Осыдан үш жыл бұрын «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастыруға болады.
Тәуелсіздік тұрақты экономикамен тұғырлы
2,257
оқылды

Оның әрқайсысы атқарған миссиясы тұрғысы­нан ғасырдың жүгін арқалап тұр» деген еді. Биыл еліміз өз Тәуелсіздігінің 32 жылын аяқ­тады. Демек, тұтас ға­сыр­­дың үштен бір бөлігіне жуық дәуірді абыроймен еңсерді.  

Әдетте тәуелсіздік жайлы сөз еткенде азат болғанымызды,  салтымыз бен санамыз, дәстүріміз бен мәдениетіміз, дініміз ден діліміз қайта оралғанын сөз етеміз. Рухымыздың асқақтаға­нын да талай паш еттік. Спорт­тағы, ең­бек­тегі, әдебиеттегі азды-көпті  же­тістігімізді тілге тиек ете­міз. Дегенмен Тәуелсіздік күні өткен жылдардағы экономикалық же­ңістер мен жетістіктерді әңгі­меге арқау етуге түрткі. Себебі оның артында әрбір қазақстан­дықтың ерлікке лайық ерен ең­бегі, күш-жігері тұр.

Сандар сөйлесе!

Нақты бір сан көп жайттан хабар береді. Кеңес одағы күйреген соң, 1991 жы­­лы азаттық алған Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) небәрі 24,9 мил­лиард долларды ғана құрапты. Бұл – әлемдегі ірі автоконцерндердің капита­ли­зациясынан да төмен еді. Яғни, тұтас ел бір компанияныкінен аз қаржыға өмір сүруге мәжбүр болды.

Ұлттық статистика бюросының дере­гінше, бүгінде 2023 жылы Қазақ­станның ЖІӨ-сі 104 миллиард 560,6 мил­лион долларды құрады. Бұл көрсеткіш жөні­нен республикамыз дүниежүзінде 65-ші орынға жайғасты. 

Ал Дүниежүзілік банк түзген «сатып алу қабілетінің партитеті негізіндегі, ЖІӨ шамасы» (GDP) бойынша рей­тингте Қазақстан 41-ші орынға көте­рілді. Мемлекетіміз Ирландия, Аустрия, Гон­конг, Израиль, Португалия сияқты ел­дерді артқа тастады. 

Экономика ғылымдарының докторы Арыстан Есентүгеловтың дерегінше, өт­кен ғасырда Қазақстанның өнеркәсіптік өнімінің жалпы көлеміндегі өндіруші сектордың үлесі орташа одақтық деңгей­ден 2 есе жоғары болды. Яғни, «шикізат­тық ел» болдық.

Ал өңдеу өнеркәсібі керісінше, кен­же қалды. Тіпті, екпінді дамыды деген ма­шина жасау саласы да негізінен дайын өнім­ді емес, одақтық бұйымдар­дың тек құрауыштарын немесе түрлі аралық өнім­­дерін ғана шығаратын. Салдарынан эк­скаваторлардың, метал кесуші ста­нок­­тардың, сорғылардың бүкілодақтық өн­ді­рісіндегі Қазақстанның үлесі – бар-жоғы 2%, ұсталық-престеуші машиналар жасауда – 3%, комбайндар өндірісінде – 4%, дайын прокатта – 4% және сол сияқ­ты болып кете беретін.

Орталықтандырылған бөлініс бо­йын­ша Қазақстан өндірген бүкіл мұнай­дың 71%-ын, мазуттың – 100%-ын, көмірдің – 43%-ын, темір рудасының – 55%-ын, синтетикалық каучуктың – 86%-ын, машиналар мен олардың жаб­дықтарының – 80-100%-ын, трак­­­торлардың – 60%-ын, сондай-ақ астықты, қара, түрлі-түсті металдарды, тіпті тері мен жүнге дейін одақ алып қоятын.

Ғалымның түсіндіруінше, респуб­ликадан шикізат КСРО-ның өзге өңір­ле­ріне су тегінге әкетілетін, ал олардан да­йын өнімдер бірнеше есе қымбатқа жеткізілді. Мұндай деформацияланған экономикалық құрылым Кеңес одағы­ның «тірі кезінде» республи­кааралық тауар айналымдағы алапат қайшылық­тарға соқтырды және қазақстандық эко­но­миканың еңсе тіктеуіне еш мүмкіндік бермеді. 

Содан 90-шы жылдары одақ ыдырап, шаруашылық байланыстар үзілгенде Қа­зақстан экономикасы мүлдем тұралап қал­ды. Себебі оның шығаратын өнімде­рін Ресей әкетіп, әрі қарай әлемдік қара базарға өзі сататын. Қазақстанның жа­һан­дық нарықта орны да, тікелей сатып алушысы да болмады. Қазақтардың мұнай, көмір және басқа да шикізат­та­рын Ресей арқылы шетелге тасы­­­мал­дауын Мәс­кеу бұғаттап тастады: одақ­тық мұнай құбырлары, темір жол­дары, логистикасы және басқасы соның мен­шігіне өткен еді. 

