АЭС құрылысына қатысты мәселе жалпыхалықтық референдум арқылы шешіледі.
Елімізде АЭС салу мәселесін халық шешеді – Қасым-Жомарт Тоқаев
895
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан газетіне берген сұхбатында Қазақстанда АЭС салу мәселесіне қатысты өз пікірін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz

«Қазақстан үшін таза атом энергиясының мәні зор. Бұл – ел экономикасының болашағына тікелей әсер ететін айрықша маңызды мәселе. Біз табиғи уран өндіру көлемі жағынан әлемде бірінші орын аламыз. Ядролық отын компоненттерін де өзіміз өндіреміз. Сол себепті мен еліміздің аумағында АЭС салу жайына айрықша мән беремін. Түптеп келгенде, энергетика қауіпсіздігі мәселесін геосаяси мүдде емес, нақты қажеттілік пен мүмкіндіктер тұрғысынан қарастырып, ғылыми зерттеулер негізінде шешкен жөн.

Ел ішінде АЭС құрылысына үзілді-кесілді қарсылық білдіріп жатқандар да бар. Бұл – түсінікті жайт. Көпшілік Семей ядролық полигонының қасіретін ұмыта қойған жоқ. Мұқият назар аударуды қажет ететін басқа да күрделі жайттар бар», – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы бұл жобаның құны мен экологияға әсерін қаперден шығаруға болмайтынына да тоқталып өтті. 

«Сондықтан бұл бастаманың мән-маңызын ескере отырып, АЭС құрылысына қатысты мәселені жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсындым. Халқымыз үшін аса маңызды осындай шешімдердің референдум арқылы ғана қабылданатыны 2019 жылғы сайлау алдындағы бағдарламамда нақты көрсетілді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Әділетті Қазақстан қағидаттарының іс жүзінде орындалуы дегеніміз – осы.

Болашақта әлі талай қоғамдық талқылау өткізіледі. Азаматтар референдумда дауыс берген кезде АЭС салуды жақтаған немесе қарсы болған сарапшылардың дәйекті пікірлерін барынша таразылап, ой елегінен өткізіп барып шешім қабылдауға тиіс. АЭС саламыз ба, салмаймыз ба – мұны халық шешеді», – дейді Президент.