Дәрігерлердің жалақы алмағанына ай болған.
Дәрігерлер жалақысын ала алмай отыр
1,484
оқылды

Бүгін «AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалының партиялық бақылау комиссиясының кеңесі өтті. Жиында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Константин Авершин Алматыдағы №1 қалалық клиникалық аурухананың басшылығына түскен шағымды талқыға салды.

Оның айтуынша, 2021 жылға дейін мекемеде 900-ге жуық адам жұмыс істеген. Ал қазір мұнда 591 ғана қызметкер қалған. Бастысы ешқандай қысқарту болмаған. Тіпті, әлі күнге дейін аурухананың 20 бөлімі жұмыс істеп тұр.

– Осының бәрі – жалақының дұрыс төленбеуінен. Мәселен, өткен айда медбике мен санитарлардың жалақысы кешіктірілген. Тіпті, желтоқсан айлығын алды дегенімен, дәрігерлер әлі қараша айының жалақысын алмаған. Ал аурухананың бас есепшісі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорыннан ақша түссе, бірден төлем жасалатынын жеткізді, –  дейді  Константин Авершин.

 Депутаттың айтуынша, 591 қызметкердің 111-і «AMANAT» партиясының мүшесі.

«Дәрігер» қоғамдық бірлестігінің басшысы Әйгерім Сейітова да депутаттың сөзін қуаттап, мәселенің барлығы аурухананың жеке қолға өтуінен басталғанын айтты. Сонымен қатар, мекеме тозығы жеткені соншалық 2020 жылдан бері жөндеуден өтпеген.

– №1 қалалық клиникалық аурухананың жағдайы өте қиын. Шынын айтқанда, бүкіл қызметкерлерге жалақы жыл бойы дұрыс төленбей отыр. Маусым айынан бастап МӘМС те, әлеуметтік аударым да, зейнетақы төлемі де жоқ. Соның кесірінен аурухана қызметкерлері медициналық көмек те ала алмай отыр. Тіпті, жоспарлы операцияларға бара алмайды. Декреттік демалысқа шықса да осындай мәселе. Оған қоса, жалақы айтарлықтай қысқарды. Қолда фактілер бар, түбіртек пен шоттарға түскен аударымдар бар. Сондай-ақ, ең қажетті деген дәрі-дәрмектің өзі көп бөлімшеде жоқтың қасы. Жай ғана дәріні салатын инеге дейін жетіспейді. Онсыз ем жүрмегендіктен дәрігерлер қажетті дүниесін өз ақшасына сатып алып жатыр. Бұл деген бассыздық қой.., – дейді Әйгерім Сейітова.

Аурухана басшылығы болса, бұл жағдайда өздерін кінәлі көрмейді. Бас дәрігердің айтуынша, бәріне әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын кінәлі. «Ауруханаға қаржыландырудың жеткіліксіз бөлінуінен мәселелер қордаланып қолған» деді Эрнест Қалиев.

– Ковидтік жағдайдан кейін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан бөлінетін қаржыландыру көлемі  бірнеше есеге азайып кетті. 2021 жылмен салыстырғанда 2,5 миллиард теңге емес, 500 миллион ғана аударылды. Ал қордың жүйесі "сіздер өткен жылы көрсеткен көлемді береміз" деп қойды.  Ал ол жылы ковидтың салдарынан бір тоқсан жұмыс істеп, шамамен 400-500 миллион теңгені ғана игердік.  Қалған екі миллиардтан астам ақшаны  ковид науқастарына көмек көрсету бойынша қосалқы мердігер ретінде жұмыс істедік, бірақ бұл көлемді есептемеген. Нәтижесінде біз 2022 жылы үлкен шығынға тап болдық», – деді №1 Алматы қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Эрнест Қалиев.

Осы мәселенің анық-қанығын білу мақсатында Алматының партиялық бақылау комиссиясы Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қызметтік тергеу жүргізуді тапсырды. Осыған орай қоғам белсенділері мен Партиялық бақылау комитетінің өкілдері кіретін тәуелсіз комиссия құрылады. Сөйтіп, осы жылдың 27 желтоқсанында дәрігерлердің шағымы республикалық партиялық бақылау комиссиясының отырысында қаралатын болды.