Жер сілкінісінің салдарына байланысты Исикава, Ниигата және басқа аудандардың 60 мыңға жуық тұрғыны эвакуацияланды.
Жапонияда жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 60-тан асты
Фото: EPA
1,507
оқылды

Жапонияда болған күшті жер сілкінісі салдарынан қаза тапқан құрбандар саны 62-ге жетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz 47 News порталына сілтеме жасап. 

Жергілікті билік жариялаған мәліметке сәйкес 100-ден астам адам түрлі жарақатпен ауруханаларға жеткізілген. 

«Құрбандар мен зардап шеккендердің көпшілігі – әлі де жалғасып жатқан жер сілкінісінің ошағында орналасқан Исикава префектурасының тұрғындары. Онда жер сілкінісінен туындаған көптеген өрттен 200-ден астам тұрғын үй жанып кетті, сондай-ақ 100-ден астам ғимарат жерасты дүмпуінен қирап қалды», – делінген хабарламада.

Апат болған жерге аттанған құтқарушылар, төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері мен елдің өзін-өзі қорғау күштерінің сарбаздары үйінділерді тазарту және оқиға орнында адамдарды іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Сәрсенбі күні зардап шеккен аймақтарда таңнан бері жаңбыр жауып тұр.

Жер сілкінісінің салдарына байланысты Исикава, Ниигата және басқа аудандардың 60 мыңға жуық тұрғыны эвакуацияланды. 33 мыңнан астам үй жарықсыз қалып, зардап шеккен аймақтарда интернет пен ұялы байланыс үзілген. Кейбір ауылдарда ауыз су жоқ.

Айта кетейік, 1 қаңтарда Жапонияда 7,6 баллдық жер сілкінісі болған еді.