Тәуелсіздік алғалы елімізге 1 млн 200 мыңнан астам қазақ көшіп келді.
Атамекеніне орала алмай жүрген 4 миллион қандас бар
2,534
оқылды

Мәжіліс депутаты, AMANAT фракциясының мүшесі Болат Керімбек елге көшіп келе алмай жатқан қандастардың мәселесін көтеріп, олардың жай-күйіне алаңдаушылық білдіріп, Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады.

Кеше ғана халқымыздың саны 20 миллионға жетті деп жаһанға жар салдық. Қуандық. Төбеміз көкке жетті. Осы жетістікке жетуге елге қайта қоныс аударған қандастарымыздың қосқан үлесі аз емес. Тәуелсіздік алғалы елімізге 1 млн 200 мыңнан астам қазақ көшіп келді. Қазір олардың орташа есеппен саны 4 млн-ға жуықтады. Ал әлі қаншама қандасымыз атамекеніне орала алмай жүр. Бүгінгі күні шет елдерде тұратын қазақтардың саны ресми статистика бойынша 3,5-4 млн, ал бейресми деректер бойынша 7 млн-ға жетті.

Шетелдегі қазақтар ұлттық дәстүрден, салт-санадан қол үзіп, мәдени-рухани дүниемізден ажырап бара жатқандығы ащы шындық, яғни олар ассимиляцияға ұшырауда. Олардың қазақ ретінде тек Қазақстанға керек екені белгілі.  Осы ретте, шетелдегі қандастарымызбен әлеуметтік-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, білім алу байланыстарды күшейту керек екенін атап өткім келеді.

Жалпы, осы бағытта Үкімет тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дегенмен, ол жұмысты әлі күшейтуді қажет етеді. Осы жылғы қазан айында Сыртқы істер министрлігі шетелдегі этникалық қазақтардың басын біріктіріп, Отандастар форумын өткізді. Аталған Форумға алыс, жақын шет елдерден түрлі салада жетістікке жеткен беделді де белсенді 200-ге жуық қандасымыз келді.

Мәжіліс пен Сенаттың бірқатар депутаттары Мәжілісте Форумның делегаттарымен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдады.  Біріншіден, мемлекеттік квота негізінде қандастарға бөлінетін білім гранттарының тиімді игерілмеуі мәселесі. Қазір мемлекет тарапынан бөлінген гранттардың төрттен бірі ғана игеріліп жатыр, яғни бар болғаны 25%-ы. Оның басты себебі – қазақстандық түлектерге арналған 11 жылдық оқу бағдарламасы негізінде әзірленген Ұлттық Бірыңғай Тест жүйесін қандастар аз уақытта игеріп үлгермеуіне байланысты ҰБТ тапсыру оларға қиынға соғады. Сондықтан қандастарды жоғарғы оқу орындарына қабылдау механизмін жеңілдетілген тәртіппен, яғни ҰБТ тапсырудың орнына сұхбаттасу немесе түрлі олимпиада мен конкурстардың нәтижелерімен оқуға қабылдау тетігіне ауыстыру мүмкіндіктерін қарастыру керек.

Екіншіден, қандастардың этникалық қазақ екенін дәлелдеу проблемасы. Түркия, Иран, Пәкістан, Сауд Арабиясы және Еуропа қазақтары үшін өте өзекті мәселе – ол төлқұжаттарында ұлты көрсетілмеуі. Осының салдарынан қандастарымыздың жеңілдетілген виза, азаматтық алу мәселелері қиындап отыр.  Бұл шет елден Атажұртқа келген азаматтардың этникалық қазақ екендігін айқындайтын нормативтік-құқықтық негіздердің болмауын көрсетіп отыр. Қазір ұлтының қазақ екендігін растау үшін қайда жүгінуі керегін сұраған қандастардың қатары көбейді. Бұл үлкен проблема!

Үшіншіден, шетелдегі отандастарымыздың арасында қазақ тілін оқыту,  қазақ мәдени орталықтарын қолдау, дәстүрлерімізбен мәдениетімізді ілгерлету мақсатында Отандастар қорының әлеуетін, материалдық-техникалық, қаржылық базасын еселеп күшейту керек. 

Төртіншіден, шетелден өз бетімен келуші қандастарымызға азаматтық беру мәселесі өзекті болып отыр. Биылғы жылдың сәуір айынан бастап елімізде этникалық қазақтарды қоныстандырудың негізгі 4 бағыты белгіленді: Отбасымен қауышу, жұмыс берушінің шақыруы бойынша; Шағын және моноқалаларда, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларда қоныстандыру үшін;  Үкімет айқындаған көші-қонға басым 6 өңірлерде қоныстандыруды көздейді. Яғни квота бойынша олардың саны жылына 1,5-2 мың төңірегінде.  

Осы ретте айта кету керек Халықтың көші-қоны туралы заңынан өз бетімен көшіп келушілер категориясы алынып тасталды. Осының салдарынан Ұлы көшке үлкен қауіп төнуде.  Бұл аз болғандай, «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 20-бабының 5) тармағы енгізіліп, өңірлік квота берілмейтін облыстар мен қалаларға өз бетімен көшіп келіп, қоныстанғысы келетін этникалық қазақтардың таңдау ҚҰҚЫҒЫН шектеп тастаған. Аталған факторлар жылына өз бетімен елге келіп жатқан 18-20 мың қандастарымыздың легінің күрт төмендеп кетуіне себеп болады.

Кеше ғана Ресей президенті Қазақстан, Беларусь, Молдова азаматтарына Ресей азаматтығын беруді жеңілдетті, тарихи отанына қайту үшін Отандастарына арнайы бағдарлама қабылдады. Ал біз болсақ, керісінше Атамекенге келем деген ағайындарға қолдан кедергі жасап отырмыз. Неге біз ел ішіндегі миграцияны және солтүстік өңірлердегі жұмыс күшінің жетіспеушілігін шетелдегі қандастардың есебінен шешуіміз керек?!!! Ол ішкі мәселе. Сондықтан этникалық көші-қон саясатындағы мемлекеттің ұстанымын қайта қарауымыз қажет есептейміз. Осыған орай, «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 20-бабы 5) тармағын қайта қарауды және Заңға өз бетімен көшіп келушілер санатын қайта қосуды ұсынамыз, – дейді ол.