Өңірдегі Сырдария ауданында өткен баспана кілтін табыстау рәсіміне облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, тұрғындар қуанышымен бөлісті.
Сыр бойында 80 отбасы қоныс тойын тойлады
804
оқылды

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жайлы баспанаға қолжетімділікті арттыру – Үкімет пен облыс әкімдігі тарапынан жүзеге асырылатын басты стратегиялық жоспарлардың бірі. Соның негізінде Сыр өңірінде 80 отбасыға баспана кілті табыс етілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Егемен елімізді одан әрі дамыту – алдымызда тұрған басты міндет. Біз осы жолда аянбай еңбек етуіміз қажет. Сонда ғана Қазақстан қуатты мемлекетке айналады» деген болатын. Соның аясында жыл сайын аймақта қолданысқа берілген тұрғын үй көлемі артып келеді. Биыл 4170 пәтерлік 300 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.  Оның ішінде, 2500-ге жуық пәтер өз иесіне табысталып, 11 мыңнан астам жерлесіміз жайлы үйге қоныстанды. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 1000-нан астам пәтер сатып алынды. Бұған дейін Арал, Қазалы, Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш аудандарында 300-ден астам отбасы баспана қуанышына кенелді. Бүгін Сырдарияда 80 отбасы қоныс тойын тойлайды. Бұл – тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдаудың нақты көрінісі», – деді аймақ басшысы.

Қоныс тойда Қызылорда қаласының ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев пен мәдениет саласының ардагері Сандыбай Сәдуақасов баспана кілтін алған тұрғындарға игі тілегін арнап, тұрғын үй құрылысын салуға атсалысқан жеке кәсіпкерлер және кенттің дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды.

Жаңадан салынған 40 үйдің жалпы алаңы 65 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстары биыл мамыр айында басталып, межелі мерзімде толық аяқталған.

Айта кетейік, биыл аймақ бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 57 пайызға өсіп, 609 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде, Сырдария ауданының бюджеті 11 млрд теңгеден асты. Бұл ауқымды қаражат аудандағы кезек күттірмейтін түйткілдерді шешуге, тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталып отыр. Атап айтқанда, биыл республикалық және облыстық бюджеттен 38,5 млрд теңге бөлініп, 671 шақырым жол жөндеуден өткен. Нәтижесінде облыстағы жақсы жағдайдағы жолдың үлесі  87,5 пайызға жеткен. Соның ішінде Сырдария ауданындағы 72 шақырым жолды жөндеуге 3,4 млрд теңге бөлінген. Келесі жылы сапалы жолдардың үлесі 92 пайызға жетеді деп жоспарлануда. 

Бұған қоса биыл 12 ауылдық елді мекенге газ кіргізілсе, келер жылға жоспарланған 4 млрд теңгеге тағы 12 елді мекен «көгілдір отынмен» қамтылмақ. Оның ішінде, 962 млн теңгеге Сырдария ауданының Сәкен Сейфуллин және Асқар Тоқмағамбетов ауылдық округтеріне газ тарту жұмыстары бастау алды.    

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ

Қызылорда облысы