Мәжіліс спикерінің айтуынша, Президент ел болашағы, қоғамымыздың дамуы, Қаңтар оқиғасы, жүргізіліп жатқан реформалар мен ұлттық құндылықтар туралы ойларын ортаға салған.
Президент жаңа саяси маусымды ашып берді – Ерлан Қошанов
1,271
оқылды

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Президенттің «Егемен Қазақстанға» шыққан сұхбатына пікір білдірді.

Мәжіліс спикерінің айтуынша, Президент ел болашағы, қоғамымыздың дамуы, Қаңтар оқиғасы, жүргізіліп жатқан реформалар мен ұлттық құндылықтар туралы ойларын ортаға салған.

«Бүгін бұқаралық ақпарат құралдарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деген кең ауқымды әрі ашық сұхбаты жарияланды.

Президент 2024 жылдың бірінші жұмыс күнінде берген осы сұхбаты арқылы шын мәнінде жаңа саяси маусымды ашып, мемлекет пен қоғамның бірлескен жұмысының жасампаз күн тәртібін белгіледі.

Бұл да – тағы бір жаңа саяси дәстүр.

Сұхбатты оқығанда осы уақыт ішінде байтақ Отанымызда көптеген айтулы оқиғалар орын алғанын, азаматтардың өмірін жақсартуға бағытталған маңызды мемлекеттік шешімдер қабылданғанын терең түйсінесіз. Еліміз алға қарай қарышты қадам басып, түбегейлі реформалар жасалды. Қоғам өзгерді. Адамдардың санасы жаңаруда, құндылықтар өзгеруде.

Журналистпен әңгіме барысында Президент ел болашағы, қоғамымыздың дамуы, Қаңтар оқиғасы, жүргізіліп жатқан реформалар мен ұлттық құндылықтар туралы ойларын ортаға салды.

Бұдан тура екі жыл бұрын осы күндері біз жантүршігерлік оқиғаны бастан өткердік. Әкімдіктерге, құқық қорғау органдарының ғимараттарына, қару-жарақ қоймаларына шабуылдар жасалып, бұқаралық ақпарат құралдарын, әуежайларды басып алу оқиғалары орын алды. Мұның бәрі – нағыз мемлекеттік төңкерістің ортақ белгілері.

Сол бір қиын-қыстау кезеңде Президенттің күрделі де тағдыршешті шешімдердің қабылданғанына жанында болған азаматтар тікелей куә болдық. Қасым-Жомарт Кемелұлы өзіне төнген қауіп-қатер мен қысымға қарамастан, жұмыс орнынан кетпей, өңірлермен тәулік бойы байланыста болып, сағат сайын Жедел штаб отырысын өткізіп отырды.

Сол түні Президент Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысын өз қолына алып, оның арнайы отырысын өткізді.

Президенттің сын сағатта табандылық танытып, биліктің құламайтынын және өзінің елден ешқайда да кетпейтінін мәлімдеуі халықтың көкірегіне үлкен сенім ұялатты. Осыны көрген қаскөй төңкеріс жасаушылардың беті қайтып, кері шегінуге мәжбүр болды.

Мемлекет басшысының батылдығы, табандылығы мен мықты ерік-жігері мемлекеттілікті сақтауға және тәртіпті қалпына келтіруге мүмкіндік берді деп толық сеніммен айта аламыз. Сол бір қиын-қыстау күндерде жасаған батыл әрекеті үшін халқымыз Президентке күні бүгінге дейін ризашылығын білдіреді. Депутаттар өңірлерге барған сайын осыған куә болып жүр.

Қоғамда көптен бері айтылып та, талқыланып та жүрген түйткілдің бірі – қос билік мәселесі. Мемлекет басшысы бұл мәселеге қатысты да нақты әрі ашық жауап берді.

Президент Әкімшілігіндегі жұмыс барысында шенеуніктердің екі жаққа жалтақтап, кабинеттер арасында шабылып жүруі басқару моделіндегі осалдықты байқатты.

Қоғам ескі жүйенің билікті өз қолына шоғырландырып, мейлінше одан айрылғысы келмейтініне куә болды. Сол уақытта бүкіл саяси-құқықтық жүйенің жұмысы осыған бағытталған болатын.

Бірақ бір елде екі басқарушының болмайтыны анық. Бұл – басқарудағы дағдарыс пен биліктің дисбалансына апаратын қатерлі жол. Мұны кейіннен орын алған Қаңтар оқиғасы нақты дәлелдеді.

Бүгінде елімізде барлық шешімді халық сайлаған Президент қабылдайды. Бұл тұрақтылық пен дамудың кепілі болып отыр.

Президент Қаңтар оқиғасы саяси реформаларды жүзеге асыруды жеделдеткенін ерекше атап өтті. Қасым-Жомарт Кемелұлы үлкен өзгерістерді, ең алдымен, өзінен және жанындағы саяси элитадан бастады.

