Бурабайға демалыс аймағына кіру алдағы жылдың қаңтарынан бастап ақылы болмақ. «Бурабай» ұлттық паркінде арнайы терминал қойылып, одан өткен әрбір жан 0,5 АЕК мөлшерінде ақы төленетінін хабарлаған.
Щучинск пен Бурабай тұрғындары ақылы терминалға қарсы петицияға қол қойды
Фото: burabaypark.qr-pib.kz
1,754
оқылды

Щучинск тұрғындары аталған жергілікті жұрттан ақы төленуіне қарсы наразылық білдіріп, петиция ұйымдастырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. 

Қала тұрғындарының айтуынша, терминал басқа жерлерден емес күнделікті жұмысына, туған-туыстарына бара жатқан жергілікті халықтан да терминалдан күнделікті ақы төлеуге мәжбүр болатынын мұның ақылға сыймайтынын айтады. Наразылықтарын білдірген жергілікті белсенді тұрғындар «Бурабай» ұлттық паркінің басшылығына, Ұлттық экономика және Экология министрлігіне арнайы петициялық хат әзірлеп, оған 500-ден астам адам қол қойған. 

 

– Мен Щучинск қаласының тұрғынымын. Бурабайда IQanat зияткерлік мектебінде қызмет етемін. Сондай-ақ балық аулаумен де айналысамын. Біздің жергілікті балықшылар Бурабайдың тазалығына мән беріп, жиі тазалық шараларын ұйымдастырып отырамыз. «Бурабай» ұлттық паркі алдымыздағы 1 қаңтардан бастап 0,5 АЕК мөлшерінде әр күн сайын терминалдан өткен адамнан ақы төлейтінін ресми түрде жария етті. Яғни, басқа жұрттан бөлек Бурабай кентінде, Щучинск қаласында тұратын жергілікті тұрғындардан да ақы алынбақ. Яғни, мәселен мен күн сайын жұмысқа барып келгенде мың теңгеден астам терминалға салып тұруға мәжбүр болады екенмін.

Сол сияқты Бурабай кентінде тұратын адамдар Көкшетауға, Щучинск қаласына туған-туыстарына жолға шықса тағы жаңағы терминалға ақы төлеуі тиіс. Бұл шын мәнінде ақылға сыйымсыз ғой. Жергілікті тұрғындардан да ақы төленсе олар табиғатқа демалуға шыққанда қасақана қоқыс төгіп, тіпті орман алқаптарына өрт қойып кетуі де мүмкін ғой. Бұл паркке экологиялық нұқсан келтіруіне де себеп болмақ. Қазір біздің жазған петициялық хатқа 500-ден астам адам қол қойды.  Қазір хаттың үш данасы Щучинск қаласында базардағы «Саяжолда», «Ақжелкен» сауда орталығында және тәулік бойы жұмыс істейтін «Ақжолда» тұр. Кешкісін е-өтініш арқылы Ұлттық экономика министрлігі мен Экология министрлігіне жолдағалы отырмыз, – дейді петиция авторы Аян Қажымұқанбет. 

Халықтың дүрлігуіне расында да «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ресми түрде өз парақшаларында парк аумағына кіруге жаңа тариф бекітілгені туралы ақпаратты жария етуі себеп болған. 

«Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 21 желтоқсандағы (№165-VII) Заңы аясында Салық кодексінің 591-бабына Мемлекеттік ұлттық парк аумағы көлік құралдарын кіргізгені үшін алым алу мәселесі бойынша толықтыру енгізілген болатын. Осыған орай, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға кіруге жаңа төлем ставкалары бекітілді.

2024 жылға арналған алым мөлшері:

- жаяу жүргінші – 0,1 АЕК (369 теңге);

- мотоцикл, мопед, квадроцикл үшін – 0,2 АЕК (738 теңге);

- жеңіл автокөлік – 0,3 АЕК (1 108 теңге);

- сыйымдылығы 16 орынға дейінгі шағын автобус пен жүк көлігі – 1 АЕК (3 692 теңге);

- 32 орынға дейінгі автобустар – 2 АЕК (7 384 теңге);

- 32-ден астам орындық автобус – 3 АЕК (11 076 теңге).