Кейін 2001 жылы қазақтың қара ал­тынын әлемдік тұтынушыларына жет­кізу үшін еліміз Оманмен бірлесіп, «Кас­пий құбыр консорциумының» құ­бырлар желісін іске қосты. Бірақ оған дейін ұзақ он жыл бар еді. 

Салдарынан тоқсаныншы жылдары кен орындарындағы өндіріс, алып-зауыт кәсіпорындардағы жұмыс жаппай тоқ­тады. Істеп тұрғандары өнімін өткізе ал­май, қоймаларды толтырды. Мұның бәрі кез келген елді күйретіп, тарих көшінің жиегіне шығарып тастауы мүмкін еді. Дүниежүзіндегі тәуелсіздік алған 190-нан астам елдің тек жетпістейі ғана орн­ықты экономикаға ие. Қазақ­стан солар­дың қатарына ене алды. 

Жаңғыру экономикадан басталады

Тәуелсіздіктің 30 жылдығында Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев «Енді ал­дымызда болашақтың экономикасын же­дел құру міндеті тұр. Оның негізін жаңа технологиялар, жасанды интел­лект, жоғары еңбек өнімділігі және шы­ғар­­машылық бастама құрайды. Бұл жұ­мыс­тарды атқаруда жастар шешуші рөл атқа­руы керек. Мемлекет қоғамдағы кон­­струк­тивті диалог пен ынтымақ­тас­тықты мақсатты түрде дамыта отырып, әрқашан жауапты азаматтарға арқа сүйейді. Біз дәйекті саяси жаңғыру үде­рі­сін жалғастыра береміз, бірақ әлеу­меттік антагонизмге, популизмге, ішкі жағдай­дың тұрақсыздануына жол бер­мейміз. Елімізде үйлесім мен тәртіптің берік ар­қауы ретінде заң үстем құруға тиіс. Эко­ло­гияны жақсарту алдағы онжыл­дықтағы мемлекеттік саясаттың негізгі басым­дығы болады. Қазақстан цифрлық техно­логияны енгізу ісін жан-жақты күшей­теді. Біз қоғамда іскерлік рухы мен тәжі­рибесін одан әрі күшейтуді сөзбен емес, жасампаз ұлттың даңқын асыра оты­рып іспен көрсетуіміз ке­рек», – де­ген еді. Сөйтіп, отыз жылда біршама та­бысқа жеткенімізбен, тоқы­раған сала­лардың да болғанын тұспал­даған. 

Сарапшылардың айтуынша, қазір экономиканы дамыту күрделене түсті. Әлемде геосаяси ахуал ушығып кетті. Мем­­лекеттер арасында нарықтар, ре­сурс­тар, капитал және басқасы үшін бақталастық күшейді. Жаһандық эконо­мика және халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеруде. Технологиялық бәсе­ке қызып тұр. 

Климаттың өзгеруі, азық-түлік қа­уіп­­сіздігі және демографиялық тұрғы­дан орнықты даму ең өзекті мәселеге айнал­ды. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тари­хында бұрын-соңды болмаған сын-қа­тер­лер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі бас­талды.

Соған қарамастан, Қазақстан эконо­микасының негізгі бағыттары бойынша жақсы көрсеткіштерді паш етуде. Ұлт­тық экономика министрлігінің дере­гінше, 2023 жылғы қаңтар-қараша ай­ларының қорытындысында ел эко­­­­­­­­но-микасы 4,9% өсті. 

2023 жылғы қаңтар-қазанда сыртқы сауда тауар айналымы 2,6%-ға өсіп, 114 миллиард доллардан асты. Бұл – ке­зекті рекорд. Қазақ елінің сыртқы әлем­­­мен сауда-саттығы бұрын-соңды мұн­дай межеге жетіп көрмепті. Соның ішінде экспорт та рекордтық шамаға, 65 млрд дол­ларға жетті. Мұндағы өң­дел­ген тауар­лар экспорты 21 млрд дол­ларға жуықта­ды. Елдің алтын-валюталық қо­ры 100 мил­лиард долларға жуықтады. Бұл, ең алдымен, экономикалық тұрақ­тылы­ғы­мыздың аса маңызды кепілі екені сөзсіз.

Мұндай аса маңызды шақта зор эко­номикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Осы орайда Қазақ­­станның серпінді дамуына Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы Жолдауында жариялаған және биылғы Жолдауында толықты­рылған «жаңа эко­номикалық бағдар» сүбелі үлес қосуға тиіс. 

