Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында еліміздің ең қиыр оңтүстік нүктесі – Жетісай қаласындағы «АМАNАТ» партиясының аудандық филиалында «Кітап-АМАNАТ» мәдени-ағарту орталығы ашылды.
Шекаралық аймақтағы елді мекендер қазақтілді кітаптармен қамтылды
750
оқылды

Партиялық алаң осылайша Президент айтқан ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға үлес қосып қана қоймай, адамның ішкі әлемін байытатын, адамгершілік қасиетке, азаматтық ізгілікке, елжанды мінезге тәрбиелейтін ортаға айналмақ, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Кітап-АМАNАТ» жобасының маңызы жөнінде партияның Түркістан облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Қалыйма Жантөреева баяндады. 

«Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда кітап басып шығару ісі – идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі екенін айтты. Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды басып шығару, балаларды ұлттық құндылық негізінде тәрбиелеу үшін сол бағыттағы кітаптарды оқытып, жалпы кітапқа деген қызығушылығын оятудың маңызына тоқталды және арнайы тапсырма берді. «АМАNАТ» партиясы осы міндет аясында барлық өңірде арнайы орталық ашты. Түркістан облысы партия бастамасын шекаралық аймақ саналатын Жетісай ауданында жалғастырып, отандық әдебиеттің дамуына кең өріс ашып отыр», – деп атап өтті.

Орталықта жұртшылық кітапты жазып та, сатып та алып оқуға мүмкіндік алмақ. Партияның облыстық филиалы баспагерлік ұйымдармен арнайы меморандумға қол қойып, сұранысқа ие қазақтілді әдебиеттердің халық арасында кең таралуына жәрдемдеспек. Бұл бағытта Жетісай ауданындағы мәдени-ағарту орталыққа алғашқы 1500 кітап жеткізілді. 

Орталықтың ашылу салтанатына қатысқан Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов Жетісай жұртшылығы кітаптың қадір-қасиетін жіті түсінетінін, оған жуырда өткен кітап фестивалі дәлел бола алатынын жеткізді. Ол осы дәстүр ізімен партиялық алаңда «Кітап-АМАNАТ» жобасының жүзеге асуын жақсылыққа балайтынын айтты. Идеологиялық жүктемесі ауқымды бұл бастама арқылы тұрғындардың әдеби танымын кеңейту, оларды баспадан шыққан қазақтілді жаңа кітаптармен таныстыру, тұрғындардың сапалы әдебиетке қол жеткізуіне жәрдемші болу міндеті атқарылатынын атап өтті. 

Іс-шараға ауданның белді азаматтары қатысып, игілікті бастаманың сәтті болуын тіледі. Сондай-ақ аудан тұрғындарына ақжарма тілектерін партияның Түркістан облыстық филиалы жанындағы «MIRAS» кеңесінің мүшелері де білдіріп, аудан тарихындағы елеулі жоба табысты болатынына сенім білдірді. 

Жобаның қиырдағы Жетісай топырағында жүзеге асып жатқанына қуанышын білдірген жұртшылық кітап әлемі өміршең құндылық екенін жеткізді. 

Айта кету керек, Түркістан өңірі ежелден білім-біліктің қасиетті қарашаңырағы, үздік өркениеттің ордалы мекені болған. Тарихта ізі қалған әйгілі «Отырар кітапханасы» қазақ даласы байырғы дәуірдің өзінде-ақ ғылымға ден қойған, адамзатты білімге бастаған шамшырақ жұрт – Жерұйық болғанын көрсетеді. Жетісайда ашылып отырған кітап орталығы бұрынғы игі дәстүрді жалғайтынына сенім мол.