Ит шабуылды бірден сезіп, иесін өз денесімен қалқалаған.
Алматыда ер адам иесін қорғамақ болған итке пышақ сұғып алды
948
оқылды

Алматыда белгісіз ер адам көшеде итімен жүрген тұрғынға темекі бермегені үшін пышақпен шабуыл жасаған. Ит иесін қорғамақ болып пышақ жарақатынан өлді, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Бұл туралы Әлия есімді желі қолданушысы Facebook-тағы парақшасына жазды.

– Шабуылдаушы иттің иесін балағаттап, өлтіремін деп қорқытқан. Алайда жәбірленуші оған мән бермей, үйге қарай бет алады. Кіреберісте әлгі адам оны қуып жетіп, пышағын шығарып, өлтірмек болған. Сол сәтте ит шабуылды бірден сезіп, иесін қорғап, денесімен қалқалайды. Осылайша пышақты итке тығып алған. Ал қаскөй бірден оқиға орнынан қашып кеткен. Жануардың денесі сараптама үшін емханаға жіберілді, – деп жазды желі қолданушысы.

Аталған оқиғаға қатысты Алматы қалалық Полиция департаменті түсінік берді.

«Күдікті 36 жастағы Б. есімді азамат ұсталды. Өз кезегінде ол иттің иесі екеуінің арасында туындаған жанжал кезінде иттің иесі оның тұмылдырығын алып, өзіне қарсы жібергенін айтты. Күдікті өзін қорғауға мәжбүр болғанын түсіндірді. Аталған дерекке байланысты Алмалы аудандық Полиция басқармасы ҚР ҚК-тің 316-бабы 2-бөлігімен («Жануарларға қатыгездікпен қарау») қылмыстық құқықбұзушылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғап жатқанын хабарлайды. Оқиғаның объективті мән-жайлары қосымша тергеу барысында анықталатын болады», – деп мәлімдеді ведомство.