«Құрметті абоненттер, жоспарлы жұмыстарға байланысты...». Бұл – Қосшы қаласы тұрғындарының телефонындағы Whatsapp-топтарға «АЭҮК» АҚ (АРЭК) атынан жиі келетін хабарлама. Тұрғындардың айтуынша, қаладағы электр желісі тозған, апатты жағдайда тұр.
Мәртебесі – қала, мәселесі – қора
3,575
оқылды

«Екі күннің бірінде жарық өшеді. Ж­арық өшсе жылусыз, сусыз қаламыз», – дейді жер үйде тұратындар. Қосшыдағы кот­тедж үйлердің көбісі көмір жақса, кей­бірі электр қуатымен жылытатын жүйе ор­натып алған. Яғни, көмір пешті үрлей­тін сорғы да, су сорғысы да электр қуа­ты­мен жұмыс істейді. Сол себепті қос­шы­лық­тардың күнделікті тірлігі электр энер­­гиясына тәуелді. «Қазір электр энер­гиясы бойынша қымбат тариф Қосшыда тір­келіп отыр. Көп қабатты үйлерде бір бөл­мелі пәтердің өзінде электр энер­гия­сына ай сайынғы төлем 10-11 мың теңгеге шы­ғады. Коммуналдық төлем келген сайын тұрғындар бізге шағымын айтады», – дейді «Лесная поляна 20 үй» МИБ (Мүлік ие­лері бірлестігінің) төрағасы Еркебұлан Мыңжасаров. Қосшыда қалыптасып отырған жағдайды сұрап облыстық мәс­лихаттың депутаты Айдын Төребаевқа да қоңырау шалдық. «Біз облыстық мәс­ли­хаттың сессиясында бұл мәселені кө­тер­дік. Келесі жылға электр тарифін тө­мен­детуді сұрап, Үкіметке жолдағалы отыр­мыз. Шынымен электр энергиясы құны­ның қымбаттығы қосшылықтар үшін үлкен шығынның бірі», – деп жауап берді Ақ­мола облыстық мәслихатының депу­та­ты Айдын Төребаев.

Айта кетейік, 2021 жылы Қосшыға қа­ла деген жаңа мәртебе берілгенімен, ауыл бо­лып тұрған кезде жабысқан бергі проб­лемаларынан толық арыла алмай келеді. Жаңа қаланың ескі дертінің бірі – жылу. Желтоқсан айының басындағы қатты аяз­дан еліміздің әр өңірінде жылу құбыр­лары жарылып, қазандықтар істен шығып жатқанда Қосшыдағы көп қабатты тұрғын үйде тұратындар 1 тәулік бойы (3.12.2023) жылусыз отырған. «Былтыр Лесная по­ля­на тұрғын алабында 36 үйге жылу қазан­ды­ғының шамасы еркін жететін. Биыл жаңадан салынған үйлер пайдалануға бе­ріліп, қазандық жылытып үлгермей жа­тыр. Соған қарамастан құрылыс ком­па­ниясы 52-үйді пайдалануға беріп жа­тыр. Өткендегі қатты аяз қайталанса жағ­дай қалай боларына ешкім кепілдік бер­мейді», – дейді МИБ төрағасы Ерке­бұлан Мыңжасаров. Оның айтуынша, Қос­шыда құрылыс жүргізетін компания­лар­дың монополиясына жол берілмеуі тиіс. Осы мәселелерді тізіп тұрғындардың аты­нан облыс әкімі мен құзырлы меке­ме­лерге хат жолданған. «Астана мен Қос­шы­ның ауа райы, климаттық жағдайы бір. Бірақ екі қаладағы жылыту көрсеткіші әр­түрлі. Мәселен, -30 градус аязда Аста­на­да ЖЭО-дан үйге тартылған жылу құ­бы­рындағы жылудың температурасы 140 градус болса, бізде бұл көрсеткіш 100 гра­дус. Яғни, 30-40 градус кем алып жа­тырмыз. «Үйіміз салқын, балалар ауырып жа­тыр» деп шағымданатындар көп»,– дей­ді ол.   

