Қазіргі балалар өз өмірін компьютерлік ойындарсыз елестете алмайды. Олар үшін ең жақсы сыйлық – смартфон мен планшет. Бірақ психологтар «онлайн ойындарды ұзақ уақыт, қадағалаусыз ойнау жаңадан қалыптасып жатқан ми мен жүйке жүйесіне өте зиянды» деп дабыл қағуда.
Балаларға видео ойындар ойнауға шектеу енгізілді
Фото pravmir.ru сайтынан алынды
2,076
оқылды

Жақында BBC News сайты Қытай елінде балаларға видео ойындар ойнауға шектеулердің күшейтілетінін жазды. Aikyn.kz британдық басылымға сілтеме жасай отырып, жас балаларда тәуелділікті тез қалыптастыратын онлайн ойындардың зиянын түсіндіреді.

Фото gamemag.ru сайтынан алынды 

Көптеген зерттеулер экрандағы қозғалған бейнелер, тіпті, үш айлық сәбиді де қызықтыратынын анықтаған. Осыны пайдаланған жас аналар теледидарды, планшеттер мен смартфондарды баланы тыныштандыру және тамақтандыру үшін жиі қолданатын болған.

Түрлі-түсті әсерлі бейнелерді көрген сәби еріксіз аузын ашып, таңдана қарайды. Осы сәтте жас аналар баланың аузына тағамдар салып тез тамақтандыра бастайды. Осылайша зиянды әдеттер мен тәуелділіктерді аналар баласына нәресте кезінен бастап өздері қалыптастырғанын түсінбей қалады.

«Қағазсыз» өскен «цифрлық ұрпақ» аз қозғалады, «жанды» құрдастарымен аз сөйлеседі, виртуалды достарды жақсы көреді. Ата-аналар балаларының қағаз кітапты әлдеқайда аз оқитынын айтады. Балаларға кітаптан ертегі оқып беру дәстүрі ұмытыла бастады.

Олар әлеуметтік желілердегі бітпейтін роликтер лентасын көргенді ұнатады, мультфильм көреді. Сөйтіп балалар өздерінің қиялын дамыту мүмкіндігін жоғалта отырып, дайын бейнелерге құмарлығын өсіреді.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: CHUYN

Америкалық ғалымдар компьютерде өткізген бір сағат баланың миына алты сағат мектептегі оқудан да артық салмақ салатынын дәлелдеген. Бірақ компьютер қолданудан шаршау байқалмайды, жүйкенің шаршауы бірте-бірте жинақталып, бас ауруы, бас айналу, ұйқының бұзылуына, ашуланшақ болуға алып келеді. 

Компьютерлік ойындар мидың ләззат алуға жауапты аймақтарын үнемі қоздырып балаларды онлайн ойындарға, смартфонға тәуелді жасайды. Бұндай тәуелділікті психологтар нашақорлықпен салыстыруға болатынын айтады.

Онлайн ойындарға әуес, әлеуметтік желілерде ұзақ отыратын балалар агрессивті болып, өз эмоцияларын басқара алмайды. Олардың ойлау көкжиегі тарылып, шынайылық пен виртуалды оқиғаларды салыстыруға кері әсерін тигізеді, ата-аналарымен, құрбыларымен қарым-қатынасы қиындайды. 

Фото trashbox.ru сайтынан алынды

Жас балалардың болашағын ойлаған (елдің болашағын да) Қытай 2021 жылдан бері 18 жасқа толмаған балаларға жұма, демалыс және мереке күндері ғана тек бір сағаттан онлайн ойындар  ойнауға рұқсат етеді. Балаларға видео ойындарға жұма, сенбі, жексенбі күндері және ресми мереке күндері кешкі сағат 20.00 мен 21.00 арасында ғана рұқсат етіледі.

Қытайдың реттеуші органдары ойын компанияларына осы уақыттан басқа кезде балалардың ойнауына жол бермеуді тапсырған. Мемлекеттік медиа онлайн ойындарды «рухани апиын» деп атайды.

Қытайлық видео ойын индустриясының көшбасшысы Tencent балалардың ойнауын шектеу үшін бет-әлпетті тану технологиясын қосқан. Бұл технология балалардың ересектердің жеке куәліктерін пайдаланып, онлайн ойындарға кіруін болдырмауға бағытталған.

Фото zabolotie.schoolnet.by сайтынан алынды

Осындай жаңа ережелерді енгізу арқылы Қытай үкіметі жастар арасында «позитивті энергия» қалыптастырып, олардың бойына «дұрыс құндылықтарды» сіңіруге үміттенеді. 

Жақында Қытай билігі онлайн ойын ішіндегі сатып алуларды шектеуге бағытталған заң жобасын қабылдайтынын мәлімдеген. Қосымша шектеулер «ұлттық бірлікке нұқсан келтіретін» және «ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін немесе ұлттық бедел мен мүдделерге нұқсан келтіретін» тыйым салынған онлайн ойындарға тыйым салмақшы.

Баланы виртуалды өмірден шынайы өмірге қайтарудың қандай қиын екені мына видеода:

Қытай әлемдегі ең үлкен ойын нарығы, ал Tencent табысы бойынша ойын секторындағы әлемдік көшбасшы.

Tencent Games вице-президенті Виго Чжан компания мемлекеттің жаңа реттеуші талаптарын қатаң сақтайтынын айтқан. Ойын шығарушылар жаңа ереже бойынша қолданушылардың деректерін өңдейтін және сақтайтын серверлерін басқа жерде емес, Қытайда орналастыруға міндеттеледі.

1,4 млрд халқы бар Қытай болашақ ұрпағының психологиялық денсаулығын ойлап, онлайн ойындардың зиянды әсеріне тосқауыл қоюға қатал заңдар қабылдап жатқанда, енді ғана 20 млн. адамға жеткен Қазақстан үшін бұндай маңызды шешімдер қашан қабылданар екен?!