Биылғы жылға жоспарланған 112 іс-шараның 60%-ы орындалды.
Жетісу облысында алғаш рет «AMANAT» партиясы депутаттарының форумы өтті
1,468
оқылды

Бүгін Жетісу облысы бойынша «AMANAT» партиясының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының I өңірлік форумы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Аймақта алғаш рет ұйымдастырылған шараға «AMANAT» партиясы атынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, облыстық басқарма және департамент басшылары, партия ардагерлері мен белсенділері қатысты.

Мақсат – жергілікті атқарушы орган өкілдерімен байланысты нығайту. Яғни халық қалаулары өздеріне дауыс берген сайлаушылардың мәселелерін мінберден көтеріп, оның шешілу жолдарын жеңілдетпек. Сонымен қатар шарада Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы аясында партияның сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы талқыланды.

Форумның ашылуында сөз алған Жетісу облыстық партия филиалының төрағасы Арыстанғали Арын сайлауалды бағдарламасы аясында өңірдің әлеуметтік экономикалық дамуының 11 айына қорытынды жасады.

«Барлық деңгейлі мәслихат депутаттарының облыстық алғашқы форумы. Биылғы жылға жоспарланған 112 іс-шараның 60%-ы орындалды. Жол картасында көзделген 123 іс-шара кезең-кезеңімен орындалатын болады. Ол жұмыстардың барлығы партиялық бақылауда болады. AMANAT партиясының депутаттары жыл басынан бері 800-ге жуық қабылдау өткізіп, 700-ге тарта азаматты жеке мәселелерімен қабылдаған. «Жер аманаты» жобасы арқылы биыл 240 мыңнан аса гектар жер мемлекетке қайтарылып, халыққа үлестірілді. «Ауыл аманаты» жобасы аясында облыста 3 млрд 939 млн теңгеге 646 өтінім қабылданып, оның ішінде 489 өтінімі мақұлданып, 379 өтінімге несие берілді», – деді Жетісу облыстық партия филиалының төрағасы Арыстанғали Арын.

Алқалы жиын барысында мәслихат депутаттарының рөлі туралы айтқан өңірлік партия төрағасы тұрғындар көтеретін өзекті мәселелерді шешу жолындағы міндеттерін атап өтіп, сайлауалды бағдарламалардың орындалуына басты назар аудару қажеттігін ескертті.

Айта кетсек, Жетісу облысында барлық деңгейдегі 168 мәслихат депутатының 117-і «AMANAT» партиясының мүшесі. Биылғы жылдың қазан-қараша айларында облыс бойынша мәслихат депутаттары облысымыздың әр аудан және ауылдарда тұрғындармен 159 есептік кездесулер өткізді.

Форум соңында депутаттар сала-сала бойынша секцияларға бөлініп, өзекті мәселелерді сөз етті.