Мәдениет саласы – қоғамның рухани дамуындағы негізгі бағыт.
Биыл мәдениет саласында қандай елеулі оқиғалар болды?
Akorda.kz
2,116
оқылды

Биыл елімізде мәдениет саласы бойынша бірқатар ілкімді жұмыс істелді. Әдебиетте, кинода, музыкада жеткен жетістігіміз, бағындырған белесіміз көп болды. Ендеше биыл отандық мәдениетте орын алған елеулі оқиғаларға тоқталып, шолу жасағанды жөн көріп отырмыз.

 

Бейбарыс Сұлтанның дүниеге келгеніне 800 жыл толды

Жыл басында түбі бір түркі әлеміне ортақ тұлға, қайраткер, ел басқарған әмірші Бейбарыс Сұлтанның 800 жылдығына арналған ғылыми конференция өтті. Оған отандық және шетелдік ғалымдар қатысты. Халықаралық ғылыми конференцияда ғалымдар тарихи тұлға жайлы өз білгенін айтып, істеген істері мен жүрген жолына шолу жасады. Сарапшылар Бейбарыс Сұлтанның мұраларын ғылыми айналымға енгізу мәселесін де талқылады. Оның әлемдік саяси байланыстағы дипломатиялық, бітімгерлік қырына баса мән беріп, өзі билік құрған уақыт үшін атқарған ірі мәселелерді ортаға салып, ой қозғады.

Сонымен қатар Бейбарыс Сұлтан мешіті қайта ашылды. Ұзақ жылдар бойы жүргізілген жөндеу жұмысынан кейін Мысыр астанасы Каир қаласындағы тарихи нысан жұртшылықтың игілігіне берілді. Тарихи сәтке куә болмақ ниетпен ата жұрттан Сенат төрағасы бастаған делегация арнайы барды. Конференция барысында «Бейбарыс араб және түрік сұлтаны» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

Қазақ хандығының Еуропадағы көне картасы табылды

Еуропа тұрғындарының назарына Қазақ хандығының көне картасы ұсынылды. Зерттеушілердің пікірінше, тарихи құжат 15-19 ғасырларды қамтыған. Бұл Қазақстан үшін мәдениет пен тарих саласындағы ең үлкен жаңалық болды. Себебі мыңнан астам еуропалық және америкалық көне карталарда қазақ мемлекеті көрсетілген. Мұны ғалым Мұхит-Ардагер Сыдықназаров әлемнің әр түкпірінен, Еуропаның кітапханаларынан жинаған екен. Қазақ хандығы жайлы алғаш атласта көрсеткен бельгиялық, нидерландық картографтардың құрметіне Брюссельде тарихи кітап та жарық көрді.

Заманауи зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаров:

- Еуропалық ортағасырлық карталарда Тартария, жалпы Тартари деп түркітілдес, түркінәсілдес халықтар белгіленген. Мәселен, картада белгіленген Қассақи тартари дегеніміз – Қазақ түріктері мемлекеті, Ногая тартари дегеніміз – ноғай түріктері мемлекеті. Сондай-ақ Ұлы Тартария мекені деп осы Еуразия кеңістігін айтқан. Бұл мемлекетіміздің төлқұжаты, – деді.

Ғалымның сөзінше, Қазақ хандығының 1465 жылы құрылғаны туралы деректер АҚШ, Бельгия, Ұлыбритания, Франция, Италия және Германияның әлемдік картографиялық баспалары әзірлеген атласта көрсетілген. 130 көне картадан тұратын атлас кітабы тарихи экспозицияны ұйымдастыруға сеп болды.

Қазақ пианисі халықаралық байқауда жеңімпаз атанды

Қазақстандық жас пианист Бекзат Рақымов Ресейде Владимир Крайнев атындағы бесінші халықаралық байқаудың бас жеңімпазы атанды. Екі жылда бір рет ұйымдастырылатын жарыста 8-22 жас аралығындағы жүздеген музыкант бақ сынаған. Ахмет Жұбанов атындағы республикалық қазақ музыкалық мектебінің талантты шәкірті кәсіби шеберлерден кем түспеді. Көбіне ырғақты әуендерді орындайтын жас пианист әлемдік байқауда ел мерейін үстем етіп, гран-при иеленді.