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқан елді мекендерде тұратын және/немесе сол жерде орналасқан саяжайлары бар жеке тұлғалар төлемнен босатылады.

Бурабай, Бұланды және Еңбекшілдер аудандарының ұлттық парк аумағынан тыс орналасқан елді мекендерінің халқы жалпы негізде ақы төлеуге міндетті. Бұл ұлттық паркпен іргелес жерлерде тұратындарға да қатысты.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке/заңды тұлғалардың автокөлік құралдарынан ұлттық парк аумағында болған әрбір күн үшін төлем алынады.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны алымның ашықтығын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық қаупін азайту үшін «Бурабай» мемлекеттік ұлттық паркінде 5 бақылау-өткізу бекеті автоматтандырылды.

Өткізу бекеттерінің бәрі екінші деңгейлі банктердің төлем қызметіне қосылған (kaspi.kz, homebank, Jusan). Яғни төлемді терминал арқылы да, банктік аударыммен де жасауға болады.

Онлайн төлеу үшін банктердің QR-кодтары қойылған. Kaspi.kz қосымшасымен төлеу үшін шотыңызды алдын ала толтыруға болады (ақылы жолдардағы сияқты). Ондай кезде ұлттық парктен шыққанда төлем автоматты түрде есепшотыңыздан алынады. Төлем банктік аударыммен де, қолма-қол да жасалады.

Бақылау-өткізу бекетінде кептеліс болмауы үшін маршрутты алдын ала жоспарлап, Бурабай ауылындағы ғана емес, басқа да өткізу бекеттерінен де шығуға болатынын ескерулеріңізді сұраймыз», - делінген «Бурабай» МҰТП-ның ресми парақшасында. 

Біз жағдайды анықтау мақсатында Бурабай ауданы әкімдігімен тілдеспек болдық. Аудан әкімінің орынбасары Жангелді Төлегенов Бурабай ауданында тұратын адамдар ақы төлемейді деп петиция жазғандардың сөзін жоққа шығарды. 

 

- Аталған мәселе қазір аудан әкімдігінің, облыс әкімдігінің тікелей бақылауына алынған. Тұрғындар тарапынан сауалдар туындап, петиция жазылғаны рас. Бұл жерде «Бурабай» ұлттық паркі осы петиция жазылмастан бұрын Президент Ісі басқармасына халықтан осындай жағдай туындайды деп арнайы хат жазған. Ол хат Премьер-Министр кеңсесі арқылы Ұлттық экономика министрлігіне түскен. Содан Ұлттық экономика министрлігінен Ұлттық паркке бұл мәселенің орынды екені айтылып, Бурабай ауданы аумағында тұратын адамдардың төлеуден босату мәселесі шешілетіні туралы хат келді. Біз жақында петиция жазып мәселе көтерген тұрғындармен кездесу өткізіп мәселені тағы бір мәрте талқыладық. Тұрғындар сонда да мәселені шешу үшін петицияны жіберуді жөн деп шешті. Енді петиция алдымыздағы дүйсенбі күні Ұлттық экономика министрлігіне қайта жолданады. Қазір аталған мәселе Ұлттық экономика министрлігінде қаралып салық кодексіне өзгерістер енгізілмек. Мәселе оң шешімін табатынына сенімдіміз, - дейді Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Жангелді Мейрамұлы.  

Әлеуметтік желі арқылы да тұрғындар терминалдың қойылуына және жергілікті тұрғындардан ақы төлеуге мәжбүр етілуіне ашық наразылықтарын білдіруде. 

«Бұл дегеніңіз заңды рэкет қой!», «Барлық заңдар адамдарға қарсы. Төзімдерін сынап жатыр», «Иә, осылай өз қалталарын толтыруды ойлады. Бізде ешқашан тәртіп болған жоқ және болмайды да», - деп жазды тұрғындар. 

Түйінді мәселенің соңғы нүктесі Ұлттық экономика министрлігінің жазылған петицияға жазған жауабынан кейін белгілі болмақ. Аталған мәселенің одан әрі қалай өрбуі біздің де бақылауымызда болмақ. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы