Төрт бөлімді тарихи драма Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан телеарналарынан да көрсетіледі.
«Қорқыт» – эфирде
1,722
оқылды

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен төрт бөлімді «Қорқыт» тарихи драмасы түсірілді. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы түсірген телехикая сюжетінде түркі халықтарына ортақ тұлға Қорқыттың дүниеге келуі, балалық шағы, жеткіншек кезінен бастап, сәуегей, абыз ретінде қалыптасу жолы көрсетіледі.

Телехикая сценарийі әлемдік деңгейде мойындалған «Қорқыт ата» кітабы, атап айтқанда, «Салор Қазанның үйінің шабылғаны туралы жыр» желісі негізінде жазылған.

Хикаяда Қорқыттың әр кезеңдегі рөлдерін Дінислам Нұрмағамбет, Әділ Ахметов және Айдос Бектемір сомдайды. Сонымен қатар негізгі тарихи рөлдерде Еркебұлан Дайыров, Зарина Кармен, Медғат Өмірәлі ойнап шықты. 

Бұған дейін отандық сериалдарда VII-VIII ғасырлардағы кезең, сол замандағы тайпалар мен ұлыстардың тұрмыс-тіршілігі қамтылмаған. Бұл – сол кезеңде өмір сүрген түркі әлеміне ортақ аңыз тұлғаға қатысты алғашқы жоба. Сонымен қоса, телехикаяда Қорқыттың бітімгерлік насихатшысы ретіндегі рөлі мен кемеңгерлігі, қобыз тарихы туралы аңыз бен қазақ фольклорындағы жыраулық өнер көрініс табады. 

Сериал Қазақстандағы тұсаукесерінен кейін шетелдерде көрсетілмек. 

«Бұл «Қазақстан» телерадиокорпорациясының өзге мемлекеттермен бірлесе түсірген алғашқы үлкен жобасы. Түсірілімге Қырғызстан мен Өзбек­стан Республикалары атсалысты. Біздің мақсатымыз – аңыз тұлғаның түркі елдеріне ортақ бейнесін жасап, қалыптастыру болды. Ол үшін ұзақмерзімді зерттеулер жасалды. Телехикая ұлттық арнадағы тұсаукесерден кейін осы елдердің ең басты мемлекеттік арналарында да көрсетіледі. Қазір Түркия­ның «TRT», Әзербайжанның AzTV, CBC TV арналары, Қырғыз­станның «КТРК», ЭлТР және Өзбекстан мемлекеттік телерадиокомпаниясы сериал­ды өз аудиториясына ұсынуға қызығушылық танытып отыр», – деді «Қазақ­стан» телерадиокорпорациясының басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.

 Түсірілім Алматы облысы мен Өзбекстан Республикасының Хиуа қаласында өткен. Сериалға қырғыздың атақты манасшысы Рысбай Исақов пен танымал актері Аскат Сулаймановтың рөлдері бар. Жобаның сценарий авторлары – Наргиза Салом, Евгения Палехова, Бекзат Жұмажан, Берік Жүсіпов және Шолпан Батырбаева. Шолпан Батырбаева жоба продюсер ретінде де еңбек етті. Телесериалдың режиссері – Қанағат Мұстафин. 

Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай қарт Қорқыт образы көрерменге, оның ішінде жастар аудиториясына қызық әрі түсінікті болуы үшін хронологиялық реттілікке, биографияға негізделген сюжет құрастырылғанын атап өтті.

Телехикая 16-17 желтоқсан күндері сағат 14:40-та Qazaqstan ұлттық арнасының эфирінен екі бөлімнен көрсетіледі.