 

Отандық әртістер туралы Лондонда деректі фильм көрсетілді

Лондонда әлемге әйгілі әпкелі-сіңлілі Нақыпбековалар туралы деректі фильмнің тұсаукесері болып өтті. Көркем туынды классикалық өнердің қас шеберлері, қазақтың музыкант қыздарының тағдыры туралы сыр шертті. Эльвира, Элеонора және Альфия Нақыпбековалар – әлемдегі ең үздік фортепианолық триолардың бірі. Олар Советтік Қазақстанда, Қарағандыда дүниеге келіп, сол кезеңнен бастап музыкалық білім алған. Мәскеуде консерваторияда оқып, халықаралық байқауларда үздік деп танылған. Шығармашылық еркіндік аңсаған үш қыз батысты бағындыру үшін елден кетіп қалады. Сексенінші жылдардың соңында Лондонда үшеуінің басы бірігеді. Бүгінде шетелде «Бековалар триосы» деген атпен танымал. Фильмде виртуоздардың осы өмір жолы туралы баяндалған.

Тұңғыш рет «Қымыз-fest» фестивалі өтті

Түркия астанасы Анкара қаласында тұңғыш рет «Қымыз-fest» фестивалі өтті. Қазақ этноауылында ұйымдастырылған іс-шараға келген қонақтар ұлттық сусыннан дәм татты. Көпшілікті әсіресе желіге құлын байлау мен бие сауу тәсілі қызықтырды. Түркиялықтардың қымыз сусынынан хабары болғанымен, оның қалай дайындалатынын көбі біле бермейді. ТҮРКСОЙ ұйымы мен Қазақстанның Түркиядағы елшілігі ұйымдастырған қымызмұрындық аясында ұлттық ойындарымыз дәріптелді.

 

«Ұлы дала зары» фильмі халықаралық байқауда бас жүлдеге ие болды

Еуразия фильмдерінің бесінші фестивалінде Марина Қонарованың «Ұлы дала зары» фильмі бас жүлдеге ие болды. Көркем дүние ашаршылық кезінде қазақ халқының басынан өткерген шынайы тарихи оқиғалары туралы сыр шертті. Бұдан бөлек Әбіш Кекілбайұлы шығармасының желісі бойынша түсірілген «Ұйқыдағы арудың оянуы» атты деректі фильмі «Көрермендер көзайымы» номинациясын жеңіп алды. Сонымен қатар қазақстандық киногер Жорабек Мұсабаев «Орыс тіліндегі үздік сценарий» және Саид Әшірбаев «Үздік жас режиссер» аталымдары бойынша марапатталды. 

Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойы аталып өтті

Солтүстік Қазақстанда Алаш қайраткері, ақын Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойы аталып өтті. Ұлы тұлғаның кіндік қаны тамған Сарытомар ауылында өткен мәдени іс-шараға Әзірбайжан, Түркия, Қырғыстан және Ресей мемлекеттерінен қонақтар келді. Сахнада ақындар сөз сайысына түссе, боз кілемде балуандар белдесіп, аламан бәйгеде сәйгүліктер жарысты.

Сасықкөлдің жағасында киіз үйлер тігілді. Ұлы ақынның мейрейтойына арналған ұлан асыр тойға 5 мыңнан астам адам жиналды. Түркітілдес мемлекеттерден Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығын зерттеп жүрген ғалымдар да арнайы келді.

Витебсктен бас жүлдемен оралды

Беларусь елінде балалар арасында өткен «Витебск» ән байқауында қазақстандық Шерхан Арыстан Гран-при жеңімпазы атанды. Екі кезеңнен тұратын байқауда 12 жастағы қазақ баласының вокалдық қабілеті мен күміс көмей даусы көпшілікті тәнті етті.