Басты саяси жаңалықтардың бірі – Президенттің жеті жылдық бір мерзімге сайлануы. Бір Президент – бір мерзім қағидаты Конституциямызда шегеленіп, ел тәуелсіздігіне пара-пар мызғымас нормаға айналды. Бұл болашақта күштің бір қолға шоғырлануына қарсы нағыз «вакцинация» деуге болады. Бұл түбегейлі шешім – Президенттің саяси реформаларын сөзбен емес, іспен шегендеудің айқын көрінісі. Мұндай өзгерістер әлемдегі дамыған елдердің өзінде де ғасырларға созылғанын білеміз.

Реформалардың негізгі нәтижелерінің бірі – жаңартылған Мәжіліс. Бүгінде бұл палата саяси көзқарастардың кең ауқымын білдіреді. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» моделі толықтай іске асырылды деп айтуға негіз бар. Мысалы, Мәжілістегі көпшілік орынға ие болған «АМАNАТ» партиясы Мемлекет басшысымен кеңесе келе алғаш рет Премьер-министрлікке өз кандидатурасын ұсынды.

Мәжіліс қабырғасындағы әрбір Заң мен негізгі шешімдер Қоғаммен бірлесе қабылданады.

Жаңартылған Мәжіліс, ең алдымен, заңсыз иемденген активтерді мемлекет меншігіне қайтару туралы заңды қабылдады. Халық арасында кеңінен талқыланған бұл заң Президент ұйытқы болған әлеуметтік әділеттілікті орнату бойынша қоғамның басты талабына лайықты жауап болды.

Мемлекет басшысы қоғамның түйткілді мәселелерін үнемі назарда ұстайды. 2019 жылы Президент ретінде қабылданған алғашқы шешімдердің бірі қиын жағдайға тап болған азаматтардың қаржылық тәуелділігін, қарызын азайту болды. Бұл маңызды мәселе Қасым-Жомарт Кемелұлын үнемі толғандырады. Президенттің тікелей тапсырмасымен депутаттар халықтың қарыз жүктемесін азайтуға бағытталған заң жобасына бастамашы болып отыр.

Президент өз сұхбатында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік принципін ұстануға тоқталды. Бұл қазіргі қоғамдағы әлеуметтік дерт екені анық. Осы ретте, депутаттар тарапынан мұндай қылмыс үшін жазаны одан әрі қатаңдату мәселелері заңмен қайта пысықталуда.

Президент жылу орталығы (ТЭЦ) мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бүгінгі мүшкіл жағдайы туралы да ащы шындықты айтты. Бұл проблемалар ұзақ уақыт айтылмады, жабулы қазан күйінде қалып отырды. Жасыратыны жоқ, 30 жыл ішінде елімізде бірде-бір жылу энергия орталығы салынбады. Енді Үкімет пен әкімдер бұл мәселелерді кезең-кезеңімен шешетін болады. Еліміздің әртүрлі қалаларында 3 жылу энергия орталығын салу жоспарлануда. Қомақты инвестиция құйылып, жаңа мамандар даярланады.

Бұл сұхбатында Қасым-Жомарт Кемелұлы ел мен қоғамның дамуына қажетті құндылықтарға да ерекше тоқталды. Елдік мақсатта артқа алаңдамай, ұзақ мерзімді мақсаттарды басшылыққа ала отырып, алға ұмтылу маңызды екеніне басты назар аударды.

Яғни, біз өткенімізбен ғана мақтанып, өзіміз ештеңе істемей, жетістікке жете алмайтынымыз хақ. Бұл – қоғамды тығырыққа тірейтін алдамшы түсінік.

Жаһандық бәсеке жағдайында біз заманауи технологиялары өркендеген, жасанды интеллект енгізілген озық елдер мен дамыған қоғамдарға қарап бой түзеуіміз керек. Ол үшін еңбекқорлық, білімге ұмтылу, прагматизм, кәсіпқойлық, іскерлік, бастамашылық сияқты құндылықтарды бекем ұстанған мемлекетке айналуға тиіспіз.

Мемлекет басшысы сұхбатының «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деп аталуының өзі алдымызда ауқымды мақсат тұрғанын аңғартады.

Президент сұхбатындағы басты ой – елде қоғамның қатысуынсыз ешбір оң өзгерістің болуы мүмкін еместігі. Мемлекет басшысы айтқандай, азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен белсенділігі – демократиялық өзгерістердің басты кепілі.

Ұлағатты ұлттық құндылықтар аясында ұйысқан халық ешқашан кері кетпей, әрдайым нық сеніммен алға ұмтыла бермек», – деп жазды ол әлеуметтік желіде.