Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Палата аппаратының жас қызметкерлерімен кездесті.
Мәулен Әшімбаев: Меритократия кез келген еңбекқор азаматтың жетістікке жетуіне жол ашады
1,280
оқылды

Диалог форматында өткен кездесуде қатысушылар Мемлекет басшысының жастарды қолдауға арналған тапсырмаларын іске асыру барысын талқылады және заң шығару қызметі мен Аппараттың жұмысын жетілдіруге қатысты идеяларымен бөлісті.

Палата спикері өз сөзінде жастарды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен кешенді реформалар іске асырылып, стратегиялық бағдарламалар мен мемлекеттік жобалар қолға алынды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың реформаларының негізгі мақсаты – Қазақстанды әділетті, демократиялық және инклюзивті мемлекет ретінде қалыптастыру. Бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Президенттік жастар кадрлық резерві жасақталып, талантты, білімді, білікті жастарға мемлекеттік қызметке келудің жаңа бір жолы ашылды. Мәжіліс және мәслихат депутаттарының қатарында жастардың болуын қамтамасыз ететін нормалар да қабылданды. Осы ретте Сенаттың заң шығару қызметіне Аппараттағы жас қызметкерлер де үлкен үлес қосып отырғанын атап өткен жөн», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы мемлекеттік қызмет жүйесін дамыту, бюрократияны азайту және кәсіби біліктілікті арттыру маңызды міндеттердің бірі екенін айтып, бұл ретте меритократия қағидатын кеңінен қолдану қажеттігіне назар аударды.

«Меритократия қағидаты кез келген еңбекқор, патриот азаматтың өз саласында өсуіне жол ашады. Бұл бағытта Сенат Аппаратында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Біз жоғары лауазымдарға тағайындау кезінде негізінен іштегі кадрларға басымдық береміз. Мемлекеттік қызмет жас маманға кәсіби деңгейде өсуге мол мүмкіндіктер береді. Осы жердегі жинаған тәжірибелеріңіз бен алған білімдеріңіз алдағы уақытта қайраткер тұлға болып қалыптасуларыңа үлкен септігін тигізеді деп сенемін», – деді Палата спикері.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев белсенді жастарды қолдауға арналған, волонтерлік негізде жұмыс істейтін Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубы мен Талдау мектебінің қызметіне де назар аударды. Айта кетейік, алдағы қаңтар айының ортасында Талдау мектебінің үшінші кезеңі басталады.

Кездесу барысында жас мемлекеттік қызметшілер де өз пікірлерін білдіріп, қолға алынған жобаларды іске асыруға және Аппарат жұмысының тиімділігін арттыруға қатысты идеялары мен ұсыныстарын айтты.