Қосшы қаласында жылудың жетіс­пеу­шілігін облыс әкімі Марат Ахметжанов та растаған. «Қалаға жаңа қазандық салу жо­басын қарастырып жатырмыз. Ол са­ғатына 96 гигакалория жылу жіберетін бо­лады, қазіргі қажеттілік 50 гигакалория еке­нін ескерсек, бұл болашақта сұраныс­ты ар­тығымен өтейтін болады»,– деді әкім 6 жел­тоқсанда Астанада өткен брифингте. Об­лыстық мәслихат депутаты Айдын Тө­ребаев келесі жылға орталық қазандыққа ре­конструкция жасату үшін респуб­ли­ка­лық бюджеттен 9 млрд теңге қаражат сұ­ра­лып отырғанын жеткізді.

 

БОЙЛЕРГЕ БАЙЛАНҒАН ҚАЛА         

Қала тұрғындарының қалтасын қағып, қиындық тудырып отырған мәселенің бірі – ыстық су. Қосшы қаласында көп қа­бат­ты тұрғын үйдің саны 80-ге жуық, оның 52-і Лесная поляна тұрғын алабында орналасқан. Қаладағы барлық пәтер иесі суды ысыту үшін бойлер (су жылытқыш құрылғы) қолданады. Алайда судың са­па­сы төмен болғандықтан бойлер жиі бұзы­лып, істен шығып жатады. «Бойлердің ішіндегі қысымды реттеп тұратын датчик бар, егер ол істен шығатын болса қысым кө­бейе береді де көрші пәтердің жылу жүйе­сін жарып шығуы мүмкін. Былтыр 22 үйдің 3-кіреберісіндегі пәтердің бірінде сондай жағдай болған. 20 үйде де бойлері дұрыс істемей коридорға дейін су ағып, әбігерге түскен болатынбыз. Егер Қос­шы­ның су сапасына тәуелсіз тексеру жүр­гізі­ле­тін  болса,  көп нәрсені анықтап, жүйелі жұ­мыс жүрер еді. Өкінішке қарай, көз­боя­ушылықтан аспай тұрмыз», –  дейді МИБ төрағасы Е.Мыңжасаров.

Де­ген­­мен суды өздері ысытып алатын жағдай тек қосшылықтар ғана тән емес, об­лыс орталығы Көкшетау қаласы мен оң­­­түстіктегі Қызылордаға да ортақ. Көк­шетау «Аристондар қаласы» деген жанама атынан ЖЭО салынып біткен кезде құ­ты­лады. Облыс әкімінің сөзінше, алдағы үш жыл ішінде қалада жаңа ЖЭО-ның құры­лы­сы аяқталмақ. «Бұл біріншіден, тұрғын­дар­ды жылумен қамтамасыз етеді. Екін­шіден, жыл он екі ай ыстық су мәселесі ше­шіледі. Үшіншіден, тұрғындар су жы­лыт­қыштан құтылады. Бұл абонентке электр энергиясын айына 100 кВТ-тен 300 кВТ-ке дейін экономдауға мүмкіндік бе­ре­ді, яғни ай сайын бойлерге кететін 4 992 тең­­геден 9 600 теңгеге дейін қаражатты үнем­­дейсіз», – деді М.Ахметжанов бри­финг­те.      

Аристон мен бойлерге тәуелділіктен Қы­зылорда қаласының да құтыла алмай келе жатқанына 30 жылдай болған. Жазы аптап ыстық Ақмешіттің тұрғындары осы күнге дейін ыстық суға толық қол жеткізе алмай келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазан айында өңірге жұ­мыс сапарында облыстағы әлеуметтік мә­селелерді кешенді түрде қарастырып ше­шуді тапсырған. Облыс әкімдігі 2025 жыл­ға дейін ыстық суға зәрулікті толы­ғы­мен шешеміз деп отыр.

