Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, шебер аудармашы, қазақ әде­биетінің жарық жұлдыздарының бі­рі – Мағжан Бекенұлы Жұмабаевтың биыл туғанына 130 жыл толды.
Не көрсем де Алаш үшін көргенім...
2,819
оқылды

Ал­ғаш­қы  сауатын ауыл молдасынан ашып, білімін Қызылжар қаласындағы мед­ре­седен жалғастырған Мағжан 1910-1913 жылдары Уфа қаласын­дағы «Ғалия» медресесінде тәлім алады.

1912 жылы алғашқы «Шолпан» атты өлеңдер жинағы Қазан қаласында жарық көрді. 1913-1916 жылдары Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқиды. Мағ­жан Алаш үніне үн қосып, «Қазақ» газетіне өлеңдер жариялай бастайды. Орынбор­дағы жалпықазақ съезіне қаты­­­сып, Алаш­­­орданың оқу комиссиясының мүшесі болды. 1919-1923 жылдары «Кедей сөзі», «Бостандық туы» газеті, «Шолпан», «Са­на» журналдарында, «Ақжол» газетінде қызмет істеп жүріп, Халық ағарту ісіне белсене араласады. Осы кезеңде атақты «Батыр Баян» поэмасын жазып, «Педа­­­гогика» оқулығын Орынбордағы Қазақ­станның Мемлекет баспасынан 1922 жы­­лы басып шығарады. 1923 жылы «Бас­­­­­­­тауыш мектеп ана тілі» атты оқулығы да баспадан шығады. Мағжан Алашорда кезінде оқу комиссиясының мүшесі бол­са, ҚазақАКСР кезінде де, халық ағар­ту жұмысына белсене араласты. 

Мағжан Бекенұлы 1923-1927 жылдары Түркістан Республикасынан арнайы жолдамамен Мәскеудегі жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқиды. Мәс­­кеуде жүргенде Алаш көсемі Әлихан Бө­­­кейхан бастаған ағаларымен етене жақын араласады. Орыс әдебиеті мен мәдениет қайраткерлерімен жете таны­­­сып, көпші­лігімен достық қарым-қа­тынаста болады. 

Бұл кезде Мәскеудегі Алаш зиялылары «Күншығыс баспасы» айналасында топ­­­талған еді. Баспа туралы XX ғасырдың 20 жылдары баспасөзде аты жиі айты­­­ла­тын. Қазақша ресми аты ­­– «КСРО халық­тары кіндік бапасының қазақ-қыр­ғыз бөлімі». Оның тарихы 1922 жылдан баста­лады. Осы жылы авто­­­номиялық респуб­ликалар мен облыстар үшін кітап­тар және мерзімді басылымдар шығаратын КСРО ОАК Шығыс баспасы негізінде ашылды. 

Халық арасында «Күншығыс баспасы» деп аталып кеткен бұл мекемеге 1922-1928 жыл­дары Нәзір Төреқұлов басшылық жасаған болса, баспада 1922-1927 жыл­дары Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан да жұмыс істеді. 1923 жылы Мәскеуге келген Мағжан аталған баспаға жұмысқа тұрып, өз шығармашылығымен қатар мекеменің арнаулы аудармасымен де айналысады. Біз Мағжанның Мәскеудегі кезінде жаса­ған аудармасы мен өз қаламынан туған шығармаларына арнаулы тоқтала кеткенді жөн көрдік.

1. Оқулықтар. Мағжан Жұмабаевтың жаратылыстану пәні бойынша жазған оқулықтарының бірі – «Күркіреу, найза­ғай, электр» деген кітапшасының алғы сө­­зін басқарма арқылы жазған Қыр бала­сы (Әлихан Бөкейхан) кітаптың жазылуы мен мазмұнына тоқталады. Басқармадан: «Біз бұдан бұрын орыс кітабын қазақ­­шалап, аударып келдік. Енді осы кітапша мен білім бетімен қазақша кітаптың өзін жазатын жолға түстік. Халелдің «Жануар­­­лары», Елдестің «Физикасы» болмаса, білім бетінде бұдан бұрын қазақтың өз кітабы жоқ та шығар» – деп аталған кі­таптың қазақтілді алғашқы оқулық­­­тардың бірі екенін атап өтеді.

Аударма кітаптың мәнін қазақи түсі­нікпен оқырман қауымға жеткізе білген аудармашының шеберлігі туралы былай дейді: «Орыс кітабын қазақ тіліне аудар­­ғанда еріксіз соған еріп кетіп, қазаққа түсініксіз дәлелдерді қолданып, кітапты қиындатып келеміз. Енді біздің білімге, қаламға жүйрік жігіттер осы Мағжан жо­лына түссе, ел ағарту ісі сәтті болар еді».

Кітаптың мазмұны мен мақсаты тура­­лы: «Бұл кітапта білім беті Талдыкөлдегі ауылдарда жиылған ақсақалдар, мұға­­­лімдер, оқудағы балаларға сабақ есебінде айтылған болып жазылған. Бұл сабақты берген жігіт өзінен сұрағанға жауап та беріп отырған. Ел алдында тәжірибемен айтқанын дәлелдеген. Сабақ кей кезде айтысқа айналған» деп түйіндейді.

Мағжанның осы нұсқасы да білім бе­­­тінен қазақ тілінде кітап жазатын жігіт­тер­дің қолданатын жолы. Соңында электр тақырыбы туралы, физика туралы терең білгісі келетін оқырман қауымға былай деп кеңес береді: «Бұл кітапта электр қыс­­­қаша жа­­­зылған. Кітаптың іздегені электр туралы әліппеден сабақ берген. Электрмен терең бой­­­лап, танысам деген оқудағы інілер, мектептегі мұғалім­дер Ел­дес­­­тің «Фи­з­ика­­­сын» алып оқыған оң», – деп сөзін қоры­­­тын­дылай келіп, соңында «Қыр баласы» деген қолтаңбасы­­­мен алғы сөзді аяқтайды. 

Мағжан «Жаңбыр дегеніміз не?» деп аталатын тағы бір шағын кітапшасында жаңбырдың пайда болуының физикалық заңдылықтары, ауа қозғалысы мен бұл­т­­­тар­­дың түрлеріне тоқталады. Бағасы небә­­рі 2 тиын тұратын алақандай кітаптардың «Күншығыс баспасынан» шығып тараты­луы туралы «Ауыл тілі» газеті былай деп жа­­­зады: «Кеңес одағындағы елдердің кін­дік баспасы кейінгі кезде түрлі мәселе тура­­­лы кішкене-кішкене кітапшалар шы­ғара бастады. Мұндағы мақсат – жеңіл тіл мен арзан бағалы, қалтаға салып жүріп қалт еткенде оқып шыға қоюға қолайлы кітапшалар шығарып, елдің кітап оқуға ықыласын арттыру, әртүрлі керекті мәселе туралы қысқаша түсінік беру болса керек. Бұл жақсы пікір. Өйткені осы күнгі қазақ кітаптарының өтпей, тарамай жатқаны­­ның бір себебі – бағасының қымбаттығы. Міне, біз сынап отырған кітапша әлгі кіш­кене кітапшалардың бірі» – деген түсінік­­­теме бере кетуді жөн көріпті. («Ауыл тілі» газеті. № 10,1927 жыл). Атал­­­ған кітаптар Мағжанның жаратылыстану бағытында жазған оқулықтары еді. Бүгінде мектеп­­­терде оқытылатын география сабағы мен фи­­­зика оқулықтарындағы кейбір физи­­­калық құбылыстардың атаулары дәл осы Мағ­­­жанның аудармасынан бастау алады деп айтуға болады. Әлихан Бөкейхан: егерде физикалық құбылыстарды толығы­­­рақ тү­­сінем деген оқырман болса, Елдестің «Физика» оқулығын қарауына болады деп жөн сілтейді. 

2. Әдеби аудармалар. Мәскеуде жүр­­­генде Мағжанның орыс әдебиеті мен мә­­­дениеті туралы ізденісі тереңдей түскені белгілі. Соның бір дәлелі ретінде М.Гор­­­кийдің шығармаларын қазақшаға аударуы. 1924 жылы басылған «Сұңқар жыры» аудар­­­масы Мағжанның М.Горкийден аударған бесінші еңбегі. Олар: «Сұңқар жыры», «Жұртын сүйген жүрек», «Ана», «Темірді жұмсатқан ана», «Хан мен ұлы». Ал аударма туралы: «Өмірі жаумен алы­­­сып, қан жұтып, жаралы болған сұңқар – төңкерісшілдер, жылан – жа­­­байы тоғы­­­шарлар. «Өрмелеу үшін туған жан ұша алмақ емес». Сондықтан ақын «Ерлердің көзсіздігін, ессіздігін жырлайды», – деп жазады. Максим – санашыл, дарашыл, романтик ақын.

«Іші батпақ, қараңғы, қалың орманға жау қамап, қырылуға айналған елді бастаған батыр қатерден елін құтқармақ болады. Бірақ жолда көп қиыншылық, азап шегіп, ел батпаққа батып өле береді. Қиналған ел долданып, басшы ерге тап беріп, өлтірмек болады.

Қараңғыда жол табылмайды, адасады. Сонда батыр жүрегін суырып алып, көтергенде күндей жарқырап, нұр шаша­­ды; елін беті ашыққа шығарып, ажалдан құтқарады да, батыр өледі. Бұл – « Жұртын сүйген жүрек» еді...

«Аударма ұғымды, сұлу жазылған. Тілінде кемдік жоқ». («Термеден»/81 бет).

М.Горкийдің шығармаларын қазақ­­­шалаған Мағжан кейіннен жазаға ұшырап, айдауда болған кезде Горкийдің арала­­­суымен 1936 жылы босағаны есімізде. Осы кезде Горкийдің шығармаларын қазақ­­­шалағанын айтып, Мағжанның жұбайы Горкийден көмек сұраған еді. 

Иванов Всеволодтың «Төрт әңгіме» деп аталатын еңбегін Мағжан 1927 жылы тәржімалап, 5000 данамен басылып таратылады. Аударма туралы айтар болсақ: «Бұл кітапты жазған орыста сырлы әде­­­биетте бәйге алған жаңа жазушының бірі. Жазғаны жаңа да ел басынан кешірген ақ пен қызылдың соғысы мен елде болған ашар­­шылық. Әңгімедегі жазылған жер Семей мен Жетісу, ондағы қазақ пен казак- орыс. Бұл кітап туралы 1927 жылғы «Жаңа мектеп» журналының № 3-4 сандарында былай дейді:

«Темірбай аяғынан шығып кеткен атын қарап жүріп, шаршап, қарағанды паналап ұйықтап қалады. Бір топ казак-орыс екі қазақты айдап қарағанға келіп, Темірбайдан 25-30 таяқ жерде екі қазаққа көрін қаздырады. 

Темірбайдың миын ә дегеннен бұр­ғыдай бұрап, шаяндай шағып отырған ой мынау:

Бұлар мына орды не үшін кімге, неге қазып жатыр?

Міне, осы ой қазір жазғытұрым тасыған өзендей тасып-өсіп, Темірбайды билеп алды. Өзен тасып су астында қалған жағадағы тылдың анда-санда қылт-қылт етіп көрініп-көрініп кететін басындай ауылы, малы, ұлы туралы ой анда-санда бір соғып кетеді. 

Темірбайдың басы айналып, көзі қарауытып кеткендей болды. Қазақ-орыс­тардың қолындағы мылтық, жерді тырнап жатқан екі күрек, иығына ақ бірдеңе жапсы­­­рып алған төре, осылардың бәрі әп-сәтте біріне бірі қосылып, ертегіде айты­латын жеті басты жалмауыздың қиапатына кітіп, Темірбайдың тап алдына келіп, іріген аузына шіріген лебін бұрық еткізіп:

– Екі жаяу қазір атылмақ!... дегендей болды».

Мағжан осылайша қазақшалайды...». («Жаңа мектеп» журналы. № 3-4, 1927 жыл). Монархия құлатылып жер-жер­­­де ақтар мен қызылдар арасындағы аласапыран Азамат соғысы болып жатқан кездегі халықтың мұңы мен қайғысы, азабы мен тозағы шығарма желісінде толық суреттеліп баяндалады. Әдеби шы­­­ғарма арқылы тарихи оқиғаны шебер су­­­реттеген шығарманың тілі жеңіл, оқырман қауымға түсінікті етіп жазылған.

3. Педагогикалық басылымдар. Мағ­­­жанның педагогикалық басы­­лымдарының алғашқысы – «Педагогика» оқулығы. Алғаш 1922 жылы Орынборда жарық көрген оқулық кейіннен, 1923 жылы Таш­­­кент қаласында қайталай басылады. Соны­­­мен қатар 1923 жылы «Бастауыш мек­­­теп ана тілі» атты оқулығы да баспадан шығады. Ересектердің сауатты болуына қолғабыс қылатын Мағжанның «Сауатты бол» оқулығы да 4-5 рет қайталай түзетіліп, жаң­­­ғыртылып қайта басылған еді. 4-ба­­­сылуы тіптен 36 000 данамен тара­­лады. Кітаптың ерекшелігі ересектерге арналған себепті кітап соңында қосымша тұрмысқа керекті іс қағаздарының ана тілінде жазу үлгілері де берілген.

Мысалы: Керекті білімдер: жалаңаш хат, жабық хат, телеграм, почтамен ақша жіберу, почтамен нәрсе жіберу, протокол жазу, өтініштерді қалай жазу туралы үлгі ретінде жазып түсіндірген. Сонымен қа­­­тар метр өлшеуіштері мен орыс өлшеулері салыстырылған кесте де қосымша бе­рілген.

Кітаптың жазылуы мен қолдануы ту­­­ралы әдіс хатта былай жазылған: «Әдіс хат: Бұл «Әліппенің» жазылу негізі дыбыс әді­сі. Бұл күнде көбінесе хат танытудың екі әдісі ұсынылып жүр: дыбыс әдісі, тұтас сөз әдісі дегендер. Әліппелерде осы екі әдістің бірімен жазылады. Ересектер мектебінде орыстар осы күнде тұтас сөз әдісін көбірек қолданып отыр.

Тұтас сөз әдісінің артықшылығы мы­­­нау. Оқушылар мағынасы түсінікті сөз­­­дерден бастап үйренеді, ежіктеп оқудан құтылады, мағыналы сөзден басталған соң оқушыға қызғылықты болады. Тұтас сөз әдісі көбінесе адамның көзінің алғырлы­­­ғына, көз ұтқырлығына сүйенеді. Қала берді оқытушыларымыз тұтас сөз әдісімен емес, дыбыс әдісімен жақсы таныс оқыту­­­шы «Әліппе» кітабының қандайымен болса да тұтас сөзбен сабақ бере алады. Сон­­­дықтан бұл әліппемен де тұтас сөз әдісін жүргізуге болады» – деп сауат ашу­­дың ең тиімді, ең қолайлы жолын көр­­сетіп, нақты мысалдар арқылы ересектерді тез сауаттандырудың жолын ұсынады. Бұл оқулық тек сауат ашу ғана емес қазақтың дәстүрлі тұрмыс тіршілігі мен өмір сүру қағидаларын еске ала отырып жазылған еңбек деуге болады. Мысалдардың көбі дәстүрлі тұрмыстан алынған және қосым­­­ша пайдалану іс-қағаздары сол кезеңде қазақ қоғамына ауадай қажетті еді. Мағ­­­жан бұл олқылықтардың орнын толтырған санаулы авторлардың бірі.

4. Коммунистік партия туралы және жарғылары. Мағжан Жұмабаевтың бас­­­қарма тарапынан аударған кейбір аудар­­­малары партия съездері мен қаулылары туралы еді. 1925 жылы Мәскеуден Мағ­­­жанның тағы бір аудармасы «Кеңес рес­­­публикалары одағындағы мұғалімдер­­­дің І тобының қаулылары» кітапшасы 1000 да­намен басылып шығады. Бұл қаулылар арасында «Күншығыс баспасы» басқарма төрағасы Нәзір Төреқұловтың баяндамасы да бар еді. Кейіннен Нәзір Төреқұловтың сөйлеген сөзі жеке кітапша болып, «Ұлт мәселесі мен мектеп» атауымен 5000 дана­мен басылып шығады. Бұл кітапшаны да аударған Мағжан деп жазылған. Ұлттық мектептің жағдайы мен оны ұйымдастыру үшін қажетті шарттар жазылған еңбектің маңызы оқытушылар қауымына таптыр­­мас құрал ретінде пайдалануға және бағыт алуға жол сілтеп көмектесті. Бұл еңбектің де қазақ білім саласын дамытуға тигізген өзіндік әсері бар. 

1926 жылы 76 беттік Горовтың «Маркс пен Ленин» кітабын да Мағжан қазақша аударады. Марксизм мен Ленинизмнің жолын қазақ оқырмандарына түсінікті тілмен жеткізу үшін басқарма тарапынан жүктелген міндетті орындағаны белгілі. Кітап туралы «Еңбекші қазақ» газеті бы­лай жазады: «Кітаптың не айтатыны атынан да белгелі. Жер жүзі еңбекшілерінің елі ұлы көсемнің негізі, жолы мен көпті таныстырады. Түсініп оқитын қазақ бұл кітаптан Маркс, Лениннің ілімдерімен біршама танысады. Жалпы, алғанда кітапты аударушының тілі оқушыға онша түсініксіз емес...». («Еңбекші қазақ» газеті. № 270, 1926 жыл). Ұлттық мемлекет құру мен ұлттар арасындағы еркіндік пен теңдікті қарапайым қазақ оқырмандарына түсіндіру мен жалпы мәлімет беруде, аталған кітапшаның тигізген пайдасы болды. 

5. Шаруашылық тұрмысқа қатысты кітаптар. Халық шаруашылығы тұрмысын жақсарту мақсатында аударылып басылған еңбектері де аз емес. Солардың бірі – «Қарыз серіктігі, оның қара шаруаға пайдасы». Конуковтың кітабын аударып, 1925 жылы Мәскеуден басып шығарады. Кітаптың алғы сөзінде Қыр баласы (Әлихан Бөкейхан): «Ал қазақ оқып алып серіктік жаса, тіршілік қыл!» деп, оқырманға ұсынады. «Бұл кітапта ел шаруа­шылығының мұң-мұқтажы, қара шаруаның мәдениет жүзінде мешеулігі, шаруашылықты көтеру мен көркейту үшін қарыз серіктестігінің пайдасы баян­да­­­­­­­лады. Бірнеше мемлекеттік егін шығы­мы салыстырылған. «Сонда Белгия, Гер­ма­­­­­ния, Аустрияныкінен Ресей егіні ана­­­­ғұрлым төмен екені қазақ оқушыл­арына көрініп тұр. Ал қазақ, орыс шаруа­сын өзінен қандай артық көреді. Бұдан кейін әр мемлекеттің мал шаруашылығын салыстырады. Бұдан дүниежүзінде Дания деген мемлекет бар екендігі, оның бір сиыры жылына 350 шелектей сүт беретіні, 250 шелектен кем бермейтін көрінеді. Данияның бір сиыры біздің 4-5 сиыры­мызға барабар» – деп сипаттай келе, жа­ңаша реформалар керек екенін атап өтеді. Кітапшаны қазақшаға аударушы жүйрік жазушыларымыздың бірі – деген баға бере­­­­­­ді. Шаруашылықты көңілдегідей көр­кейту үшін қаражат ақша керек. Міне, осы ақшаны бірігіп қарыз серіктігін ашу арқасында табуға болады. Қазаққа бұл кітапша пайдакүнемдерге жем болмау жолын, қарыз серіктігін ашу реттерін үйретеді. Бұл кітапшаны қазақ оқыған­дары, партиядағы қызметкерлер оқып, серіктік, коперация ашу жөнінде елге көмек берулері керек екенін айтады. 

«Еңбекші қара шаруаның артельдері мен коммуналары» – Конуковтан аударған кітаптарының тағы біреуі. 72 беттік кітап­шада халық камунасы туралы қазақ шаруа­­­­­ларына түсініктеме ретінде оқуға ұсынылып, артельдер мен камуна жұмыс­тары туралы баяндалады. Кітаптың алғы сөзін Қыр баласы (Әлихан Бөкейхан) жа­зып, орыс мұжығына арналып жазылған кітаптың қазақ қоғамына да пайдасы тисін деп, қазақшалап оқырманға ұсынып отырғанын айтады. 

«Бұл кітапшада осы кездегі қара шаруа, камын, артельдер жәйі, бұлардың жәй дара шаруалардан артықтығы толық баяндалып, камун, артельдерді қалай ашу жөндері, артель мен камун мүшелері жұмысты бөлісіп алу реттері, артель мен ка­­­­мун шаруаларында машина құрал-саймандарды бөлудің әртүрлі пайдалары түсіндірілген...

Бұл кітапшаны қазақ капетаріпшілдері, мұғалімдері, партия қызметкерлері оқу керек. Қазақша аударушы – ең шебер қазақ жазушысы». («Генош» журналы №3, 1925 жыл). 

6. Тарихи кітаптар. Верещагиннен аударған «Бізді кім билеп отыр», «СССР» (Соцялшыл Кеңес Республикаларының Одағы) кітаптары төңкеріс тарихын сипаттаған тарихи кітаптар екені даусыз. Кітапта дін бостандығы, баспасөз бостан­­дығы, жиылып топ құру бостандығы, ұйым ашу бостандығы, ірі оқуға бостандық т.б мәселелер турасында баяндалған кө­лем­­­­ді еңбектер. Бұл аудармалар арқылы қалың қазақ оқырманы өз бостандықтары мен құқықтары туралы біле отырып, осы күнге қалай жеткені туралы ойланады. Кеңес одағының ұлт саясаты, жұмыскер мен қара шаруаның саяси құқықтарын түсінеді. Бұл кітаптардан басқа Мағжан қазақшалаған «Февральдан октябрьге бет алу (1-бөлім)», «Февральдан октябрьге бет алу (2-бөлім)» кітаптары, Сталинның «Май мейрамы», Лениннің «1905 жыл» кі­­таптары да партия тарихы туралы жа­зылған еңбектер еді.

