Жаңадан жасалып жатқан Нептун капсуласымен 30 шақырым биіктікке көтеріліп, ғарышты тамашалауға болады. Капсуланың алғашқы нұсқасы Флорида штатында көрсетілді.
Бес жұлдызды капсуламен ғарышқа туристік саяхат басталады
Фото Space Perspective сайтынан алынды
2,515
оқылды

Ғарышқа турист ретінде көтерілу  – көптеген адамның арманы. Енді осы арманын орындауға қаржылық мүмкіндігі бар адамдар қол жеткізетін болды. Newatlas технологиялық жаңалықтар платформасы жаңа ғарыштық аппарат туралы мақала жариялады. Осы материалға сілтеме жасаған Aikyn.kz  адам қиялынан туған ғарыш капсуласының ұшу мүмкіндіктерімен таныстырады.

Фото Space Perspective сайтынан алынды

Бұған дейін де көптеген компания ғарышқа туристерді апаруға әртүрлі жолдарды қарастырып келді. Олардың құны да әртүрлі. Мысалы, Халықаралық ғарыш стансасына бару құны бір адамға 55 млн доллар болса, Amazon компаниясының негізін қалаушы миллиардер Джефф Безостың New Shepard ғарыш кемесімен ғарышқа көтерілу құны 500 мың доллар.

Бұл жолы Space Perspective компаниясы Нептун атты ғарыш капсуласымен ғарышқа туристік сапарлар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. 

Фото Space Perspective сайтынан алынды

АҚШ-тың Флорида штатында орналасқан компания 2020 жылы алғаш рет өзінің ғарышқа туристік сапарлар ұйымдастыру концепциясымен таныстырды. Олар 30 480 метр биіктікке дейін көтерілетін капсула жасап, сегіз жолаушы мен бір ұшқышқа ғарыш кеңістігіне алты сағаттық саяхат ұсынбақшы. Бұл биіктікте Жердің шарға ұқсастығы мен қараңғы ғарыш кеңістігі анық көрінеді.

Ал Жер мен ғарыштың шекарасы Карман сызығымен белгіленеді. Карман сызығы Жер аяқталып, ғарыш кеңістігі басталатын жер болып саналады. Ол Жер бетінен шамамен 100 шақырым биіктікте орналасқан және бұдан жоғарыда физика заңдары өзгере бастайды. 

Фото zoom.cnews.ru сайтынан алынды

Нептун капсуласында жолаушылар сутегі толтырылған футбол стадионының ұзындығындай ғарыш шарына ілінген «ғарыш кемесіне» мінеді. 30 шақырымдық биіктікке жету үшін екі сағат, ғарыш кеңістігін тамашалауға екі сағат және төмен түсуге тағы екі сағат қажет уақыт кетеді.

Капсуланың іші өте ыңғайлы жасалған, жұмсақ креслолар, жеңіл тағамдар қойылған бар, тікелей трансляциясы бар Wi-Fi, 360 градустық панорамалық терезелер бар. Тіпті, қажет болған жағдайда палуба астында дәретханамен де жабдықталады. 

Капсуламен 6 сағаттық саяхатқа әр турист 125 000 АҚШ долларын төлеуі тиіс және билеттер алдын ала сатыла бастады.

Фото Space Perspective сайтынан алынды

Жақында ғана Нептун капсуласының сынақ моделі жасалды. Біраз уақыттан соң капсула өзінің алғашқы сапарын ұшқышсыз, келесі жылдың соңында экипаждармен ұшуын бастайды.

«Бүкіл компания осы белеске бірге жетуге және Нептун ғарыш кемесі біздің көз алдымызда соншалықты керемет өмірге келгенін көруге ынталы», – дейді Space Perspective негізін қалаушы және бас директоры Табер МакКаллум.

Компания ғарыштық миссияларын ұшыруға теңізде арнайы «Вояджер» ғарыш айлағы мен қайтып оралған капсуланы мұхиттан шығарып алатын кеме құрылысын да аяқтауға жақын.

Мына видеодан адам баласының ғарыштан секіргенін көруге болады:

Ғарышқа жақын кеңістіктен Жерге парашютпен секірген тұңғыш адам аустриялық экстремалды спортшы Феликс Баумгартнер болды. Ол 2012 жылы 14 қазанда адамзат тарихында болмаған 40 шақырым биіктіктен парашютпен секіру ерлік жасады. Тұңғиыққа секіру үшін Баумгартнер бірнеше ай бойы дайындалған. 

Стратостаттан секіргеннен кейін бар-жоғы 20 секундтан кейін оның жылдамдығы сағатына 700 шақырым болса, 33 секундтан кейін 1000 шақырым, ал 43 секунд өткен соң Феликс алғаш рет адам баласының ешқандай механикалық құралсыз дыбыс жылдамдығынан да асып түсетін жылдамдыққа жете алатынын дәлелдеген.

Ол дыбыс жылдамдығынан (343 м/сек) асып түсетін жылдамдықпен Жерге құлдилаған.  Әлемде болмаған оқиғаны 10 миллион адам тікелей эфирде тамашалаған.