Ал Қосшы­ға қайта оралсақ, әзірге ыстық суы қашан шешілері туралы нақты  уәде айтылмай тұр. Дегенмен Қосшының үні Көкшетау мен Қызылордаға қарағанда қаттырақ әрі жиірек шыға берері даусыз. Өйт­кені ол елордасы – Астананың ір­ге­сін­де тұрған қала. Екіншіден, тұрғын­дары еліміздің әр өңірінен жиылған. Бас қа­ла­ны сағалап, жұмыс қарап, оқу іздеп кел­гендер әуелгіде Қосшыны қоныс етеді. Өзге өңірден Астанаға қыдырып ке­ле­тін­дер Қосшыдағы ағайынына соқпай кет­песі анық. Сол себепті Қосшыдағы игі­лікті істен де көзге сүйелдей көрінер кем­­шіліктен тұтас ел құлақтанып отыр деуге де болады.

 

КЕТКЕН КЕМШІЛІКТЕР ТҮЗЕТІЛУІ ТИІС

Қазір Қосшы қаласының бас жоспары әзір­леніп жатыр. Оған сәйкес, 2038 жылға қарай халық саны 200 мың адамға жетпек. Бүгінгі ресми мәліметке сүйенсек, Қос­шы­да тіркеудегі адамның саны 52 мың бол­ға­нымен шын мәнінде 100 мыңнан аса адам тұрып жатыр.  Қала әкімдігінің мә­ліметінде 2023 жылы қаңтар-қыркүйек ара­лығында Қосшыға 4 289 адам сырттан көшіп келгені көрсетіліпті. Осы тоғыз ай ішінде қалада 100 жұп шаңырақ көтеріп, 574 сәби дүниеге келген. Демек, демог­ра­фиялық көрсеткіш те жама емес. Мұны облыс әкімі М.Ахметжанов та айтты. Алай­да тұрғындардың көбі Астанаға ба­рып тіркелгендіктен, қалаға қажетті қар­жы нормативке байланысты толық қам­та­масыз етілмей келеді. Мысалға, нор­ма­тив бойынша 10 мың адамға бір жедел жәр­дем көлігі қарастырылатын болған­дықтан, Қосшыны толық қамтитын жедел жәр­дем көлігін алудың өзі қиындық ту­дыру­да. «Қосшыда тұратын адамдар неге өз қаласына тіркелмейді? Өйткені оларға сапалы медициналық қызмет керек, жақ­сы мектеп, тиімді қызмет көрсету орта­лық­тары қажет. Осының барлығын тұр­ғы­лық­ты жерінде жасап берсек, Астанаға емес өз үйлеріне тіркелер еді», – деді әкім брифингтегі жауабында.

Бір атап өтерлігі, бүгінде қала бойын­ша мектеп жасындағы оқушының саны 10 мыңнан асқан. Бұл еліміздегі кейбір ау­дан тұрғындарының санынан артық көр­сеткіш. Бұған дейін, Қосшыда мектеп­тің жетіспеушілігінен оқушылар үш ауы­сымда оқып келген. Жаңа оқу жылында бұл мәселе шешіліп, қос мектеп қолданыс­қа берілді. Ендігі міндет екі ауысымдық оқу жүйе­сінен шығу. Келер жылы Қосшы қаласының аумағында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 3 білім ошағының құры­лысы басталмақ. Оның екеуі Қосшының өзінде, біреуі қалаға қарайтын Тайтөбе ауылында бой көтермек. Одан бөлек, баспана мәселесін шешу үшін 2024 жылы жаңа шағынаудан салынбақ. «Құрылыс жүргізетін компанияға тұрғын үймен қа­тар мектеп, балабақша, саябақ салуды да міндеттеп отырмыз. Ол міндеттің орын­далуын Қоғамдық кеңес мүшелері бақы­лай­тын болады. Жылумен, сумен қамта­ма­сыз етуді де мердігердің міндетіне ар­тып, қатаң талап қойып отырмыз», – дей­ді облыстық мәслихат депутаты А.Төре­баев.

Сондай-ақ алдағы жылы 300 орындық облыстық аурухана құрылысы мен жедел жәр­дем бекетін салу жобасы қарасты­рылу­да. Қысқасы, Қосшы қаласының даму жос­пары Астана агломерациясы жоба­сы­на негізделмек. Жоспарда бәрі жақсы-ақ, қалай бітерін уақыт көрсетер.

Бауыржан БАЗАР