Жыл соңы таяған сайын теміржол вокзалдарында жолаушылар нөпірі артады. Әсіресе, емтиханы аяқталған студенттер билет таппай біраз әбігерге түседі.
Сенделген студенттер әр қалада...
1,086
оқылды

Астана вокзалындағы ығы-жығы қарбалас жыл сайын қайталанатын  қалыпты жағдайға айналған. Дәл қазір осы мәселе тағы да күйіп тұр. Қай теміржол вокзалына барсаңыз да, билет таппай сандалған жұрт. Табылса да, бағасы «ұшып» тұр. Бір қызығы, билет алғандарға қарағанда, ала алмай жүр­гендердің саны көп. Сонда ары-бері ағылған пойыздардың билеті қайда кетіп жатыр дерсіз. Алдағы күнде жолаушылар тасы­малының мәселесі қалай шешімін табады?

Бізді мазалаған сұрақтың жауабын білу үшін билет іздеген жолаушыдай біз де онлайн базадан билет қарап едік, табыл­маған соң интернет ақтарып кет­тік. Көзіміз бірден ОLХ сауда алаңындағы хабарлан­­­­дыруға түсті. «Қазақстанның барлық бағы­­тына теміржол билеттері бар», «Билет тауып беремін, хабарла­­сыңыз» деген жар­­на­­­мадан көз сүрінеді. Дереу хабар­ластық, өзін «Сұлтан» деп таныс­тырған азамат «Кез келген күнге билет тауып беремін» дейді. Әрине, бұл қызметі үшін қосымша ақы ала­тынын жасырмады. Күмән тудырмау үшін ақы­рын тамырын басып көрдік. Би­­леттерді қайдан және қалай алатынын сұрадық. 

– Билетті қалай рәсімдеп бересіз?

– Банк қосымшасы арқылы.

– Мобильді қосымшада жыл соңына дейін мүлде билет жоқ қой?

– Мен билетті бронь жасап, алдын ала алып қоямын. Билеттің барлығы бұ­ған дейін осы қосымшада алған жолау­­шы­лар­­дың атына брондалған. Егер ал­­амын десе­ңіз, жеке мәліметтеріңізді жі­бе­­­­­ріңіз, сіздің атыңызға рәсімдеп беремін. 

Айтқанына қарағанда, теміржол билет­­­­­терін алып сатуды бизнес көзіне айнал­дырып алған секілді. Шын мәнін­­де, жеке тұлғаның рұқсатынсыз оның же­­ке мәлі­­­метіне билет брондау қылмыс­­тық іс емес пе деп бір түйдік. 

Бұдан кейін вокзалға бет алдық. Би­лет таппай, касса алдында тізілгендердің қа­расы қалың екен. Кассадан келер қа­йыр болмаған соң жолсеріктерді сөзге тар­­­тып көргіміз келді. «Астана – Алма­ты-1» бағы­­тында жүретін пойыз келіп тұр. Негізі, бұл бағыттағы билет құны – 6 860 теңге. Ал жол­серіктің сұрағаны – 15 мың теңге. Екі еседей қымбат. «Есесіне өзімнің орнымды беремін» деген жолсе­рік жолда да тексе­рістің болмайтынын айтып сендірді. 

Автоматты жүйе болғандықтан, билет бағасы тұрақсыз, кейде тым қымбаттап ке­тетінін де ескерген жөн. «Қазақстан те­мір жо­лы» ұлттық компаниясы бұл мәсе­ле­лер­ді шешу үшін вагондар санын арттырып жа­тыр, онлайн билет алу мен кезекке тұру да онлайн жүйеге енгізілген. Бірақ қабыл­­данып жатқан осындай ша­ралар жолау­шы тасымалын әлі де жолға қоя алмағаны ақыл­­ға қонбайды. Жолау­шылар тасыма­­лына қатысты осы мәселе бойынша «Жо­лау­­­­шылар тасы­малы» АҚ-ның баспасөз хатшысы На­риман Дүй­секеевті әңгімеге тарттық.   

