Көпшілікке танымал миллиардер жерасты бункерін сала бастады. Бункерде құтқару люгі мен «жарылысқа төзімді» есік те бар. Миллиардер кімнен қорқады, ақырзаманға дайындала бастаған ба?
Белгілі миллиардер құны 270 миллион доллар болатын жерасты бункерін салуға кірісті
Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: ShutterWorx
2,320
оқылды

Business Insider жаңалықтар порталы танымал миллиардердің Гавай аралдарында 100 миллион долларлық кешен салып жатқанын хабарлады. Ондағы жерасты бункерінің жатын аумағының өзі  460 шаршы метрден асады. Aikyn.kz  мұндай кешен салудағы миллиардердің мақсаты мен кешеннің сипаттамаларын талдайды.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: gremlin

АҚШ-тың Гавай штатындағы Кауаи қаласында орналасатын Koolau Ranch деп аталатын кешеннің аумағы да үлкен. Кешенде жерасты бункері, эвакуациялық люктер мен «жарылысқа төзімді есік» болады. Кешен кемінде 30 жатын бөлмеден тұрады, оның өзін-өзі энергиямен, тамақпен және сумен қамтамасыз ететін автономды жүйесі болады. Кешеннің төменгі жерасты қабатындағы «шағын» бункердің алаңы 460 шаршы метрден артық болатыны айтылуда. Бұл мәліметтер мемлекеттік дереккөздер мен жоспарлау құжаттарынан алынған.

Фото gohawaii.com сайтынан алынды

Миллиардердің аты – Марк Цукерберг. Оның Koolau Ranch деп аталатын мүлкінің құрылысы шамамен 100 миллион долларға бағаланады. Жерді сатып алуға тағы да 170 миллион доллар жұмсалған. Алайда кешеннің бағасы 270 млн доллардан да көп болуы мүмкін.

Кешенде 30 жатын бөлмеден басқа 30 ванна бөлмесі, сондай-ақ арқан көпірлер арқылы жалғанған онға жуық ағаш үйлер болады. Осылайша, қонақтар үйлердің арасында «ағаш төбесінде тұрып» қозғала алады.

Цукербергтің Сан-Францискодағы қарапайым үйі. Фото realtor.com сайтынан алынды

Жоспар бойынша жерасты бункеріне апаратын туннель арқылы жалғасатын екі үлкен үй салынады. Бункерге баспалдақпен кіруге болатын эвакуациялық люк және бетонмен толтырылған үлкен металл есіктер болады. Meta компаниясы бұл кешен туралы сұрауға жауап бермеген.

Цукерберг ақырзаманға дайындалып үй салған алғашқы технологиялық миллиардер емес. Мысалы, OpenAI бас директоры Сэм Альтманда қару, алтын, антибиотиктер және противогаздардың қоры бар. Reddit бас директоры Стив Хаффман «үйінде біраз уақыт қорғануға» мүмкіндік беретін мотоцикл, қар-жарақ пен оқ-дәрі сатып алған. Ол тіпті, апат жағдайында аман қалу мүмкіндігін арттырады деп көзіне лазерлік операция да жасатқан.

LinkedIn негізін қалаушы Рид Хоффман бірде The New Yorker басылымына Силикон алқабындағы миллиардерлердің жартысынан көбі «апокалипсиске» дайындық ретінде жерасты бункерлеріне инвестиция салғанын айтқан.

Жоғарыдағы видеода Facebook әлеуметтік желісінің басшысы Марк Цукербергтің 2018 жылы 10-11 сәуірде АҚШ сенаторларымен кездесуінен үзінді көрсетілген. 3 млрд-қа жуық пайдаланушысы бар желінің қызметіне көңілдері толмаған сенаторлар Цукербергті екі күн 5 сағаттан сұрақтың астына алған. Бірінші күні Сенаттың заң комитетінде 5 сағат, екінші күні сауда комитетінде 5 сағат жауап берген.

Марк Цукерберг пен Присцилла Чан үш қызымен. Басқайсыз ба, ешқандай жасандылық жоқ, қандай қарапайымдылық... Фото instagram.com/zuck аккаунтынан алынды

Табиғатынан ұялшақ, 23 жасында әлемдегі ең жас миллиардер атанған Марк Цукерберг туғаннан қызыл  мен жасыл түстерді ажырата алмайды. Ол үшін ең оңай түс – көк. Сондықтан Facebook логотипі көк түсті. Цукерберг күнде бірдей сұр футболка киіп жүреді. Ол мұны киім таңдауға көп уақыт жұмсағысы келмейтінімен түсіндіреді. Facebook көшбасшысы 6 тілде еркін сөйлейді: француз, иврит, латын, ежелгі грек, қытай (мандарин) және ағылшын. Ол қытай тілін әйелінің отбасымен сөйлесу үшін үйренген. Қытайдың қызы ақылды да, мықты да болып тұр ғой...