Жердің табиғи серігіне әлемнің бірнеше елі өздерінің ғарышкерлерін жіберіп, тұрақты станциялар салуға дайындық жасауда. Жақын жылдары АҚШ-тың Айға бірнеше миссиясы жоспарланған. Ресей мен Қытай да өздерінің экспедицияларын дайындауда.
Айдан Жерге өте қымбат газ тасымалданады
Фото Reuters сайтынан алынды. Авторы: NASA
5,008
оқылды

Кеше bgr.com сайты Америка Құрама Штаттары мен Жапония арасында болашақ миссияға жапондық астронавты қосу туралы келіссөздер жүргізіп жатқанын жазды. Екі елдің арасындағы серіктестікті нығайтуға бағытталған шешімнің астарын Aikyn.kz түсіндіреді.

Фото iStock сайтынан алынды

Artemis миссиялары үшін Boeing компаниясының SLS зымыран тасығышы мен Lockheed Martin компаниясы жасаған Orion ғарыш кемесі таңдалған. Жерден ғарышқа 1 кг материалды көтеруге 10 мың доллар жұмсалады. NASA Artemis бағдарламасының шығындарын 93 миллиард доллар деп бағалауда.

SLS зымыран тасығышы мен оның ішіне салынған Orion ғарыш кемесін Жерден бір рет ұшыруға 4,1 миллиард доллар қажет. Әрбір жұмсалған доллардан мол табыс табуды мақсат ететін АҚШ бұл шығындардың орнын қалай толтырмақ?

Айдың бетіндегі борпылдақ топырақ қабатын реголит  деп атайды. NASA мәліметтері бойынша, оның құрамында 43% оттегі, 5% су, 5% метан, аммиак, сутегі, көмірқышқыл газы сияқты ұшқыш заттар бар. 

Иллюстрация ixbt.com сайтынан алынды

Ай реголитінде гелий-3 және гелий-4 көп. Бұл гелий изотоптары миллиардтаған жылдар бойы Айдың жұқа беткі қабатында жинақталған. Бір тонна реголитте шамамен 0,01 г гелий-3 бар. Оны термоядролық реакторларда отын ретінде пайдалануға болады. Ол жер бетінде сирек кездеседі және бір килограммы 16,6 миллион доллар тұратын қымбат газ. 

Иллюстрация habr.com сайтынан алынды

Қазірдің өзінде 2028 жылға дейін 300 кг гелий изотопын Жерге жеткізу жоспарлары бар. Ғалымдар Айдың беткі қабатында 500 мыңнан 10 миллион тоннаға дейін гелий-3 бар деп болжауда.

Реголиттерді өңдеу және гелий-3 шығару жобаларын Үндістан мен Қытай ғалымдары ғана емес, АҚШ-та да әзірлеуде. Міне, Айды колонияға айналдыру мақсатында Қытай, АҚШ, Үндістан мен Ресей сияқты ірі мемлекеттердің арасындағы бәсеке Жердің серігіне деген қарапайым қызығушылық емес, осындай экономикалық себептермен түсіндіріледі.

Иллюстрация 3dnews.ru сайтынан алынды. Авторы: SCMP

World Security Network басылымының мәліметі бойынша, Айда 1 тонна гелий-3 өндіру құны 3 миллиард доллар болуы мүмкін.

Бұл экономикалық жағынан тиімді саналады. Гелий өндірісі үшін Айда инфрақұрылым салу қажет, ол үлкен қаржыны қажет етеді. АҚШ ғалымдарының айтуынша, мұндай инфрақұрылымның жалпы құны кемінде 20 миллиард долларды құрайды, ал жобаның ұзақтығы 20 жылдан кем болмауы керек.

Artemis болашақ миссиясының ұшу траекториясы. Фото NASA сайтынан алынды

АҚШ-тың Айды игеруге байланысты жоспарларының жылдам жүргізілуінің осындай экономикалық себебі бар. Соңғы бірнеше айда Artemis болашақ миссиясының құрамына шетелдік астронавты қосу туралы ақпарат америкалық ресми органдардың өкілдері тарапынан естіле бастады.

Америкалық дереккөздер The Japan Times газетіне екі елдің арасында келісім жасалатынын, жапон астронавты Ай бетіне қонатын айда Artemis миссиясының бортында болуы мүмкін екенін айтқан. Қазіргі уақытта NASA алғашқы америкалық астронавтарды 2025 жылы Artemis III миссиясы арқылы Ай бетіне қондыруды жоспарлап отыр.

Өткен аптада АҚШ вице-президенті Камала Харрис те 2029 жылға қарай Artemis миссиясының құрамына шетелдік астронавты қосуға ниеттері бар екенін растаған. Енді бұл астронавт тұңғыш Айға қонатын жапон астронавты болуы мүмкін екенін белгілі болды. Бұл келісім Жапонияға ғарышты зерттеу бойынша үлкен серпіліс береді деп күтілуде.

Осы ғарыш кемесі Айға адам қондырады. Фото NASA сайтынан алынды

Жапон ғарыш агенттігі JAXA мен NASA арасындағы серіктестіктің қаншалықты тығыз болғанын ескерсек, бұл жобаның да сәтті болу ықтималдығы жоғары деп бағалауға болады.

Жапония премьер-министрі Фумио Кишида да Жапония мен АҚШ келіссөздерді жедел жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жапония NASA-ның басқа жобаларына да, соның ішінде Айдың орбитасында арнайы аванпостар (ғарыштық модульдер) жасауға да қатысуы мүмкін. Бұл келісімдер нақты нәтиже берсе, онда 2024 жылы Жапония Айға жіберетін өзінің бірінші астронавтын таңдай бастайды. 

 

NASA-ның келесі Artemis II миссиясы Orion ғарыш кемесімен Айды айналып ұшуға АҚШ пен Канададан төрт астронавт  таңдады.

Бұл миссия 2024 жылдың қарашасына жоспарланған. Ал 2028 жылдан бастап NASA Айға жыл сайын сапарлар жіберуге үміттенеді.

2026-2030 жылдары Ресей мен Қытай Айда халықаралық станция салуды жоспарлап отыр. Үндістан 2023 жылдың 23-ші тамызында Чандраян-3 миссиясын Айдың бетіне сәтіт қондырып, зерттеулер жүргізді.