Тұрғындар осы жылдың 25 қарашасынан бері мүлде жылусыз отыр.
"Қариялар мен балаларға көмектесіңізші": Суықтан қалтыраған бурабайлықтар Президентке бейнеүндеу жолдады
752
оқылды

Айға жуық уақыттан бері жылусыз пәтерлерінде мұздаған бурабайлықтар жергілікті биліктен еш қайран болмаған соң Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жолдады,  деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. 

Тұрғындар үйлерінде жылу болмаса да жергілікті коммуналдық кәсіпорынға жылу үшін толық көлемде төлеуге мәжбүр болып отырғанын  ашына жеткізді. 

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сізден біздің Бурабай кентінің жылумен қамтуды жөнге келтіруге көмек беруіңізді және бақылауға алуыңызды өтініп сұраймыз. Осы жылдың 25 қарашасынан бері біз мүлде жылусыз отырмыз. Қатты аяздар өтті. Дегенмен  бұл қыстың соңы емес қой. Мұндағы пәтерлердің температурасы +4 - +15 градустан аспайды. Күн сайын жылу берілетіні жөнінде уәде беріледі. Бірақ жылу күні бүгінге дейін жоқ. Мектептерде де суық болғандықтан, балаларды қашықтан оқытып жатыр. Біз пәтерде тәулік бойы жылытқыш қосып отырмыз. Бірақ пәтерлеріміз өте суық болғандықтан, жылытқыштың күші жетпейді. Сымдары балқып, күйіп кетіп жатыр. Біз осындай мұздаған пәтерлерде отырудан басқа амалымыз жоқ. Мұнымен қоса жылу үшін толық көлемде ақысын төлеуге мәжбүрміз. Тағы да Сізден барлық бурабайлықтар, қариялар мен балалар үшін көмектесіңізші, өтініш,  деп жазды бурабайлықтар. 

Пәтерде мұздап, үсуге шақ қалғандардың арасында жасы 90-нан асқан еңбек және тыл ардагерлері де бар. Қариялар адам төзгісіз суықтан бір орнында қалшылдап қозғалмай, оранып қана отыруға мәжбүр болған. 

Міне, менің анам Анна Никоноровна отыр. 92 жасқа келген. Тың жерлерді алғаш рет игеруге үлес қосқан Еңбек ардагері. Соғыс кезінде жау басқыншыларының қолында да қалған. Осында келіп барлық саналы ғұмырын осы жерде сүрген. Қазақстанды өте жақсы көреді. Осы күндер бойы үндеместен төзіп келді. Бүгін мен осында келдім. Үнемі «бәрі дұрыс болады, қалпына келер» деп үмітпен отырды. Қазір міне қасына жылытқышты қосып қойып, оранып отыр. Осында отырып адам төзгісіз суықта отыр. Бұл не сұмдық!,  дейді бурабайлық тұрғындардың бірі.  

Бурабайлықтар әлеуметтік желілерге пәтерлер мұздап жатқанымен, туристерді қабылдайтын қонақүйлер мен отельдердің қайнап тұрғанын ашына жазды. 

«Есесіне отельдер ыстық», «Не істеп жатсыздар? Халықты осынша қорлағандарыңыз қалай? Өздеріңіз жылы жерде отырғандықтан, халыққа түкіргендеріңіз бар ма?», «Кішкентай балалары бар, қариялары барлар қайтпек? Шектен шыққандық. Халық жылытқыштарды сатып алып жатыр. Енді энергия үшін де үлкен шоттар келеді», деп жазды бурабайлық тұрғындар. 

Жағдайды анықтау мақсатында Бурабай ауданы әкімдігімен тілдестік. Аудан әкімдігі қазіргі уақытта Бурабай кентіндегі жылу жүйесін реттеу мақсатында қосымша сорғы орнату жұмысы жүріп жатқанын хабарлады. Әкімдік пәтерлер мұздап жатқанда, қонақүйлерде ыстық болып тұрғанын жоққа шығарды. 

Иә, расында да Бурабай кентінде жылу жүйесінде олқылықтардың болып отырғаны рас. Қазіргі уақытта Бурабай кентінің орталық жылу қазандығында суды жылдам айдау үшін қосымша сорғы орнату жұмысы жүргізілуде. Ол үшін жылу жүйелеріндегі су толықтай ағызылып, халық жылудан ажыратылған. Алдағы бір-екі күнде сорғы орнату жұмыстары аяқталып, су толтырылған қазандық қайнатылып, кентте жылу жүйесі қайта қалпына келтірілмек. Бұдан кейін бурабайлық пәтерлер жылуға тиісті. Қонақүйлер мен отельдерде де батареялары пәтерлермен бірдей. Бірақ олар қосымша пушкалар қосып, жылытып отыр. Мұнымен қоса, жылу маусымы аяқталғаннан кейін әкімдік және басқа да құзырлы органдар жағдайды қарастырып, жылу жүйесін реттеу бойынша барлық қажетті шешімді қарастыруға шешім қабылдады,  дейді Бурабай ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Жанар Айтмағамбетова. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы