Ақтөбеде жастар төбелесті.
Instagram-дағы ұрыс-керіс соңы төбелеске ұласып, екі студент қыршын кетті
1,349
оқылды

Ұрыс Instagram-дағы кикілжіңнен басталған.  Қос тарап түн жарымында бетпе-бет кездесіп, бір-біріне пышақ салған. Кәмелетке толмаған екі студент қыршын кетіп, тағы екеуін жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізген. Бұл туралы Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қанды қылмысқа қатысы бар алты жігіт қамауға алынды. 

Қанды оқиға Ақтөбе іргесіндегі Қызылжар ауылына кіреберістегі дүкеннің алдында болған. 

Түн ауғанда он шақты жігіт осы жерге жиналып алып төбелесіп, бір-біріне пышақ салған. Мұзды қардың үстіне тамған қан ізі оқиға орнында анық көрініп жатыр. Пышақ тиген бозбаланың бірінің қансырап сүйретілгенін де байқауға болады. Екі жақ болып жұдырықтасқан соң қарсы тарап төрт жігітке пышақ сұққан. Қыршын кеткен студенттің бірінің көк тамырына тиіп, жүрегін жарақаттаған. Екіншісінің де көктамырына тиген пышақтан қан көп кетіп, есін жия алмапты. Жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізгенмен, дәрігерлер аман алып қала алмады. 

Ақтөбе облысы ауруханасының бөлім меңгерушісі Жазылбек Әбдин: «Жүрек жарақатымен науқасқа жедел түрде ота жасалды. Ота кезінде 2-3 сағаттан кейін геморроид шоктан қайтыс болды. Күре қан тамыры жарақаттанған науқас клиникалық өліммен келіп түскен. Ота басталмай жатып, геморроид шоктан екі науқас та қайтыс болды», – деді. 

Жаппай төбелесте жарақат алған басқа екі жас аман. Бірінің кеуде тұсынан пышақ тіліп өткен. Екіншісінің иығына тиіпті. Марқұм болғандар жергілікті колледжде оқыған. Мұғалімдері олардың оқуда озат, спортпен кәсіби шұғылданғанын айтып отыр. Оқытушылары да қанды оқиғаны түн жарымында естіпті. 

Ақтөбе индустриалды-кәсіптік колледж директорының орынбасары Сәнімгүл Жақыпова: «Түнде естіп бөлімшеге  бардық. Біздің студент екенін білдік. Жай түскендей болды. Оңай емес. Сіздерге жауап беру де оңай болып тұрған жоқ, ауыр қайғы», – дейді. 

Тәртіп сақшылары жастар арасындағы кикілжіңнің әлеуметтік желіде басталғанын айтады. Олар Instagram-да сөзге келіп, түн жарымында кездесуге уағдаласқан. 

Дүкен алдында ақыры пышақтасып, қазір қылмысқа қатысы бар алты жігіт қамауға алынды. Арасында студенттерден бөлек, жақында әскерден келгені де бар. 

Ақтөбе облысы прокурорының көмекшісі Жандарбек Спан: «ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 1, 9, 14-тармақтары бойынша қылмыстық іс тіркелді. Алдын ала деректер бойынша, 2 қаңтар, 2024 жылы Instagram-да кәмелетке толмағандар арасында жанжал туындап, оның нәтижесінде бір кәмелетке толмаған бала дүкеннің жанында кездесуді ұсынған», – деді. 

Қос қыршынның сүйегін мәйітханадан үйіне жеткізді. Ал алты күдіктіге тағылған айып та ауыр. Тәртіп сақшыларының айтуынша, адам өліміне әкелуге себеп болған әлеуметтік желідегі даудың да кесірі тиді.