Мемлекет басшысы Қазақстанның жаңа экономикалық үлгіге өтуі батыл жүргізілетінін нықтады. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жет­кізу емес, шын мәнінде халықтың тұр­мыс сапасын жақсарту болуға тиіс. Әділдік, инклюзивтік және үнем­шілдік – жаңа бағдардың өзегіне айна­лады.

Ел Президентінің айтуынша, жаңа экономикалық саясат, Қазақстанның эконо­микалық дамуының жаңа пара­диг­масы «еліміздің бәсекелі артық­шы­­­лық­тарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ре­сурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді».

– Жаңа экономикалық бағдардағы басты қағидаттарымыз әділдік, ашық­тық және шынайы бәсеке болмақ. Яғни, біз қазір жаңа экономикалық саясатқа жол ашып отырмыз. Негізгі, мақсат – ұлт байлығын әділ бөлу, инфрақұры­­­лымды жедел жаңғырту, кәсіпкерлікке қолдау көрсету және елімізге ауқымды инвести­ция тарту. Үкімет пен әкімдер Мемлекет басшысының тиісті нұсқау­­ларын, тап­сыр­маларын мүлтіксіз орын­дауға мін­детті. Бұл жұмыс парламенттің жіті ба­қы­лауында болуы керек. Бір сөзбен айт­қанда, экономикалық өзге­рістердің игілігін жақын арада елі­міздің барлық азаматы көруге тиіс, – деді Қ.Тоқаев.

Біз – 20 миллионбыз!

Жалпы, тәуелсіздік жылдарында Қазақстан қол жеткізген табыстарды сөз еткенде соңы 2 жылдағы реформалар мен жетістіктер бірден еске түсетіні бар. Ең алдымен демографиялық ахуалдың жақ­сарғанын атап өту қажет. Еліміз тоқ­саныншы жылдарда аса ауыр демо­гра­фиялық дағдарысты бастан кешіріп, көші-қонның теріс әсерін сезінгенімен, биыл халық саны 20 миллионға жетті. Сонымен бірге азамат­тардың өмір сүру мерізімі де біршама ұзарыпты. Шамасы бұл үрдіс әрбір азаматтың денсаулығын жақсартуға бөлінген қомақты қаржы мен бұл бағытта атқарылған жұмыс­тардың нәтижесі шығар. Қазір елімізде азамат­тардың орташа жасы 74,4 жасқа жетті. Бұл – ел тарихындағы рекордтық көр­сеткіш.

Одан бөлек, алғаш рет жылдар бойы жинақталғанымен, қарапайым азамат нақты игілігін көрмеген Ұлттық қордағы қазына ел халқына арналатын болды. Дәлірек айтқанда Ұлттық қордан балалар үлес алады.

Президенттің бастамасымен алдағы жылда «Ұлттық қор – балаларға» бас­тамасы жүзеге асырылады. Бірер күннен кейін әрбір баланың есеп шотына Ұлт­тық қордың инвестициялық табысынан қаржы түсе бастайды. 

Мемлекеттік саясаттағы маңызды ба­ғыттың бірі – аймақтарды жан-жақты дамыту. «Қуатты аймақтар – қуатты мем­лекет» дегеніміз – жалаң ұран емес. Бұл – Әділетті Қазақстанды құруға қа­жет­ті ең басты қағидат. Былтыр еліміз­дің әкім­шілік-аумақтық құрылы­мына бір­қатар өзгеріс енгізілді. Жаңадан үш об­лыс ашылды, жаңа аудандар құрылуда. Сол арқылы өңірлердің дамуына тың серпін берілді. Президенттің тапсырма­­­сымен ауыл-аймақты дамыту тұжырым­­­дамасы қабылданды. Бұл құ­жаттың мән-маңызы зор. Аймақтарда әле­уметтік, инженерлік және көлік ин­фрақұры­лымын құру – басты міндет.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаң­ғырту» ұлттық жобасы басталды. Осы жобаның аясында 655 амбулатория және фельдшерлік-акушерлік нысан салына­ды, құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Бұған қоса, 20 ауда­наралық көп­бейінді емхана ашы­лады, ал 12 емхана заман талабына сай жаңа­рады. Яғни, төрт миллионнан астам ауыл азаматына сапалы дәрігерлік қыз­мет көрсетіледі.

Елімізде «Жайлы мектеп» жобасы қолға алынды. 2026 жылға дейін барлық аймақта жүздеген жаңа мектеп бой кө­тереді. Ауылдарда 100 спорт орталығы ашы­лады. Сондай-ақ 650 мәдениет ошағы салынады және жөнделеді.

