Депутат бұл мәселені бүгінгі Мәжіліс отырысында айтты.
Ринат Зайытов қызмет бабын асыра пайдаланатын құқық қорғаушыларды сынады
904
оқылды

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов күш құрылымдарындағы заңсыз әрекеттер жөнінде мәселе көтерді. Осы ретте «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері атынан ҚР Бас прокуроры Берік Асыловқа сауал жолдады.

Депутат, бүгінгі шұғыл сауал жолдаудың себебі – қарапайым халықтың үнін, мұң-мұқтажын, талап-арызын жеткізудің соңғы амалы деп атап өтті.

«Біле білсеңіздер, Қазақстан Республикасы өз билігін күш құрылымдарына пәрменді есірсін деп емес, ескерсін деп береді. Халықты қорласын деп емес, қорғасын деп береді?!

Шарасыз халық біз – депутаттарға соңғы инстация ретінде, басқа органдардан көмек күте алмаған соң ғана жүгінеді.

Депутаттардың атына шағымдардың арасында аймақтардағы күштік құрылымдардың қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне шағымданатын хаттардың саны баршылық.

Оларға Алматы, Шымкент, Өскемен, Семей, Жаңаөзен және т.б. қалаларынан келіп түскен бірқатар шағымдарды жатқыза аламыз.

Онда Ата заңымызбен бекітілген, адам және адамның өмірі, оның құқықтары мен бостандықтарын қорғау сияқты, айрықша құқыққа ие – күштік құрылым қызметкерлері өздерінің «жедел іздестіру іс-шараларын» жамылып, жеке мақсатта әрекет ететіндері мәлімделуде», – деп нақтылады ол.

Мысалы, Шымкент қаласының тұрғыны, жалғызбасты ана – А.А. Мамаеваның және оның ұлы алаяққа тап болып, шамамен 4 млн теңгеден айырылған. Бұл фактіні анықтап, Шымкент қаласының Еңбекші аудандық полиция басқармасына арызымен жүгінген.

Алайда, өтініш иесінің айтуынша, құқық қорғау органдары қызметкерлерімен таныстығының арқасында, айыпталушының үстінен қозғалған қылмыстық іс, белгісіз себептермен бірнеше рет тоқтатылған және жәбірленуші мен оның ұлына ашық түрде қоқан-лоқы көрсетілген. 

Сонымен, 2021 жылдың тамызында қозғалған іс бүгінгі таңға дейін сотқа жетпеген. 

Сондай-ақ, Қоғамдық қабылдауға келген Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласының тұрғыны, өтініш иесі З.А. Тотанованың атынан арыз қалдырып, айтып жеткізген жайт тіптен ойға қонымсыз. Оның айтуынша жәбірленушінің өзіне аймақтық күштік құрылым қызметкерлері көр қаздырып, азап көрсеткен (арыздары қоса беріледі).

«Сондай-ақ, бұл Ішкі істер министрлігіндегі «оборотней в погонах» өз қызметтік мансабын асыра пайдаланып, қыздарды зорлау фактісімен өздері ұсталып отыр. Осы ретте, бұларға сенім қайдан болсын?!

Құзыретін қылмысты азайту үшін емес, табысын көбейту үшін пайдаланатын қызметкерлерге неге шара қолданбаймыз?

Осыған орай, құқық қорғау саласындағы жекелеген бассыздықты жою үшін:

Біріншісі. Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасы, Ішкі істер министрлігі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және Ұлттық қауіпсіздік комитеті орталық аппараттарының өкілдерінен Тұрақты әрекет ету тобын құруды; 

Екіншісі. Аталған топқа қылмысы дәлелденген күштік құрылым қызметкерлерінің құзыретінде болған істерді қайта қарап, шын кінәлілерді анықтауды ұсынамыз», – деді депутат.