастап Испанияның компаниялары Қазақстанға шамамен $300 млн инвестиция құйған.
Ақтауда құрамында азот бар бірегей тыңайтқыш өндіретін кешен салынады
949
оқылды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Tecnicas Reunidas компаниясының атқарушы төрағасы Хуан Лиадо химия және мұнай-газ химиясы салаларында жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады,  деп хабарлайды Aikyn.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Кездесу барысында Премьер-Министр Испания Қазақстанның Еуропалық одақтағы негізгі сауда-экономикалық әріптестерінің бірі екенін атап өтті. Атап айтқанда, екі ел арасындағы тауар айналымы өткен жылы 42%-ға өсті.

Сонымен қатар инвестициялық ынтымақтастық бағытында жаңа перспективалар ашылуда. Жалпы, 2005 жылдан бастап Испанияның компаниялары Қазақстанға шамамен $300 млн инвестиция құйды. Республикада жетекші испаниялық брендтер, олардың ішінде Maxam, Inditex, Pronovias және басқалары кеңінен ұсынылған.

«Біз Tecnicas Reunidas компаниясының Ақтаудағы жаңа аммиак-карбамид кешенінің жобалық құжаттамасын әзірлеу, сондай-ақ Атырау облысында полиэтилен өндіру аясында «ҚазАзот»  және «ҚазМұнайГазбен» ынтымақтастығын қолдаймыз»,  деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы аммиак-карбамид кешенінің құрылысы Қазақстан үшін жаңа өнім – карбамид өндірісін жолға қоюға мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл – кез келген топыраққа жарайтын құрамында азот бар бірегей тыңайтқыш.

Оған қоса полиэтилен өндіретін ауқымды кешеннің құрылысы Қазақстан экономикасын одан әрі әртараптандыруға елеулі үлес қосады.

«Біз үшін қосылған құны жоғары осындай жобаларды табысты іске асыру маңызды. Өз тарапынан Үкімет экономиканың басым салаларында инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қажетті қолдау көрсетуге дайын»,  деді Премьер-Министр.

Өз кезегінде Хуан Лиадо Қазақстанда қалыптасып отырған қолайлы жағдайлар үшін ризашылығын білдірді.

«Біз аталған екі маңызды жоба бойынша жұмысты бірнеше ай бұрын бастадық. Ең оңтайлы шешімдерді іздеп тауып, жергілікті компаниялармен серіктестікте тиімді құрылыс жұмыстарын жүргізетінімізге сендіре аламын. Жобаларды сәтті іске асыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», деді Tecnicas Reunidas компаниясының атқарушы төрағасы.

Анықтама: Tecnicas Reunidas – өнеркәсіптік жобаларды әзірлеп, жүзеге асыруға маманданған испаниялық компания. Қызмет еткен жылдары компания әлемнің 60-тан астам елінде 1 000-нан астам өнеркәсіптік кәсіпорынның құрылысын жобалап, басқарды.

2020 жылы Tecnicas Reunidas Астанада кеңсесін ашты. Ол 2002-2004 жылдары ҚР мұнай-газ саласындағы инженерлік жұмыстарға тартылған болатын.