Үздік әдеби сыйлықтың жеңімпазы анықталды

«Меценат» әдеби сыйлығының жеңімпазы белгілі болды. Екінші мәрте өткен байқауға 58 роман ұсынылған. Соның алтауы кәсіби іріктеуден өтті. Шешуші кезеңде оқырман қауым онлайн дауыс берді. Нәтижесінде, жазушы Тұрысбек Сәукетай 800-ден астам ұпаймен «Өлгендер қайтып келеді» атты фантастика жанрындағы туындымен топ жарды. Автордың сөзінше, бұл – «Мен – жындымын» деген әжуа аралас мұңлы романының екінші бөлімі. Әдеби сыйлықтың ерекшелігі сол, жазушы енді өмір бойы ай сайын 500 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алып отырады.

«Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі кинотеатрларда көрсетілді

Ақын, жазушы, Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының өміріне қатысты түсірілген фильм отандық кинопрокатта бой көрсетіп, көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы түсірген «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясының негізіндегі толықметражды көркем туынды биыл көрерменге жол тартты. Режиссері – Мұрат Есжан. Фильмде ақынның 1909-1935 жылдардағы өмір кезеңі қамтылды. Фильм телехикая ретінде былтыр Қазақстан Ұлттық арнасының эфирінен көрсетіліп, жұртшылықтың қызығушылығына ие болды. Ал биыл «Nauryz» ұлттық телесериалдар байқауында «Үздік сериал» атанды.

Әкім Тарази 90 жасқа толды

«Толғауы тоқсан Тарази» деген атаумен Астанада шығармашылық кеш өтті. Аталған іс-шара жазушы, драматург, киносценарист, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Таразидың 90 жасқа толған мерейтойына байланысты ұйымдастырылды.

Мұрат Әуезов 80 жасқа толды

Биыл асылдың тұяғы Мұрат Мұхтарұлы Әуезов 80 жасқа толды. Алғаш болып қазақтың салт-дәстүрін зерттеген мәдениеттанушы-ғалымның мерейтойына орай Астанада «Қазіргі замандағы ұлттық бірегейлікті сақтаудың өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиында ғалымның жүріп өткен жолы мен еңбектері туралы айтылды. Сонымен бірге келушілер «Дәуірдің дара тұлғасы» атты Мұрат Әуезовтің кітап көрмесін тамашалады. Конференцияға Ресей, Қырғызстан, Белорусь елінің өкілдері қатысты.

Нью-Йорк пен Бостонда басылған қазақтар жайлы кітап табылды

Америкадан мәдениет саласына қатысты қуанышты жаңалық келді. Себебі АҚШ-тағы кітапханадан «Алдар көсенің сиқырлы тоны» атты ертегісі табылды. Ағылшын тіліне аударылған бұл туынды 1961 жылы баспадан шыққан Әлем ертегілерінің антологиясына енген. Ал 1925 жылы Нью-Йорк пен Бостон қаласында басылған ағылшын тіліндегі кітапта қазақтар туралы дерек көп. Мәселен, 1967 жылы жарық көрген кітапта Міржақып Дулатұлы секілді тарихи тұлғалардың суреті жарияланған. Сонымен қатар Есет Көтібарұлы жайлы да түсініктеме берілген. Мұны журналист, ақын, АҚШ-та білім алып жатқан Дүйсенәлі Әлімақын тауып, оқып, отандық БАҚ-қа бірнеше рет пікір берді.

Халық жазушысы мен халық әртісі марапатталды

Биылдан бастап құрметті марапаттар қатарына енген «Қазақстанның халық жазушысы» және «Қазақстанның халық әртісі» атақтары иегерлеріне табысталды. Т.Әбдікұлы, С.Елубаев, Б.Нұржекеев, С.Сматаев, А.Аширов және Л.Шашкова «Қазақстанның халық жазушысы» атағын иеленді. «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы еліміздің көрнекті мәдениет қайраткерлері, театр және кино актерлері Д.Ахимовқа, М.Токарев пен Д.Ақмолдаға, опера әншілері Ш.Әбілов пен Т.Күзенбаевқа, атақты әншілер Р.Стамғазиевке, Д.Құдайбергенге және күйші А.Үлкенбаеваға берілді.

 

Фото: Akorda.kz