Бір тәртіп сақшысының мұрны сынған.
Алматыда жол-патрульдік полициясына шабуыл жасалды
5,413
оқылды

Алматы қаласында жол-патрульдік полициясына шабуыл жасалды. Жас жігіттер сақшылардың талабына бағынбай, заңға қайшы әрекеттер жасаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Олардың заңсыз әрекеттері видеоға түсірілген. Кадрлардан жігіттердің боғауыз сөз айтып, полицияға шабуыл жасағаны, қарсылық көрсеткенін анық байқауға болады. Алматы қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, заң талабына бағынбаған жігіттер тәртіп сақшыларының бірін соққыға жығып, жұдырық жаудырған. Салдарынан бір тәртіп сақшысының мұрны сынған.

«Видеода мас күйінде полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбаған ер адамды ұстау фактісі түсірілген. Сонымен бірге, төрт ер адам өздерінің заңсыз әрекеттерімен тоқтатылған Toyota Camry автокөлігінің жүргізушісіне қашып кетуге мүмкіндік берген, ол да мас күйінде болуы мүмкін. Оқиғаға қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беріледі», – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.  

Қоғам наразылығын тудырған жігіттердің әрекетіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. 

Қазір оқиға бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалып, қызметтік тексеру басталды.