Қазақ «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деп бекерден бекерге айтпаса керек. ХХІ ға­сыр – білімділер ғасыры, бәсе­келестер дәуірі. Интеллек­туалдар озып, ғылыми техно­логия қарыштап дамыған за­ман.
«Жайлы мектеп» – сапалы білім кепілі
1,674
оқылды

Адамзат ақыл-ойы тудыр­ған ғылыми жетістіктің адамға қызмет етуі, ғаламшар игілігіне жарауы үшін де білім мен ғы­лымның маңызы зор. Біз «да­мыған мемлекеттердің ал­дыңғы қатарынан көріну» де­ген­ді көп айтамыз. Заманмен тайталаса, еліміздің жарқын болашағын жасағымыз келеді. Егер білім мен ғылымға ұмтыл­ған ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие дәнін еге біл­сек, қазақтың «алтын ғасырын» тудыруға болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті Қазақстан­ның экономикалық бағдары» атты Жолдауында «Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арт­тыру ауадай қажет», – дейді. 

«Ең түйінді сөз – сапа». Заман талабы – сапалы халық, сапалы ұлт, сапалы білім-ғылым, сапалы тех­нология, сапалы тіршілік стандар­тын қалыптастыру. Биылдан бастап Президент тапсырмасымен елімізде оқушылардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасау мақсатында «Жайлы мектеп» құ­рылысы басталды. Ұлттық жоба бі­рінші кезекте қалалар мен келе­шегі бар елді мекендерде жаңа үлгідегі мектептер салуға, оқушылар мен педагогтер үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға, білім беру қызметінің сапасын арттыруға бағытталған. Жоба аясында 2023-2025 жылдары 401 жаңа мектеп салу жоспарланған. Жоба құны 2,6 трлн теңге бағаланып отыр. Оның 1 трлн 960 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 646,5 млрд теңгесі Ұлттық қордан бөлінеді.

Ресми деректерге сәйкес, елі­мізде қазір 7 мың 700-ден астам мек­теп бар. Оның 147-сі – үш ауы­сымды, 35-і – апатты жағдайдағы мектептер қатарында. Ал 710 мектеп әбден тозған. Мәселен, жұмыс істеп тұрған 177 мектепті пайдалану мерзімі 70 жылдан асып кеткен. Сондай-ақ 239 мектеп саманнан, 69 мектеп ағаштан, 5 мектеп қамыс­тан салынса, тағы 40 мектеп бейім­делген ғимараттарда орналасқан. 

Қалалық жерлерде 2 мыңнан астам мектеп болса, ауылдық жер­лердегі мектеп саны 5 мыңнан аса­ды. Тиісінше, оқушы орындарының жетіспеушілігі 270 мыңды құрап отыр. Болжам бойынша, егер мек­теп құрылысы белсенді жүргізілмесе, 2025 жылға қарай орын тапшылығы миллионға жетуі мүмкін. Себебі де­мографияның өсуі және урбани­зация есебінен халықтың қалаларға шоғырлануы деуге болады. 2026 жылға қарай оқушы орнының бол­жамды тапшылығы – 1,1 млн құрай­ды деп күтілуде. Мемлекет басшысы елдегі мектеп тапшылығын шешу және қала мен ауыл мектептерінің арасындағы қашықтықты жою мақ­сатында жүзеге асып жатқсан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына Үкімет пен әкімдіктер жауапты екенін ескертті.

– Мектеп салу Үкімет және әкім­діктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар соттал­ғанда, олардың заңсыз тапқан қар­жысы мемлекетке өтіп, түгелдей мек­теп құрылысына жұмсалуға тиіс, – деді Президент.

Президент тапсырмасының орын­далу барысын «AMANAT» пар­тиясы тұрақты бақылауда ұстау­ды мақсат етіп отыр. Мәжіліс де­путаты Елнұр Бейсенбаев:

– Мемлекет басшысының жай­лы мектептер салу жөніндегі игі бас­тамасын жүйелі жүзеге асыруы­мыз керек. Бұл іске қоғам болып жұмылу қажет. Әрбір қазақстандық бала заманауи мектепте білім алуға толық құқылы. Отандық тауар өн­дірушілерге айтарым, басты мақсат – табыс табу емес, жайлы мектеп тұрғызу. Жас ұрпақ сіздер өндірген жиһаздарды пайдаланып, 11 жыл білім алады. Бақай есеп үшін емес, заманауи мектеп салу үшін жұмыс істеуміз керек. «AMANAT» фрак­циясы әрдайым осындай маңызды мәселелердің көшбасында жүруге дайын. Біз бұл мәселені бақылауда ұстаймыз, – деді.

Сонымен қатар құрылыс бары­сын бақылайтын ақпараттық-цифр­лық платформа жұмыс істейтін болады. Электрондық жүйе арқылы қар­жының тиімді жұмсалуына ашық қоғамдық бақылау жүргізіл­мек.

Оқу-ағарту министрлігінің мә­ліметінше, жоба бойынша барлық мектептер құрылысында бірыңғай стандарт қолданылады, онда мысал­ға жабдықтау шығындары кем де­генде 20% болады. Спорт залдарын жеке блоктарда орналастыру көз­деліп, олар мектепалды және 1-4-сы­ныптар үшін және 5-11-сы­нып­тар үшін бөлек болады. Оған қоса, мектеп аумағы жылжымалы ойындарға арналған алаңдармен толық жабдықталады. Қалалық және ауылдық елді мекендегі мек­тептерге қойылатын талаптар бірдей болады. Қазіргі күні 461 мың орын­дық 217 мектептің құрылысы бас­талып, олар 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал қалған 152 мектеп­тің құрылысын 2024 жылы бастап, 2025 жылы аяқтап, соның арқасында 279 мың орындық тапшылықты шешу жоспарланып отыр.

– Қазір үш аусымды мектеп пен оқушы орнының тапшылығы қатты сезілуде. Бұған қатысты Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағ­дарламаның табысты жүзеге асырылуы да балаларымыздың ал­дағы білім сапасындағы функ­ционалды сауаттылығын көрсететін болады. Сондықтан Үкімет осыған қатты көңіл бөлуі керек. Жайлы мектептердің уақытылы салынуы және ұлттық жобада аталған мәсе­лелердің толықтай жүзеге асырылуы маңызды. Смартфонға телмірген заманда балаларды кітап оқу, оқу сауаттылығын арттыру, кітап оқуға ынталдандыру мақсатында кешенді бағдарламалар жасау керек. Мем­лекет басшысы балалар кітап­ханасын жасақтауды міндеттеді. Сонымен қатар балалардың көркем әдебиет тізімін бекітуді тапсырған болатын. Осы тапсырмаларды Үкімет нақтылау қажет. 

Біз өз тарапымыздан білім беру және тәлімгерлік кейбір мәселе­лерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң қабылдадық. Көппәтерлі тұрғын үй соғудан бұ­рын әлеуметтік инфрақұры­лымның болуына нақты көңіл бө­ліну қа­жеттігі нормасы әкімдіктерге мін­деттеліп отыр. Сонымен қатар әкімдіктерге білімді дамыту туралы жоспарын бекітудің заңды нор­масын қарастырдық. Ал жергілікті мектептерге білім беру сапасы, оның мәдениеті, оны бағалау мә­дениеті деген ұғымдар енгізілді, – деді Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова. 

Егер бағдарлама қағаз жүзінде қалып қоймай, жоспарлы түрде жүйелі жүзеге асатын болса, мек­тептердегі жайлы инфрақұрылым және сыныптардағы бала санының шамадан тыс артық болмауын қадағалау да білім сапасының көтерілуіне, оқушының ынтасының артуына ықпал ететіні сөзсіз. Сон­дық­тан депутат Жұлдыз Сүлей­ме­нова мектептерді оқушы саны бо­йын­ша бөлу мәселесін жіті қада­ға­лау керегін айтады. Мәселен, 2 500 оқушыға негізделген тек 3 ғимарат тұрғызылады. Оның біреуі – Ақмола облысында, ал қалған екеуі Алматы қаласында салынады.

– Мұндай мектептердің жалпы қауіпсіздігіне қатаң талап қойылуы керек. Яғни, жер сілкінісіне төзім­ділік пен шұғыл эвакуация жасау мүмкіндігі мәселелеріне айрықша мән берілуі тиіс. Мұндай ғимарат­тардың аумағы да кең болуы керек. Сонымен қатар тендерлерді бір­неше рет өткізбеу үшін құрылыстың кешігуіне жол беруге болмайды, – деді ол.

Ұлттық жоба аясында салына­тын мектептердің саны мен сапасы туралы сөз болғанда, қазақтың «арық айтып, семіз шық» дейтін қағидасына көбірек жүгінген дұрыс сияқты. Мемлекет басшысы да «Ең түйінді сөз – сапа» деп отыр. Яғни, «Жайлы мектеп» сапалы білім кепілі болу тиіс. Сондықтан бағдар­ламада белгіленген жобаның жос­парлы түрде уақытылы жүзеге асуы­на және оқушының оқуға деген ынтасының артуына қолайлы орта қалыптастыра алатындай болуына көбірек мән берілсе игі.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