Бұл туралы Қазақстан Радиациялық қауіпсіздік және экология институты директорының орынбасары Евгения Мустафина айтып берді.
Рентген, томография ядролық сынақтың радиациясынан да қауіпті
суретті түсірген Анар Қоныс
2,332
оқылды

 30 жылдан асса да Семей полигонында ядролық сынақ жүргізілгені әлі де ұмытылар емес. Деректерге сүйенсек, оның ядролық зарядының жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған атом бомбасынан 2,5 мың есе асып түседі деседі. Сонда бұл дегеніміз – бір мезетте 350 миллион адам ажал құшқанымен пара-пар. Осындай сынақ еліміздің солтүстік-шығыс және орталық аймағына орасан зор экологиялық зиянын тигізді.

– Әлі күнге дейін біз полигонды зерттеп келеміз. Қазір өзімізге көп нәрсе белгілі болды. Енді не істеуіміз керек, қай бағытта жұмыс істеуіміз қажет екенін білеміз. Соған қарамастан, әлі де шешімін таппаған басқа да мәселелер көп, – деген Евгения Мустафина 2021 жылы Семей полигоны жабылуының 30 жылдығына орай жүргізілген кешенді экологиялық зерттеу аяқталғанын жеткізді.

«Полигонның 18,5 мың шақырымның әрбір шаршысын тексере келе, тең жартысы пайдаға жарамды екенін білдік. Құрама бөліктері болғандықтан, тек белгілі жерлерді ғана пайдалануға беруге мүмкіндік туды», – дейді ол.  

Евгения Мустафинаның айтуынша, радиоэкология үстірт қарайтын дүние емес. Радиоэкология бір ғана саланы зерттеуге бағытталмаған. Оған жер де, ауа да, өсімдік те, тірі ағзаның барлығы тіпті, адам да кіреді. Міне, радиоэкология – осының бәрінің жиынтығы. «Сондықтан біз – Қазақстандағы радиоэкология бойынша ең үздік зерттеу институтының біріміз. Себебі қандай жағдай болмасын, кез келген жерде өсімдіктен бастап, адам ағзасына дейін зерттей аламыз. Қажет болса жердің астын да, жер бетіндегі барлық тіршілік иесін сараптап, тексере аламыз» деген маман тек уақыт берсе кез келген мәселенің әдіс-тәсілін тауып, зерттей алатынын жеткізді.

– Қазір жер бетіндегі радиоэкологиялық ахуал өте қиын. Мысалы, ауа райының өзгеруі. Биылдың өзінде жаз мезгілі – құрғақ, күз жауын-шашынды болды. Соның салдарынан жайылымға ғана емес, егістікке де, жалпы мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізеді. Бүгінде осы тығырықтан шығудың жолын іздеу үстіндеміз, – дейді Евгения Мустафина.

Радиациялық қауіпсіздік және экология институты (РҚЭИ) негізі Семей ядролық сынақ полигоны (ССП) жабылған соң полигонның зерттеу орталығы ретінде жаңа құрылым болып қалыптасуы барысында дүниеге келді. Институттың құрылу кезеңінен бастап тарихы – Ұлттық ядролық орталығымен, ал қызметі полигондағы жұмысымен байланысты. Бүгінде Ұлттық ядролық орталық ең заманауи аналитикалық және өлшеу жабдықтары жабдықталып қана қоймай, қоршаған ортадағы  барлық доза түзетін жасанды радионуклидтердің құрамына нақты сараптама жүргізе отырып, толыққанды ақпарат алуға мүмкіндік береді.

– Мысалы, спектрометрикалық лабораторияда еш жерден табыла бермейтін, бізде ғана осындай құрал бар. Немесе жанама әдес бойынша құрамдағы уринның бар-жоғын анықтап, оның қаншасы адам ағзасында екенін есептеп береді. Ал бұл – атом энергетикасына өте маңызды. Сонымен гамма спектрін графикалық өзгерту арқылы радиохимиялық өзгеруін зерттейміз. Тіпті, адам ағзасындағы өзгерістерге дейін анықтауға болады.  Фондық зертханада сырттағы азғантай өзгерістің өзін, радионуклидтің ағзаға қалай түскенін анықтауға көмектеседі, – деді Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының бөлім бастығы Артем Харченко. 

Курчатов қаласында орналасқан Радиациялық қауіпсіздік және экология институты (РҚЭИ) – Қазақстан Ұлттық ядролық орталығы Республикалық мемлекеттік кәсіпорынның (ҚР ҰЯО РМК) филиалы.  21 гектарды алып жатқан институт аумағында бес зертханалық, төрт әкімшілік-шаруашылық корпусы бар. Зертханалық корпустың ішінде масс-спектрометрия, АСЕ-ге арналған камера, тасымалдау механизмдерін зерттеу, мобильдік зертханалар мен ССП-дағы эксперименттік фермерлік шаруашылық та қамтамасыз етілген.

