Азамат Есқараев тексеріс жүріп жатқанын, мәселені қарастыруға дайын екенін атап өтті.
"Айканың тізімі": Әділет министрі жеке деректердің жарияланып кетуіне қатысты пікір білдірді
фото: Halyq Uni
983
оқылды

Әділет министрі Азамат Есқараев «Айканың тізіміне» қатысты пікір білдіріп, қазақстандықтардың жеке мәліметі жарияланып кеткені үшін жазаны күшейту мәселесін қарастыруға дайын екенін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz Halyq Uni-не сілтеме жасап.

Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында журналистердің бірі Әділет министріне: "ІІМ қоғамның наразылығын тудырған істерде қазақстандықтардың жеке мәліметін жариялап жібереді. Мысалы, қоғамда қызу талқыланған "Айканың тізімін" алайықшы. Онда қыздар мен клиенттердің деректері жарияланды. Мұндай жағдай жиі болып тұрады. Мұнымен қалай күресуге болады? Себебі оның салдарын қазақстандықтар тартып отыр. Адамның жеке мәліметін жариялағаны үшін жазаны күшейту керек пе?" – деп сауал жолдады.

Азамат Есқараев тексеріс жүріп жатқанын, мәселені қарастыруға дайын екенін атап өтті.

"Менің білуімше, бұқаралық ақпарат құралдарында тиісті тексеріс жүріп жатқаны туралы ақпарат жарияланды. Сондықтан тексерістің қорытындысын күту керек. Менің түсінуімше, ІІМ тиісті тексеріс жүргізіп жатса, олар да бұл мәселеге алаңдап отыр деген сөз. Жазаны күшейту бойынша мәселені зерделеу керек шығар. Бұл мәселені қарастыруға болады", – деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ журналист «Сіздің ойыңызша, елімізде мұндай қызметті (жезөкшелік – авт.) заңдастыру бола ма?» деп сауалын нақтылады.

Министр сұраққа ойланып жауап берді.

"Енді (жезөкшелікті – авт.) заңдастыруға тоқталайын. Мұндай мәселені қарастырып жатқан жоқпыз", – деді Азамат Есқараев.