 

ҚОРЫТЫНДЫ:

Біз жоғарыда, Мағжан Жұмабаевтың ересектерге арналған «Сауат ашу» оқу­лықтарынан бастап, жаратылыстану ба­ғытында арнаулы жазылған «Күркіреу, най­зағай, электр» оқулығына дейін тек қана Мәскеуде жазылып, аударылып, басылып таратылған 20-дан астам еңбегіне арнаулы тоқталдық. Ең азы 2000, ең көбі 36 000 тиражбен басылып, Алтайдан Астраханға дейінгі қазақ даласына 100 мың­нан астам таралыммен таралып жат­қанын айттық. Аталған еңбектердің көпшілігі бүгінде Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақтаулы. 

1. Тілі. Қазақтілді оқулықтардың ал­ғаш­қы легі ретінде қалыптасты. «Мағжан – шебер аудармашы, оқулық жазуда басқа жігіттерге үлгі боларлық тұлға» деген баға берген еді Әлихан Бөкейхан.

2. Жазу стилі. Әдеби аудармаларын қазақ қоғамының тұрмысына бейімдеп аударып жазды. Әсіресе, жанды мысалдар келтіруде қазақтың дәстүрлі тұрмыс-тіршілігінен, сал-дәстүрінен ала отырып, қазақ қоғамының дәстүрлі көрінісін си­паттап берді. 

3. Пайдалану аудиториясы. Балаларға арналған әдебиеттен бастап, ересектерге сауат ашу оқулықтарына дейін жазып шықты. Қарыз серіктігі мен коммуналдық артельдер туралы кітаптарын шаруаларға қосымша көмек ретінде ұсынды. 

4. Таралымы мен бағасы. Ең аз тара­лымы 2000 данадан басталып, 36 мыңға дейінгі тиражбен басылса, кейбір кітап­тары бірнеше рет қайталай басылым көр­ді. Бағасы қол жетімді болды. Ең төменгі бағасы 2 тиыннан бастап, қымбаты 1сом 20 тиынға тұрақтады.

Біз бұл баяндамамыз арқылы Мағжан Жұмабаевтың Мәскеуде айналысқан шығар­­машылығына тоқталдық. Ұлт істері үшін бір бағытта – білім мен ғылым істеріне өздерін арнаған, мақсаттары бір арна­­да тоғысқан Алаш азаматтары Алаш­орда үкіметі таратылып, Кеңес үкі­меті орнаған кезеңдерде де өз ұстаным­дарынан ауытқымай, ұлты үшін аянбай еңбек ете білді. Еліміз тәуелсіздік алып, егемендікке қол жеткен күннен бастап, Алаш мұрасын зерттеп-зерделеу жүйелі түрде жүргізілді.

Биыл Мағжан Жұмабаев атамыздың 130 жылдығы мерейтойы аталып өтіп жатыр. Аталған іс-шараға азаматтық үн қосу мақсатымен Мағжан Бекенұлының Мәскеудегі шығармашылығы, баспадан жарық көрген еңбектері туралы осы баяндаманы жазып отырмыз.

Ұрпаққа үлгі берер Алаш мұрасы әрқашанда ұлттық санамыздан өшпесін деп тілейік! Сөзімізді қорыта келе, түйінін Мағжанның өз өлеңімен аяқтағым келеді: 

Не көрсем де Алаш үшін көргенім,

Маған атақ – ұлтым үшін өлгенім.

Мен өлсем де, Алаш өлмес көркейер,

Істай берсін қолдарынан келгенін...

Кешегі Алаш аманаты, бүгінгі – тәуелсіз Қазақстан. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз ғұмырлы, Алаш туы биіктей берсін! Жасасын Алаш!

Абай МЫРЗАҒАЛИ,

Әлихан Бөкейхан атындағы ҒЗИ ғылыми

қызметкері, қазақтың алғашқы баспасөзі

мен оқулықтарын зерттеуші