Барлығы да полицейлердің көмегімен табылды.
Түркістан облысының 4 ауданында кәмелетке толмаған қыздар жоғалып кеткен
1,869
оқылды

Оқиға Түркістан облысындағы Отырар, Сарыағаш, Келес, Жетісай аудандарында тіркелді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Отырар аудандық полиция бөліміне арызданған жергілікті тұрғын қызының үйінен шығып, хабарсыз кеткенін айтқан.

Полиция қызметкерлері топ-топқа бөлініп, 16 жастағы қызды белгілері бойынша іздестірді. Жедел шаралардың нәтижесінде кәмелетке толмаған жасөспірім Шымкент қаласындағы саяжайлардың бірінен табылып, үйіне қайтарылды.

Сондай-ақ полиция көмегіне Сарыағаш ауданының тұрғыны да дәл осындай арызбен жүгінген.

Ол да кәмелет жасына толмаған қызының колледждегі сабағына кетіп, қайта оралмағанын айтты.

Тәртіп сақшылары 15 жастағы қызды Шымкент қаласындағы жалдамалы пәтерде таныс қыздарымен бірге жүрген жерінен тапты.

Одан бөлек, Келес ауданында ауруханада ем алып жатқан 17 жастағы қыз көшеге шығып кетіп, қайта оралмаған.

Ал, Жетісайда 13 жастағы қыз жоғалған.

Шұғыл іздестіру шараларын жүргізген тәртіп сақшылары келестік қызды Шымкент қаласында пәтер жалдап жүрген жерінен тапса, жетісайлық жасөспірім саябақтардың бірінде жүрген жерінен үйіне қайтарылды.