Ел игілігін елдің өзі көруі үшін ке­­зінде жекеменшікке заңсыз өткен және шетелге шығарылған бірқатар ак­тив мемлекетке қайтарылып жатыр. Парла­мент «Заңсыз иемделінген ак­тив­терді мемлекетке қайтару туралы» дербес заң қабылдады. Оның нормалары әкімшілік-би­лік ресурстарына иелік еткен немесе осын­дай қолдау алған олигополия субъек­­тілеріне қатысты қолданылады. Сондай-ақ адал инвесторлардың мүдде­лері толығымен қорғалмақ. 

Заң­сыз иемделінген активтерді мем­лекетке қайтару мәселелері жөнін­дегі комиссия, сондай-ақ бас прокуратура жанынан арнаулы комитет құ­рыл­ды. Комитет шетелге шығарылған актив­терді іздеу, заңсыз схемаларды әш­керелеу үшін жасанды интеллектіні пай­далану арқылы IT технологияларды қолданады.

Үкіметтің ресми дерегінше, бүгінде мемлекетке жалпы құны шамамен 1 трил­лион теңге тұратын құнды актив­тер – капитал, жылжымайтын мүлік, акциялар, кәсіпорындар, бағалы метал­дар мен асыл тастар қай­та­рылды. Соның шамамен 600 миллион дол­лары басқа юрисдик­ция­лардан, яғни шетел­ден қайта­рыл­ған. Мысалы, Лихтенш­тейн­нен – 260 миллион дол­лардай, Аустрия­дан – 82 миллиондай, БАӘ-ден – 15 мил­­­лиондай, Гонконгтан – 2 миллион доллардың активі елге кері әкелінді. Мұндайда бұрынғылар «Қайтқан малда қайыр бар» дер еді...

Қандай ел боламыз?

Президенттің жаңа экономикалық бағдарының алар асуы биік: оның аясында Қазақстан Үкіметі экономика­мыздың тұрақты өсімін 6-7 пайызға жет­кізіп, 2029 жылға қарай ұлттық эконо­миканың көлемін 2 есеге ұлғайтуы шарт. Яғни, осы онжылдық аяқталар тұста бұл көрсеткіш 450 миллиард долларға жетуі тиіс. Бұл енді экономистер «Жоғарғы лига» деп атайтын топ-мемлекеттердің тобының биігі. 

– Әрине, бұл – ауқымды әрі күрделі міндет. Бірақ біз еліміздің байлығын, табысын азаматтарымыздың арасында әділ бөлуіміз қажет.

Бір сөзбен айтқанда, экономикалық өсімнің игілігін әрбір азаматымыз көруі керек. Бұл – принципті мәселе. Елі­міздің болашағы баянды болсын десек, бұл стратегиялық міндетті қалай­д­а орындауға тиіспіз! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осылайша, алдағы жылдарда эконо­миканы өркендетудің, халықтың әл-ауқатын көтерудің салмақты іргетасы бүгіннен қалануда. Атап айтқанда, 2024 жы­лы республикада кәсіпкерлікті дамытуға серпін беру үшін салалық ұлт­тық жоба аясында несиелердің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға және кредиттер бойынша кепілдендіруге 258 миллиард теңге бағыттау жоспар­лан­ған. Биылғы жылы бұл мақсатта 234,2 мил­лиард теңге бөлінді. 

Осының арқасында шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы ішкі өнімдегі үлесі соңғы 5 жылда 8 пайызға өсіп, 36,5 пайызға дейін жетті. Салыстырсақ, Тәуелсіздік алған жылы елімізде ресми тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік жоқ болатын. 

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, бүгінде ми­нистрлік шағын және орта кәсіп­керлікті дамытудың бірыңғай бағдар­ламасын әзірлеп жатыр. Оның аясында қолдау шараларын көрсету тәсілдері түбегейлі өзгеруге тиіс. Атап айтқанда, өндірістер енді технологиялық күрде­лілік деңгейі мен бизнес санаттары бойынша сара­ланады.

«Негізгі, мемлекеттік қолдау бағдар­ламаларын қарасақ, оның ішінде «Биз­несті дамыту жол картасы – 2025», «Қара­­­пайым экономика» және басқасы аясында 2010 жылдан бергі 14 жылдың ішінде жалпы 1,1 триллион теңге тікелей қаражат бөлінді, 153 мың жобаға қолдау көрсетілді. Осы жобалар 75 триллион теңгеге өнім шығарды. Мемлекеттік қолдау 170 мыңнан астам жұмыс орын­дарын сақтауға мүмкіндік берді. 130 мың­нан астам жаңа жұмыс орын­дары құрылды. 4,8 триллион теңге салық әкелді», – деді министр Ә.Қуан­тыров.

Осының бәрі – Азаттықтың жемісі мен жеңісі. Президентіміз айтқандай, біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақ­станды құрудамыз. Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауап­кершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз.

Елдос СЕНБАЙ