– Қыс мезгілінде мереке күндері би­лет­ке сұраныс көп болады. Анығырақ айт­қанда, 16-31 желтоқсан аралығы. Бұл уа­­қыттағы жоғары сұранысты қанағат­тандыру үшін «Жолаушылар тасымалы» АҚ қосым­­ша пойыздар мен рейстерді іске қосты. Теміржол билеттері пойыз жөнелтілгенге дейін 45 күн бұрын саты­­лымға шығады. Билеттер базасы жалпыға ортақ, сондықтан оған жеке тұлғалар да, компаниялар да кі­ріп сатып алуына мүмкіндігі бар. Бірақ би­леттің бәрін бір жекеменшік компания жаппай сатып алуы мүмкін емес, өйткені әр билет әр адам­ның атына рәсімделуі тиіс. Бірақ кімнің атына рәсімделгеніне біз бақы­лау жүргізе алмаймыз. Алыпсатарларда қан­ша адамның жеке дерегі бары да бізге белгісіз. «Қазақстан темір жолы» порта­лы арқылы «Күту парағына» пойыз жөнел­­­тіле­тіннен 7 күн бұрын және жү­руіне 2 са­ғаттан кешіктірмей тапсырыс беруге болады. Егер жолаушылардың біреуі биле­тін қайтарса, жеке кабинетке бұл туралы хабарлама ке­леді. Бұл қыз­­метті жолаушы bilet.railways.kz сайты ар­­қылы қолдана алады. Айта ке­те­йік, жыл сайын «Жолау­шылар тасыма­­лы» АҚ 13 мил­­лионға жуық жолаушыны та­сы­­­­малдайды. Барлық әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша билет сатып алу жоғары сұранысқа ие. Ал биылғы жыл­дың 11 ай­лық қорытынды есебіне сәйкес «Күту па­ра­­­ғы» сервисі арқылы 163 мың­нан астам жолаушы теміржол билеттерін сатып алса, bilet.railways.kz сайтында жо­лаушыларға осы қызмет бойынша бар­­лығы 469 мыңнан астам бос орын ұсынылды, – деді ол.

Дүйсекеевтің сөзіне сенсек, қосымша пойыздар мен рейстер жұмысын баста­ған. Десе де, талқыға түскен мәселе ше­ші­­мін таб­ар емес. Сөзімізді елордаға бі­лім іздеп кел­ген батыстық Сара Ма­­­рат­­­­қызы растады. 

«Мен студентпін. Емтихан уақыты белгілі болғаннан бастап өзімнің қалама қайту үшін пойызға билет қарап едім, та­был­мады. Алдыңғы жолы жолсерікпен келісіп жолға шықтым, әр станса сайын орнымды ауыстырып, ығырымды шы­ғар­ды. Жыл сайын оқу соңында студент­­тер би­лет таппай, осылай қайтуға мәжбүр болып жүргеніне өзім де куәмін. Алдын ала сатылымға түскен билеттерді кімдер алып жатқаны бізге түсініксіз. Әуебилетін ала­йын десем қалтам көтермейді», – дей­ді студент. 

Рас, билет тапшылығының жиі қай­талануы әбден мезі етті. Пойыз билетін кү­ні бұрын сатып алған алып­сатарлардың бар екеніне куә болдық, олардың әреке­тіне наразы тағы бір шымкенттік студент Да­мира Қуандыққызы:

«Биыл ғана оқуға түстім. Басқа қала­дан ал­ғаш рет жалғыз қайтқалы отыр­мын. Шы­ны керек, билет таппадым. Ойым­ша, оң­­түстіктен келген студент көп сияқты. Алып­­­­­­­­сатарлар мен жолсерік­тен билет алуға сенбеймін. Басқа амалым болмаған соң ұзақ жолға жеңіл көлікпен не автобуспен шығуды жоспарлап отыр­мын. Дегенмен билетін қайтарған жо­лаушы болар деген оймен онлайн база­­дағы жеке кабинеттен де көз алмай отыр­­­­­­­­­мын», – деп біраз сергел­деңге түс­­­кенін айтты.

Ұқ­қанымыз, билеттерді онлайн са­тып алу заманның озық тәсілі десек те, кейде халықты тығырыққа тіреп қоятын сәттері болады. Бұл алыпсатарлардың көбеюіне, жолсеріктің сол баяғыша заң­­сыз жолаушы тасымалдауына жол ашып тұрғаны жасы­рын емес.

Ал әр қалада билет таппай, сенделіп студенттер жүр...

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