Кейбір тұрғындар газ жоқ болғасын, электр пештің үстіне су толы қазанды қойып, қайнаған судан шыққан ыстық бумен үйін жылытып отыр.
Балалардың бәрі ауырып жатыр: Алматы облысында 4 ауылдың тұрғындары жылусыз отыр
1,183
оқылды

КТК телеарнасының жазуынша, Нұрғиса Тілендиев ауылындағы шамамен 400 отбасы үш күннен бері жылусыз үйде отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Өйткені, газдың қысымы төмен болғасын, пештері сөніп қала береді. Ал жауапты компания болса, мәселені ретке келтіру үшін 10 күн керек екенін айтқан.

Қазір жұрт үйін неше түрлі амал тауып жылытуда. Кейбір тұрғындар газ жоқ болғасын, электр пештің үстіне су толы қазанды қойып, қайнаған судан шыққан ыстық бумен үйін жылытып отыр.

“Газ жоқ. Үй суық. Балалардың бәрі ауырып жатыр. Өзім де ауырып жатырмын қайта-қайта. Әрқайсысына, мысалы, 30 мыңға дәрі аласың. Менде бір бала емес, қазір 5 бала бар. Ең кішкентайы бүгіннен бастап жөтеліп жатыр. Бұған да енді укол алып жатырмын”, – дейді ауыл тұрғыны Гүлжахан Құлбаева.

Жылудың жоқтығын жоққа шығармаған жауаптылар болса, газ тарату станциясы тым алыста орналасқан деп отыр. Яғни, ауылдарға жеткенше қысымы төмендеп кетеді. 

“Қазір Қосөзен, Нұрғиса Тілендиев, Қараой, Чапаев ауылдарында газдың қысымы төмен. Бұл ауылдарға газ тарату станциясы алыс орналасқан. Арасы 30 шақырым. Осыған байланысты, біз былтыр құны 700 миллион теңгеден асатын станцияны жақын маңнан соқтық. Енді соған қосып жатырмыз. Мәселе, 10 күннің ішінде шешіледі”, – деді "Алматыгазсервис-Холдинг" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Василий Тен.