Артем Харченконың айтуынша, 2018 жылдан бері осы мекемеде істеп келеді. Полигонда жүрген қызметкерлердің денсаулығын жылына 1-2 рет тексеріп тұрады. Сонда олар радиацияның салдарын байқамаған екен.

– Адам бойында радиацияның бар-жоғын бақылап, тексерудің екі түрі бар. Тікелей тексеруге дозиметр не болмаса есептегішпен өлшеу жатады. Тағы бір жанама әдіске урин құрамын анықтап, адам ағзасында қанша мөлшерде радиацияның барын тексереді. Тіпті, күретамырдан қан алып, ағзаның қаншалықты уланғанын, қандай халде екенін білу мүмкін. Мысалы, Саржал ауылындағы тұрғындардың қанын алып, хромосоманың қаншалықты бұзылғанына көз жеткіздік, – дейді Артем Харченко. 

Оның айтуынша, әуелде адам ағзасының радиациядан уланған-уланбағанын анықтайтын зерттеу 8 сағатқа созылған. «Физикалық тұрғыда құрылғының астында 8 сағат бойы қозғалыссыз жату кім-кімге де қиын. Негізі төрт сағатқа қысқарған. Бірақ екі сағаттан кейін де ағзаның анализі айқындала бастайды. Сондықтан уақытты екі сағатқа қысқарттық»,  деді ол.

– Америкадан келген ғалым әріптестердің өзі полигон жерінде жүріп, уланып қалмауына қорықты. Жалпы, жұрттың радиация алса, өмірі үзіледі деген стереотип жадында сақталып қалған. Олардың қорқуы қалыпты дүние. Айтарым, өз басым талай  қауіпті жерде болдым. Құдай сақтасын, алайда радиациядан уланып, ешқандай сырқатқа шалдықпадым. Негізі адамның өмір сүру ұзақтығы өзінің ағзасына байланысты. Өйткені радиация ағзаның әлсіз жерінен өтеді. Сол секілді мысалы ішімдіктің де, шылымның да, дұрыс тамақтанбаудың да  ағзаға зияны сондай. Егер адамның денсаулығы мықты болса, саламатты өмір салтын ұстанса, радиациялық жерге барып, күні бойы жүрсе де ештеңе болмайды, – дейді Радиациялық қауіпсіздік және экология институты  директорының орынбасары Евгения Мустафина.

Оның сөзінше, ел-жұрт рентген мен томографияға түскеннің өзінде денсаулығын сәулемен улап жатыр.

 – Мәселен, рентгенге түсудің өзі қауіпті. Томографияға түскенде кем дегенде 20 мЗв мөлшерде сәуле аласыз. Ал бұл мөлшер – біздегі мамандарға, яғни сынақтың қауіпті жерінде жүргендерге бекітілген ең үлкен доза. Шынын айтқанда, полигон аймағында жыл бойына жұмыс істейтін маманның өзі жыл бойына осындай көлемдегі сәулені алмауы тиіс. Ал еліміздің тұрғындары томография немесе рентгенге бір рет қана түсіп-ақ, сәулені алып жатыр. Бірақ олар дін аман, арамызда жүр. Және оған барып түсуден ешкім қорықпайды. Психикалық тұрғыда сипаттасақ, бұл – өз-өзімізді алдау. Яғни, адам санасы бақылай алған дүниені – қауіпсіз, ал белгісіз дүниені қауіпті санайды. Мысалы, соның қатарында АЭС та бар. Халық бұл жайында толыққанды түсінбеген соң, оны да қауіпті көреді. Оның үстіне, әлемдегі халықтың улануы АЭС-тан немесе кәсіпорындағы апаттық жағдайдан емес, техногендік көздердің сәулесінен, яғни рентгенге түсуден екен. Оның әрқайсысы жоқ дегенде жылына бір рет рентгенге түседі. Тіпті, кейде «дұрыс шықпай қалды» деген желеумен 2-3 рет түсіп жатады, – деді ол.

Сонымен, еліміздегі радиациялық қауіпсіздігі және экология саласында Ұлттық ядролық орталық, оның ішінде, Қазақстанның Радиациялық қауіпсіздігі және экология институты өздеріне жүктелген міндетті шешуде. Атап айтсақ, ССП шекараларын қолданыстағы радиоэкологиялық жағдайға сәйкес келтіріп қана қоймай, радиациялық қауіпті нысандарды ремедиациялау және ССП инфрақұрылымын жою, таратпау проблемаларын шешуде. Сонымен қатар Қазақстанның бүкіл аумағында радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен айналысып жатыр.